Жастардың жарқын ісі
«Жүректен шыққан тәтті тілектерді Тәңірім маңдайыңа жазсын» деп тілеген текті халықтың ұрпағымыз. Содан болар, кез келген қазақтың басына іс түссе, жұмыла көмектесу біздің қанға сіңген қасиет. Алайда дамыған елдердің қатарында болсақ та, ішінде әлі күнге дейін лашықта тұратын жандарды көргенде жүрегің ауырады.
Жуырда №5 кварталдағы «13 аймақтың» жігіттері асарлатып жатқан Қоңыр ана 36-шы үйдің тұрғыны Рахима Тілеп ананың шаңырағында болдым. Баспананың жағдайы мәз емес. Кейуана осы үйді паналағанына 15 жылдан асқан. Қолында II топтағы мүгедек інісі Бектұрған Тілепов бар. 66 жастағы анамен тілдескенімізде жанарына жас үйіріліп, «13 аймақ» жігіттеріне тек алғаусыз алғыс айтумен болды.
– Осыдан бірнеше жыл бұрын жаңа үй көтеруді ойлап, бірінші банктен 500 мың теңге несие алдым. Артынша қаражат жетпегендіктен, қаңқасы қаланған баспанаға кіруді ойлап тағы да банктен 400 мың теңге несие рәсімдедім. Алайда ол да жеткіліксіз болып, жұмысы аяқсыз қалды. Қазір қол көмек берген азаматтарға разымын. Жасаған жақсылықтарыңыз Алладан қайтсын! – деді ол.
Жаңа баспанадағы тірліктің әрі қарай жүруіне қаражат қол байлау болып тұр. Айына алатын зейнетақысы 55 мың болса, бауырының алатыны 50 мың теңге. Ал өтейтін несиесі үш банкке 90 мың теңгені құрайды. Кейуананың айтуынша, қалған қаржы бір айлық азық-түлікке кетеді. Өкініштісі, II топтағы мүгедек інісіне мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмек те жоқ екен.
Ел ішінде мұндай жанның бар екенін 13 аймақ тұрғыны 30 жастағы Бақыт Жалиев байқаған.
– Қатарлас, досым Рахима апайдың көршісі. Сонда барған сайын, жолай осы баспанаға көзім түседі. Қасиетті Рамазан айында сәті түсіп Рахима апамен жолығып, ауыл жастары қол ұшын созғысы келетінін айттым. Сөйтіп «Қазалы қайырымды жандар» қайырымдылық қорының жетекшісі, талай игі іске атсалысқан Әсем Көшербаевамен бірлесіп, ананың келісімін алдық, – дейді Бақыт.
Осылайша қайырымдылық қор жетекшісі банктен есепшот ашып, аудан халқынан көмек беруін сұрайды.
– Негізінен көбіне қайырымды іс жасағанымызды жария еткенді құп көре бермейміз. Ол әр адамның жасауы тиіс міндеті. Бірнеше апта бұрын №5 кварталдағы бір отбасыға көмек көрсету жөнінде ақпаратты әлеуметтік желіге жүктегем. Қатарласым әрі осы ауланың тұрғыны Бақыт Жалиев сол сәтте хабарлама жазып, ауыл ішінде жағдайы төмен, баспанасы аяқсыз қалған отбасының бар екенін, қалай қолғабыс етуге болатыны жөнінде ұсыныс айтқан. Арасын ұзатпай қордағы бірлесіп жұмыс істейтін қыздармен бірге баспананы көруге бардық. Осылайша қолдан келген көмекті бастап кеттік, – дейді қор басшысы.
«Бітер істің басына, жақсы келер қасына» деп аз уақыт ішінде іргетасы қаланған қоныстың ішкі жұмыстарына ауыл жастары білек сыбана кіріседі. Қазірде үйдің ішкі сылағы сыланып, ақталып, Әли-муса мешітінің бас имамы Бақытжан Қаниев пен Серік атты азаматтың көмегімен едені салынды. Үйге қажетті заттарға «Дархан» ЖШС жеңілдік жасаса, «Ақжол» ЖШС мен «Есіктер» дүкені тегін қызмет ұсынған. Халықтан жиналған қаражат осылай жұмсалып жатқан көрінеді.
Одан бөлек Руслан есімді кәсіпкер барлық бөлменің кермелі төбесін жүргізуді өз мойнына алған. Әсем Көшербаеваның айтуынша, енді үйге көгілдір отын кіргізу қалып тұр. Оған жеке кәсіпкер «Жантөре» қол ұшын созатынын жеткізіпті.
Бастаманы көтерген «13 аймақтың» жастары болса, ел ішінде қаржылай қолдау білдіріп жатқандар да аз емес. Оның ішінде аудан тұрғындары мен шаруасын дөңгелентп отырғандар да бар.
Екі аптадан бері сондағы бар жұмысты жүргізіп жатқан Бақыт бастаған Сабыржан, Жәнібек, Рақымжан, Рүстем және Нұрбол есімді бір топ ауыл жастары аудан кәсіпкерлерінен кейуананың қалған қажетті бұйымын алуға және несиесін жабуға көмек көрсетсе екен дейді.
Абзал ЖОЛТЕРЕК