Қазалының кайырымды жастары
Соңғы жылдары ел ішінде түрлі жобалар мен акцияларды қолдап, қайырымдылықты өмірлік мақсат еткен жомарт жандар саны артып келеді. Себебі қазақ халқы көмекке мұқтаждарға қол ұшын созып, сауапты іс жасауды адамның адамгершілік борышы деп санайды.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, айналасындағыларға жанашыр пейіл танытудан аудан жастары да қалыс қалмайды. Оған дәлел Қазалы ауданы жастарынан құрылған «Қазалы қайырымды жастар» қоры. Өткен жылдың желтоқсан айында аудан белсенділерінен жасақталған бұл ұйым бүгінгі күні мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетіп үлгерді.
Сәрсенбінің сәтті күні аудандық мәдениет орталығында «Қазалы қайырымды жастар» қорының ұйымдастыруымен «Жүректен – жүрекке» атты қайырымдылық концерті болды. Сахналық көрініспен бастау алған бұл шара жиналғандарға қайырымдылықтың отбасынан басталатынын дәріптеп, ұйымның негізін қалаушы Жанат Нұрсұлтанқызы қордың құрылғандағы мақсат-міндеттеріне тоқталды.
– Біз 20 белсенді жастан құрылған ұйымбыз. Өткен жылдың желтоқсан айында бірігіп, қазіргі таңда ауызбіршілікпен қатарымызды кеңейттік. Сондағы мақсатымыз – әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсету. Осы екі ай ішінде 10 мүмкіндігі шектеулі жанның бірінің үйіне күрделі жөндеу жүргізіп, екіншісін азық-түлікпен қамтамасыз еттік. Айта кетсек, ұжым аудандағы жас кәсіпкерлер мен аудан еріктілерінен құралған. Бастысы қай-қайсымыз да қайырымдылық – асыл қасиет екенін ұмытпайық, – деді «Қазалы қайырымды жастар» ұйымының құрылтайшысы Жанат Ержігітова.
Концертті еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін тамашалауға асықты десек артық емес. Сондай-ақ сахнада ән салып, би билеген бүлдіршіндер кеш барысында ақжаулықты әжелер мен ардақты аналарға гүл шоқтарын сыйлады. Солардың қатарында қайырымды жастар ұйымының қолдауымен 1 жыл бойы ми ісігімен ауырып, жақында ғана алғашқы емін қабылдап келген 10 сынып оқушысы Фариза Сүлеймен анасымен бірге отырды. Тағдырдың басқа салған тауқыметіне қарсы тұрған жігері мықты қыз көпшілік алдына шығып, емделуіне қолдау көрсеткен «Қазалы қайырымды жастар» қоры мен халыққа шынайы ризашылығын жеткізді.
Кеш барысында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әліби Әбиев және аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Әбілқасым Роман қайырымды жастарға алдағы уақытта қолдау көрсететінін айтты. Білім бөлімі қызметкерлері мен мектеп директорлары, жалпы көрермен қауым қайырымдылық жәшігіне ақша салды.
Шара соңында концертте жоғары деңгейде өнер көрсеткен бүлдіршіндер марапатталып, сыйлықтар үлестірілді.
Абзал ЖОЛТЕРЕК