Түрмеде түнеген тентек
Сыныптастарымен бітіру кешіне асыққан Дархан аяқ киімінің бауын байламастан асығыс сыртқа жүгірді. Есік алдында оны көршісі әрі мектептегі парталасы Мараттың ұлы Ақәділ тосып тұр. Көшенің шаңына қарамастан екеуі арқа-жарқа әңгіме айтып, мейрамханаға беталды. Дархан жақын арада Алматыдағы медициналық колледж студенті атанатынын досына құлағдар етті. Ал оқуды кейінге қалдырған Ақәділ бір жыл білім жолын қуу үшін қаражат қолбайлау болып тұрғанын айтты. Әні-міне дегенше екеуі межелі жерге де келді. Есік алдында су жаңа туфлиін сүртіп тұрған Дарханның құлағына досы:
– Әлгінде ғана әкемнен тығып, екі дана темекі алып шықтым. Келсеңші, соны әжетхананың артына барып тартып алайық, – деді.
Дарханға да сол керек болып тұрғандай «Әйтеуір әкеңнің тартары таусылып, шешеңді дүкенге жүгіртіп жатпасын?» деді миығынан күліп. Әжетхана жанына барып енді ғана тұтандыра бергені сол-ақ екен, іштен мектеп директоры шыға келді. Тәлтіректеп не істерін білмей қалған олар шылымды қолдарына қысып, түтінін ішке тартып, демалмай, ақырын: «Са-ла-мат-сыз ба, ағай?» – деді ауыздарынан бу шығып. Балаларына қарап күлімсіреген Асқар Аманбаевич: «Әй-й-й, тентектер-ай, сендердің де ержеткендерің!» деген күйі кері бұрылып кете барды. Қолы оңбай күйген Дархан ашуланып:
– Сенің жүрген жерің осы, директордан ұят болды. Темекіні дәл қазір тартпасаң болмайды ма? – деп аузын шүртитті.
Дарханның жасы небәрі 15-те болса да сөзге шешен, ақылды, қызу қанды, әзілді де орнымен айтатын, мектепте абыройлы, бірнеше жігітті ойланбай жығып салатын бала. Қазақша күреспен айналысып жүргеніне де екі жылдан асып кеткен. Сабақ үлгерімі де жоғары. Қарындасы мен інісі ағасымен мақтанатын. Бірақ не болғаны белгісіз соңғы уақытта ол мүлдем өзгеріп кетті. Шылым шегіп, тіпті ащы судан да ұрттап көрген.
Дархан мейрамханаға кірісімен айна алдында өз-өзіне тамсанып тұрған сыныптасы Сезімді көріп, қобалжып қалды. Оның бұрын-соңды мұндай әдемі жүзін аңғармаған ол, темекі иісі шыққанын білдірткісі келмей әрі қарай жүрді. Кеш басталып, асаба сөз алып, жиналған жұртшылықты қыран-топан күлкіге кенелтіп жатты. Мұғалімдер оқушыларға жылы лебіздерін білдіріп, бірінен соң бірі жүрекжарды тілектерін айтты. 9 «б» сыныбы ұстаздарына сыйлықтарын табыстап, ән салып, би билеп, түрлі ойындар ойнады. Отырыстың соңы таяп, барлығы заттарын жинастырып сыртқа шықты. Сыныптастар ата-аналарынан рұқсат сұрап, бітірушілер дәстүрімен таңды қарсы алуға асықты. Бірер минуттан соң барлығы ауыл шетіндегі қырдың басында жолығатын болып келісті.
Барлығы жиналып, ортаға от жағып, дөңгелене отырған олар мектептегі бастан өткен қызықтарын айта бастады. Көп ұзамай таң атты. Әбден шаршаған Дархан бірнәрсені сезгендей үйіне қарай асықты. Жолай жүрегі қобалжып, өзінен-өзі аяқ қолы дірілдеп сала берді. Алып ұшып жақындай бергені сол-ақ екен, есік алдында жиналған көліктерді көріп, сөйлеуге шамасы жетпеді. Үй ішінен анасының жылаған дауысын естіп, абдырап, құлағы бітеліп, бағана түбіне жантая: «Қамқоршым, әкешім, жаның жаннаттың төрінде болсын!» деумен болды. Көзіне жас алмай, тапжылмай отырған оны көрген туған-туыстары жанына келіп, басу айтқанымен, орнынан қозғалар емес.
***
Әні-міне дегенше әкесінің о дүниелік болғанына қырық күн толды. Садақасын жасап, арман еткен Алматыға оқуға түсу жайына қалды. Анасына демеу болып, бауырларына қарайласуды ойлады. Осыдан кейін ол тек еңбек етіп, отбасын асырауға бекінді. Не керек, арада бір жыл өтті. Жалғыз әкесіне қарап күн көрген отбасының ендігі бар ауыртпашылығы Дарханға түсті.
Бір күні кешкілік кезекті жалақысына үйге керекті заттар алып, жүзі жадырап үйіне қарай бет алды. Көшеде есік алдында отырған ауыл қарияларынан аман-саулық сұрап, жолай балаларға қолындағысынан бөліп беріп, шат-шадыман күйде келе жатты. Табалдырықты аттай салып пеш түбінде әрең демалып жатқан анасын көріп, қуанышы су сепкендей басылды. Жанына жүгіріп барып:
– Анажан, анашым, өңің қуарып кетіпті ғой. Не қажет, қай жеріңіз ауырып тұр? – деді. Анасы қанша қиналса да сыр бермей:
– Менде барлығы жақсы. Бауырларыңның тамағын бер. Таңнан сені күтіп отыр, – деді.
Сонда да Дарханның көңіл-күйі болмай, ана бөлмеден мына бөлмеге өткен сайын көзінің қиығымен шешесіне қарап, ыстық тамақ әкеліп, арасында дүкенге жүгіріп, жеміс-жидектің түр-түрін алдына қойды. Інісі мен қарындасының қарнын тойдырып, ұйықтатып тастады. Сөйтіп өзі шешесінің жанына келіп жантая кетті.
Түнгі уақытта анасы ақырын қолын сермеп, баласының басынан ұстады. Көзін аша алмай Дархан дереу орнынан тұрып, бөлменің жарығын жақты. Ақ жаулықты ана: «Дарханым, Дарханым, әкең жетті, үйге кіргізіп алшы. Мені алып кетуге келіпті» дей берді. Ал Дархан не болып жатқанын түсінбей: «Олай демеңіз, сіз кетсеңіз мен қайтемін?» деп көзіне жас алады. Бірнеше секундтардан соң анасы: «Бекем бол! Бауырларыңа қара, ендігі жерде олардың әкесі де, шешесі де сенсің!», – деді де, демі үзіліп кетті.
Дархан анасының қолынан ұстап, үнсіз отырды да қалды. Оны құшақтап, таң атқанша қасында жатты. Не жыларын білмей: «Құдайым, мені бұлай сынамаңыз! Қос қанатымнан айырылған мен бейшара, енді не қыламын?» деумен болды. Жанындағы бауырлары жылаған күйі ұйқыға кетіп, ыңырсып жатты.
Азанға дейін көз ілмеген Дархан ақырын есік алдына шығып, әкесінің ағасы Жомартқа қоңырау шалды. Ұялы телефонның аржағынан көкесінің дауысы естілгенде «Көке, анамды, әкем алып кетті» деп, орнына сұлап түсті. Көзін ашса, төр бөлмеде жатыр екен. Жанында інісі мен қарындасы бар. Жан-жағына жалтақтай қарап, шешесі жатқан бөлмеге жақындап еді, туған-туыстары оны жуындырып жатқанын ескертіп, ішке кіруіне қарсы болды. Ол енді бәрі кеш екенін түсінді. Тәңірдің жазғанынан қашып құтыла алмайтынын білді.
Уақыт өтті. Енді балалар Жомарт көкелерінің қолында. Ал Дархан тағдырдың тезіне шыдай алмай, өзгеріп кетті. Баяғы күні жоқ. Тек үйге жатарда келеді. Жас болса да ерте жетіліп кеткен ол күндіз-түні ұрлық істеп, шылым шегіп, арақ ішіп, құмар ойын ойнап, өзінен бірнеше жас үлкен бұзақы балалардың қатарына қосылды. Қасындағылар мұны кіші деп анда да, мында да жұмсап, ауылға ұрлықшы атандырды.
Бір жолы ауылға белгілі сараң бай Серікболдың үйіне ұрлықшылар түскен еді. Басты күдікті – Дархан. Сол түні көптеген қаржы қолды болған. Қызылжағалылар таң сәрі Дарханды іздеп келіп, бөлмесіне басакөктеп кіре қолдарына кісен салды. Көкесі Жомарт не болып жатқанын түсінбей, бауырлары жылап артында қалды. «Жіберіңдер, менің кінәм жоқ!» деген жетім бала көк «Уазикке» тиелді. Бөлімшеге жеткеннен соң полиция қызметкерлері оны қараңғы бөлмеге кіргізіп, тергеудің астына алды. Кәмелет жасқа толмаған баланың жетім екенін білетін тергеуші Айбек Дарханға қол жұмсауға арланды. Тек кешегі түні қайда болғанын сұрап, шындықты білсе, жібере салатынын айтып бақты. Алайда болған қылмысқа оның ешқандай да қатысы жоқ еді. Барлығына кінәлі ауылдағы жасы үлкен бұзақы балалар.
Тергеу аяқталды. Ештеңенің байыбына бармаған полицейлер тергеудің жалғасатынын айтып оны қамап тастады. Бірер сағаттан соң оған жолығуға сараң байдың өзі келді. Есіктен кірер-кірместен аузына келгенін айтып, жетім екенін бетіне басты. «Сенің әке-шешең тәрбие көрмеген адамдар, одан туған бала не оңсын! Сен секілді арамтамақ ұрлықшыны темір тордың түбінді шіріту қажет», – деп намысына тиді. Ашуға булыққан Дархан тек тілін тістелеумен, үнсіз қалды. Көрде жатқан ата-анасына сөз келтіргеніне ызаланды. Серікбол бай сыртқа шығып кеткен соң көзіне жас үйіріліп: «Әке, апа, ұлдарыңды кешіріңдер!» деумен болды. Осы кезде есіктің сыртында тұрған Айбек тергеуші оның айтқан барлық сөздерін естіп, «Дарханның ақталып шығуына көмектесуім қажет» деді іштей. Осылайша жетім жігіт сол түнді қамауда өткізді.
***
Таң ата кірер жердегі темір есіктің ашылып жатқан дауысын Дархан естісе де орнында тапжылмай жата берді. Тергеуші бейтаныс адамға дауыс көтеріп, қалтасындағы барлық заттарын алып қалды. Айыпты аздап ащы судан ұрттаса керек, аузына келгенін аталап жатыр. Ішке кірісімен бір бұрышқа қисая кетті. Ал Дархан келесі бөлмеден түскен жарыққа қарап, әке-шешесінің көзі тірісінде басынан өткен қызықтарын есіне алып, дымын шығармай ыңырсумен болды. Жанарынан пора-пора жас ағып, ата-анасынан кешірім сұрады. Бұдан былай оларға сөз келтірмейтінін айтып, жасын сүртті.
Біршама уақыттан соң полиция қызметкері келіп оның босағанын хабарлады. Тез арада заттарын алып, үйіне қайтуын ескертті. Ал ол аяқ асты не болғанын түсінбей әлек. Есік алдына шығып, дереу әке-шешесің зиратына қарай жүгірді. Жеткенінше іштей тынды. Барған бойда тізерлеп, ендігі жерде жамандық істемейтінін, өмірге өзгеше көзқараспен қарайтынын жеткізді. Осылай бірнеше мәрте қайталады.
Арада он жыл уақыт өтті. Дарханмен бір тойда кездесіп қалдық. Қатты өзгерген. Жас болса да, елге белгілі кәсіпкер болып үлгерген. Мейрамхана алдында өткеннен сыр тартып ұзақ әңгіме қозғады. Сол арада ата-анасының қайтқанын есіне алып, бір күрсініп алды.
Абзал ЖОЛТЕРЕК