Менің ардақты атам мен асыл әжем
Қазақ халқының қалыптасқан дәстүрі бойынша ер-азаматтың үш жұрты болады. Олар кім-кімге де жанашыр, сүйеніш әрі қорғаныш. Дана халқымыз «Өз жұртың күншіл келеді. Бар болса, көре алмайды. Жоқ болса, бере алмайды. Жақсы болсаң, күндейді, жаман болсаң, жүндейді. Қайын жұртың міншіл келеді. Қолыңның ұзындығына, жағаңның қызылдығына қарайды. Берсең жағасың, бермесең дауға қаласың. Нағашы жұртың – сыншыл келеді. Жақсылығыңа сүйінеді, жамандығыңа күйінеді. Әрқашан тілеуіңді тілеп, қамқоршы болады» деп солардың бәріне бітім-болмысына қарап, сипаттама берген.
Бала күнімізде үлкендер ата-тегімізді сұрайтын. «Нағашыңның руы қандай?» деп сауал қойғанда мен «Жолшара» дейтінмін. Міне осы Жолшараның белгілі ақсақалы, Қазалы өңірінде есімін білмейтін адам кемде-кем жан ол менің нағашы атам – Сақтаған Байтілеуов. Теміржолшы болып елге еңбегі еленген оның орден, медальдар мен мақтау қағаздары бір төбе. Бұл естелікті жазарда атам туралы тың деректерге қанығу мақсатында еңбек кітапшасын ақтардым. Кітапшаның марапаттау бөлігі мақтау, мадақтауларға толы екенін көрдім. Сондай-ақ нағашы атамның жақсы, жылы жүзді кісі болғанын үйде тұрған суреттегі күлімсіреген кейіннен-ақ айқын аңғардым.
Саналы ғұмырын темір жол саласына арнаған атам – Сақтаған 1917 жылы Қазалы ауданындағы Бірлік елді мекенінде дүниеге келген. Ол отбасында жеке дара жалғыз бала болып өсіпті. Бірлік ауылындағы жеті жылдық мектептен сауат ашады. Білім шаңырағынан кейін туған ауылында жұмысшы болып еңбекке ерте араласады.
1942 жылы Қазалы аудандық әскери комиссариатының шақыру қағазымен Ұлы Отан соғысына аттанған. Ол Белоруссия майданында №916 атқыштар полкінде атқыш болған. Белоруссияның Могилев қаласын азат ету кезінде ауыр жараланып, Қазан қаласындағы госпитальде емделеді. Елге 1944 жылы қайтқан. Соғыстағы ерліктері үшін І-дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, Ұлы Жеңістің 30, 40, 50 жылдығы, КСРО Қарулы Күштерінің 60, 70 жылддығы мерекелік медальдарымен марапатталған.
Соғыстан соң Бірлік ауылындағы шаруашылықтың қат-қабат істерінің ортасында болды. 1954 жылы Қазалы станциясына жол бұрушы (темір жолда рельсті ашып-жауып тұратын жұмысшы) болып орналасады. Сол жылы нағашы әжем Күләшпен шаңырақ көтерген. Екеуі де жоқшылық пен қиындықты көп көреді. Әжемнің әкесі соғыстан оралмайды. Әжем де атаммен бірге Қазалы станциясында темір жол саласында істейді. Әр жылдары болат жол бойында түрлі жұмыстар атқарған атам 1986 жылы зейнет демалысына шығады. 1993 жылы жасы 76-ға қараған шағында дүниеден өтеді. Ал әжем Күләш болса 2016 жылы өмірден озды.
Нағашы атам мен әжем 5 қыз бен 3 ұлын тәрбиелеп өсірді. Бастарынан нендей ауыртпашылық өтсе де мойымай, балаларының бәріне жоғары білім алып берген. Көздері тірісінде ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, олардан немере, шөберелер сүйіп, армандары орындалды. Үлкені Бақыткүл әке жолын қуып, теміржолшы атанып, Қазалы локомотив жөндеу депосында краншы мамандығын меңгерді. Бүгінде зейнет демалысында. Алмагүлі Шымкент қаласында, қазіргі таңда зейнеткер. Айнагүлі (менің анам) Әйтеке би кентінде, кәсіпкер. Сәулемай қызы Шымкент қаласында өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Ал кіші қызы Бағдагүл Жалаңтөс ауылындағы амбулаторияда мейіркеш. Ал ұлдары Бағдат Шымкент қаласында дәрігер болса, Қажымұқаны Байқоңыр қаласында ғарыш саласында білікті инженер. Кіші ұлы Қайрат Алматы қаласында кәсіпкерлікпен айналысады.
Атам мен әжем өздері жалғыз өскендіктен шығар өте балажан еді. Немерелерін жанынан қалдырмайтын. Барлығын айналып-толғанып, еркелетіп отыратын.
Өткен жылы атамның дүниеге келгеніне 100 жыл толды. Осындай мерейлі сәтке орай елі үшін, ұрпағы үшін бар ғұмырын сарп еткен аяулы атамның ұлағаты өмірі туралы жазып, газет бетіне жариялауды перзенттік парызым деп есептедім. Сендердің рухың өшпейді, мәңгі бізбен бірге жасай береді ардақты ата, асыл әже!
Ақылбек ҚАЗЫБЕКҰЛЫ,
немересі, Әйтеке би кенті.