Соғыста жеті орден алған қазақ
Қазақтың жеті орден алуы мүмкін емес, қоспасы бар шығар деп ойлап қалатын ағайынға тек деректермен сөйлеуді мақсат етіп отырмыз. Жеті орден алған Қабдолла Көшербаев 1916 жылы Ақмола облысының қазіргі Біржан сал (бұрынғы Еңбекшілдер) ауданындағы Үлгі ауылында дүниеге келген. Орысша-қазақша білім алған, соның ішінде Қотыркөл селосындағы бухгалтерлік курсты да бітірген оны 1937 жылы Қызыл Армия қатарына шақырады. Осында жүріп, 1939 жылдың көктемінен күзге дейін жалғасқан Моңғолия аумағындағы Халхин-Гол өзенінің бойындағы Кеңес-Жапон соғысына да қатысқан.
1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда Алматы облысының Еңбекшіқазақ әскери комиссариаты (ол кезде ағамыз сол жақта тұрған) оны бірден әскерге шақырып, әрі соғыс көрген, әрі сауатты болғандықтан кіші офицерлер дайындайтын жедел курсқа жібереді. Одан кіші лейтенант атағын алып шыққан Қабдолла 1939 жылы құрылған Қызыл тулы Рыльск-Киев 121 дивизиясының құрамындағы 385-ші атқыштар полкының 5-ші ротасындағы барлау взводының командирлігіне тағайындалады. Осы шағын құраманың командирі болып жүргенде, 1942 жылдың 14 қыркүйегінде кеудесіне алғашқы Екінші дәрежелі «Отан соғысы» ордені қадалады. 1941 жылдың желтоқсан айында Алматыда 100-ші атқыштар бригадасы құрылғанын білеміз. Сол құраманың жауынгерлерін дайындау үшін майданнан білікті қазақ офицерлерін шақырған ғой. Соның бірі – Киев-Рыльск дивизиясында жүрген орденді лейтенант Қабдолла Көшербаев екен. Ағамыз 1943 жылдың 21 желтоқсанында осы бригаданың екінші батальонындағы барлаушылар взводының командирі болып жүргенде Молодотуд ауданының Калинин деревнясы үшін болған соғыста көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталады.
Ал үшінші орденін (бұл жолы да «Қызыл Жұлдыз») Қ.Көшербаев 73-ші Новозыбков дивизиясының құрамындағы 392-атқыштар полкының 8-ші ротасының командирі болып жүргенде, Полесск облысы Паричевка ауданының Сосновка деревнясы түбінде болған соғыста көрсеткен ерлігі үшін алады.
1944 жылы Қабдолла Көшербаев қызмет еткен әскери құрама Ленинград облысы, Балтық бойы республикаларының аумағындағы соғыстарға қатысады. 1944 жылдың 17 наурызындағы 48-ші Армия бойынша берілген бұйрықта ол өзінен басқа екі офицермен бірге «Александр Невский» орденімен марапатталады. Бұл азаматтың төртінші ордені, ал өзі бұл уақытта рота командирі, аға лейтенант болатын.
Бесінші орденін батыр ағамыз 1944 жылдың қазан айында алады. Бұл жолы кезекті «Қызыл Жұлдыз» ордені беріледі.
Алтыншы орденін Қабдолла ағамыз осы Балтық бойы майданында ауыр жараланып, госпитальда жатқанда алған екен. 1945 жылдың 6 ақпанындағы бұйрықпен берілген Екінші дәрежелі «Отан соғысы» ордені оны Латвияның Кромеши деген деревнясында тауып, кеудесіне қадалады.
1945 жылы соғыс аяқталғанда ол Түркістан әскери округына батальон командирі болып тағайындалады. Осында жүргенде әскери дайындығы жоғары болған оның батальоны мақталып, командиріне төртінші «Қызыл Жұлдыз» ордені беріледі. Ал бұл Қабдолла Көшербаев алған жетінші орден еді.
Қан майданды белшеден кешкен әрі үш рет ауыр жараланған майор Қ.Көшербаевты әскерден босатпай, ол Түркістан әскери округінде, одан Кенигсберг қаласында әскери қызметін жалғастырады. Тек 1956 жылы ғана әскерден босап, Степняк қаласында ДОСААФ төрағасы болып сайланып, 1967 жылы демі үзілгенше 11 жыл қызмет етеді. Артында ұрпақтары бар.
Жақсыбай САМРАТ,