Жақсылыққа құмар Жанкент жастары
«Тәңір таңдаған тоқтыны, қасқыр тартпаған» деген ыстық ықыласын бір ауыз сөзбен түйіндеген халықтың ұрпағымыз. Сондықтан болар қазақ әрдайым айналасындағыларға қол ұшын созып, демеп жүруге құштар. Содан болса керек ертеден ел арасында «асар» деген ұғым қалыптасқан. Бұл жұрт ішінде көмекке зәру жандарға сол аумақтағылардың қолдан келген көмегін көрсетуі. Мұны қозғаудың да мәнісі бар. Өйткені жуырда жалынды Жанкент жастарының осындай үлкен еңбегіне куә болдық, деп хабарлайды qazaly.kz.
Жалпы тарих бетінде ойып тұрып орын алар, талай сырды қойнауына бүгіп жатқан Жанкент шаһары жастарының бүгінгі бағыты құптарлық. Олар сондағы ағайынның басына іс түссе жұмыла салып, бір анадан туған баладай біріге кететіні көпті тәнті етіп келеді. Бұл жолы да солай. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, Өркендеу ауылының еңбектеген баладан еңкейген қариясына дейін ұйымшылдықпен биыл көпбалалы ана Наргүл Баекеге баспана сыйлап, қуанышқа бөледі.
Біз айтып отырған тұрғынүйдің іргетасы 2021 жылы қаланған. Игі іске Өркендеу ауылының 1964 жылғы алдыңғы буын ағалары мен 2000 жылы дүниеге келген жастарға дейін белсене атсалысқан. Тіпті осы аралықтағылар баспанаға арнайылап 2 миллионнан аса қаражат жинаған. Бір жылдың ішінде құрылысы аяқталып, кілті табысталған тұрғын үй 25 қазан – Республика күні қарсаңында арнайы шарамен салтанатты түрде тапсырылды. Мән-жайды игі істің басы-қасында жүрген «Жанкент жастары» ұйымының төрағасы Талап Мурзалиев баяндап берді.
– «Бақыр қазан қайнаса бәріміздің бағымыз, Туған жердің әр тасы біздің алтын тағымыз» деген. Жанкент ауылы, оның ішінде жастар, ел ағаларының қолдауымен және «Жанкент жастары» ұйымының бастамасымен былтыр 4 қыз баланы тәрбиелеп отырған ауыл тұрғыны Наргүл Баеке анамызға баспана сыйлау қолға алынды. Негізі бұған дейін де біршама елді мекен ішіндегі шаруалардың басынан табылып, бір жайлы етіп жүрміз ғой. Бірақ бұл жолғы жұмыс бөлек болды.
Әу бастан ел ішінде баспанаға мұқтаж жанның бар екенін біліп, ауылдың үлкені мен кішісіне құлағдар еттім. «Егер тартынбай қолға алып, бастап кете алсақ қалай болады?» деген ой бастапқыда қорқынышты көрінгенімен, сәтін салып ауыл ұйымшылдығының арқасында мәресіне жетті. Өткен Республика күні қарсаңында «Жанкенттіктердің асар үнімен – анамыз бүгін бақытты» атты ауқымды шара өтіп, жаңа баспананың кілті табысталды. Наргүл анамыз бақытты, қуанышында шек жоқ. Атсалысқан барша ел ағалары, ауыл жастары, «Жанкент жастары» ұйымына және ұйым мүшелеріне өз-алғысын білдірді.
Осы ретте айтайын дегенім, мұның артында жастардың ата-аналарды құрметтеп, қадірлеуге шақыру жатыр. Әуелдегі мақсатымыз да осы. Сонымен қатар тек аудан, облыс, республика көлеміндегі жас буын өкілдері ғана емес, аядай ауылда жүрген жастардың да қолынан ауқымды істер келетінін ұмытпауыз қажет, – дейді Талап Алтынбекұлы.
Ұйым төрағасының айтуынша, осы жылдың өзінде бірқатар игі шаралар мәресіне жеткен. Мәселен, Республика күні қарсаңында ұстаз Кәлимаш Қосмамбетоваға құрмет көрсетіп, алғысқа бөлеген.
Жыл басынан бастап Жанкент шаһарын қардан тазарту, сенбілік жұмыстарына белсене атсалысқан да осы жастар.
Сондай-ақ әрбір айтулы датаны шет қалдырмайтын Өркендеулік өскіндер «Ардагерлерді ардақтайық!», «Ұстаздарды ұлықтайық!» секілді маңызы бар жиындарға басымдық бергенді құп санайды.
Осыдан-ақ әлгі «Маған досыңды көрсетші, сенің кім екеніңді айтайын» деген тәмсілді Жанкент жастарына арнап «Маған жастарыңды көрсетші, ауылыңның қандай екенін айтайын» деп өзгертсек артық етпесі анық.
Абзал ЖОЛТЕРЕК