Еріктілердің ерен үлгісі
Ертеден халқымызда озық әдет-ғұрып – біріне-бірі ақысыз көмек көрсетуі, көпшіліктің күшін пайдалану дәстүрі бар. Ол – асар деп аталады. Сол арқылы үй салу, қой қырқу, тай таңбалау, киіз басу, егін ору, шөп шабу тәрізді қауырт жұмыстарды көптің көмегімен тез атқару үшін ру басының, үй иесінің ауылдастарын, туған-туыстарын шақырған. Бірлесе білек сыбанып, жұмыла көтерген істі осылайша атқарған.
Ана алғысына бөленді
Қазірде ауыл жұртшылығы асарлатудан алыстаған жоқ. Дамыған Батыс елдері бұндайды мәдениеттілік немесе жұмыс өтілі мен азын-аулақ табыс үшін қолға алса, қазақ халқы әлі күнге дейін дарқан көңіл, ауызбіршілікпен жалғыз адамға ауыр жүк болатын тірлікті ақысыз атқарып жүр. Иә жетім-жесіріне, ағайын-туған мен көрші-қолаңға дейін қараса білу қазақ ұғымына ертеден еніп кеткен. Қазір боларды қоғам волонтер атайды.
Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта волонтерлікпен тек жастар айналысуы қажет деген түсінік қалыптасты. Тарихтан сыр тартсақ, мұнымен еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін айналысып, «ұлтым» деп ұрандайтын әрбір азаматтың қайырымдылыққа, көппен атқарылатын сауапты істің басында жүретінін анық аңғаруға болады. Демек ата-баба жолын жалғап, еріктіліктің ерекше үлгісін көрсететін сәт бүгін өз жалғасын тапты деген сөз.
Бірнеше жылдан бері елдің түкпір-түкпірінен «Харекет» қайырымдылық қоры ашылып, еріктілердің қолдауымен көмекке мұқтаж жандарға баспана алып беру қолға алынды. Бұл жоғарыда сөз етіп отырған ежелгі асардың бүгінде қайта жаңғыруы.
Қазақта «Көп түкірсе – көл» деген таныс тәмсіл бар. Бұл ежелден қайырымдылыққа жұрт болып қолдау көрсеткенді құп көретін қазақтың даналығынан туған болса керек. Оған дәлел «Харекет» қайырымдылық қорының жасап жатқан игі істері.
Жақында Қызылорда облысы бойынша «Харекет» қайырымдылық қорының Қазалы ауданындағы белсене атсалысып жүрген еріктілерінің ұйымдастыруымен 3 баспана, яғни Әйтеке би кентінің тұрғыны мүмкіндігі шектеулі жалғыз басты ана Нұргүл Жаңбыршиеваға баспана кілті табысталды. Игі істің басы-қасында жүрген «Харекет» қайырымдылық қорының аудан бойынша еріктісі Айдос Таңбышов айтып берді.
– Жүректері жылы, мейірімге толы қазақ елінің арқасында «Харекет» қайырымдылық қорының 306-шы баспанасы аудан тұрғынына бұйырып отыр. Нұргүл анамыз асыраушысы жоқ, мүмкіндігі шектеулі болса да 3 баласын тәрбиелеп отыр. Қордың ерікті жігіттері бірігіп, анамызды қуантуға бардық. Ол көзіне жас алып, алғысын жеткізумен болды, – деді Айдос Әмірханұлы.
Расымен Нұргүл Жаңбыршиеваның жанарына жас жиналды. Себебі қиналғанда қолдау көрсететін қаны қазақ азаматтардың бар екенін білді. Үш баласымен жалғыз еместігін сезінді. Еріктілердің ерен еңбегінен кейін мұның өзі әрбір қазақтың жақсылыққа жаны жақын екенін аңғартады. Қырық жастан асқан анамен жүздескенімізде көзін шылап, алғысын жаудырумен болды.
– Қуанышым көкке жетіп, рақметтен басқа ештеңе айта алмаймын. Алла разы болсын. Елеп, сыйлап, баспана табыстап жатқандарыңызға дән ризамын. Барлығыңыз аман болып, тек қуанышқа бөленіңіздер, – деп жүрекжарды лебізін жеткізді.
2020 жыл Мемлекет басшысының Жарлығымен «Еріктілер жылы» болып жарияланғанын ескерсек, қандас бауырлар арасында осы сынды қайырымды, игілікті істің бастау алғаны жүрекке жылылық сыйлайды.
Ауыл жастарының жақсылығы
«Қазалы» газетінің тұрақты оқырмандарының есінде болса, жаздың тамылжыған тамыз айында Қ.Пірімов ауылында іс сапармен болып, округтің тыныс-тіршілігімен танысып, аялдаған болатынбыз. Сол кезде ауыл жастары бастама көтеріп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып ауылдағы бір отбасыға баспана тұрғызып беріп жатқанын айттық. Тіпті жаңа үйдің құрылысын көзімізбен көрдік. Сұрастыра келе ізгілікті істің бас-аяғында жүрген азаматпен де жолығудың сәті түсті. Есімі Мұратбек, жеке кәсіпкер. Міне, осы атпал азамат үй құрылысының қазан айында аяқталып, иесіне баспананың кілті табысталатын жеткізді.
Қазақ «Айтылған сөз, атылған оқ» демей ме?! Уәдеге сай шаруа бір жақты етілді. Ауыл жастары асарлатып елді мекендегі мүмкіндігі шектеулі отбасын қуанышқа бөледі. Баспана тұрғызып қана қоймай, үй ішін қажетті жабдықтармен толтырды.
Тұрғын үйге мұқтаж отбасыға қамқорлық жасау мәселесін құмжиектік азаматтар қасиетті Рамазан айында ақылдасып, аз уақыт ішінде жерін тегістеп, іргетасын құйып қойған.
Аталған отбасының иесі Орысбай Науқамбай бала күнінен ІІ топтағы мүгедек. Жары Күнімкүл Қанатбай да сол топқа жатады. Ертеректе іргетасы қаланған ескі үйінің төменде орналасқаны соншалық көктем, күз айларында жаңбыр жауса, үйдің айналасы суға толып, есіктен аттап шығуға мүмкіндік болмайтын көрінеді. Одан қалды төбесінен су кетіп, тіпті терезесінен де ағады. Енді үш қыз тәрбиелеп өсірген әкеге алаңдауға еш негіз жоқ. Өйткені жыл сайынғы әбігерге түсетін уақыт артта қалды.
– Өткен жылы Оразаның уақытында ауылдың бір топ тұрғындары өзара ақылдасып, Орысбай ағамызға үй салу туралы шешім қабылдағанбыз. Бастапқы уақытта бірқатар азаматтардан ғана қаржы жинаймыз деп келісілген болатын. Алайда мен фейсбук әлеуметтік желісіне салған бейнероликтен кейін, қазіргі таңда еліміздің әр түкпірінде жүрген жерлестер де хабарласып, көмек қолын созатынын жеткізді. Солай болды да. Небәрі 3 күннің ішінде бізге 1,6 млн теңге ақша жиналды. Осылайша біздің қайырымдылық ісімізге ауылдың үлкен-кішісі де, сырттағы тілекші ағайындар да біркісідей атсалысты. Үйдің құрылысын салуға бір тиын да ақша жұмсамадық. Үйдің іргетасын құюдан бастап, кірпішін қалау, шатырын жабу, сыртын сылап-әрлеу жұмыстарын ауылдың жігіттері атқарды. Көмектесеміз деп келген азаматтардың қатары көбейді. Оған еліміздегі карантиннің септігі тиді деп ойлаймын. Тіпті бір күні 100 адамға дейін келген уақыт та болды. Сондықтан бұл іске атсалысқан баршаңызға ауыл тұрғындарының атынан алғыс айтамын, – дейді Қ.Пірімов ауылындағы №92 мектептің мұғалімі Сәбит Ықыласов.
Көптің көмегі арқасында Орысбай Науқанбаевтың отбасы жылы да жайлы, заманауи құрылыс материалдарымен салынған үйде тұрып жатыр. Жақында ғана жаңа үйге көшкен олардың ауылдастарына айтар алғысы шексіз.
– Мен туғаннан 2 топ мүгедегімін. Әйелім де мүмкіндігі шектеулі жан. Сондықтан да өзіміздің үй салуға шамамыз келмейді. Жыл сайын ауламызды су басып, үйіміздің қабырғалары бұзылды. «Әрі қарай не болар екен?» деп ойланып жүргенде, бір күні үйдің іргетасы құйылды, кірпіші келді. Осылайша жақында жаңа үйге қоныс аудардық, – дейді жаңа үй иесі.
Айта кетейік, Қ.Пірімов ауылының азаматтары жақында тағы бір отбасына қамқор қолын созуды қолға алды. Нақтыласақ, мүмкіндігі шектеулі Бектілеу Ізтілеуовтың үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Қайырымды жандар үйдің еденін, терезесін және шатырын толық ауыстырып, ішкі-сыртқы сылақтарын түсіріп, қайтадан сылауда.
Ауыл жігіттері мақтауға әбден лайық. Үлкені мен кішісі атсалысып, елді мекендегі көмекке мұқтаж жандардың қатарын азайтуды көздейді. Бірі үшін барлығы жұмыла еңбек етіп жүрген ерікті жастардың ұлағаттылығы көпке үлгі болары сөзсіз.
Абзал ЖОЛТЕРЕК