Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жетпіс үшінші рет желбіреген жеңіс туы

Жетпіс үшінші рет желбіреген жеңіс туы

Әлемді дүр сілкіндірген екінші дүниежүзілік соғыстың қасіреті мен Ұлы Жеңістің қасиетін, батыр аталарымыз бен апаларымыздың ерлігін ешкім де, ешқашанда ұмытпақ емес. 9 мамыр – Жеңіс күні. Бұл мереке әлемді тыныштықта тербететін бейбітшілік пен ынтымақтастықтың әрқашан жеңетінін дәлелдеді. 1418 күнге созылған сұрапыл соғыста Отанын қорғаған қаһарман жауынгерлердің айбыны мен тылдағы жеңісті жақындатқан жұмысшылардың ерлік еңбектері біздің санадан мәңгі өшпейді.
Елу миллионнан астам өмірді жалмаған екінші дүниежүзілік соғыс әр қазақ отбасы үшін орны толмас қайғы-қасірет әкелді. Аяқ астынан басталған әділетсіз арпалысқа Қазақстаннан екі миллионға жуық түрлі ұлт өкілдері әскер қатарына шақырылды. Майдан даласынан 394 мың қазақ боздағы қайтпай қалды. Бірінің әкесі, бірінің ағасы қаза тапты. Қаншама көкөрім боздақтардың қыршын жасы қиылды. Қауызын ашпай көктей қырқылған жандардың қатарында 10 500-ден аса қазалылық жерлесіміз бар. Отан қорғауға Қазалыдан аттанғандардың 5 мыңдайы ғана жаралы әрі науқас күйінде елге оралды.
Еркіндік пен қатыгездік тайталасқан айқаста ерен ерлік танытқан қазалылық алты азамат Үрмәш Түктібаев, Геннадий Шляпин, Яков Михайлюк, Владимир Счастнов, Мақаш Балмағамбетов, Біліс Нұрпейісов Кеңес Одағының батыры атанды.
Бүгінде қан майданнан оқ пен оттың арасынан аман қалып, туған жерге табаны тиген Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатары жыл санап азайып барады. Қазір арамызда қалғаны – Лепес Әуесбай, Пірназар Мырзатаев, Тілеуберген Тобаберген, Қалеп Бектұрғанов, Қабақ Смағұл ғана.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА

Лепес Әуесбайұлы 1921 жылы «Ұялы» елді мекенінде дүниеге келеді. Әуесбайдың жалғызы Лепес соғысқа аттанғанша теңізде су маржанын сүзіп, әке жолын қуды. Соғыс басталған алғашқы жылдың жазында майданға алынған бозбала I Украина майданына тап келді. Ол №169 айрықша саперлер батальонында болды. Күндіз-түні ұрыс алаңын минадан тазартып, екі рет «тіл» алып келуге жау тылына аттанды. Ұрыс даласындағы қайтпас қайсарлығы мен ерен ерлігінің нәтижесі болар Лепес ақсақалдың кеудесінде бірнеше медальдар мен «Қызыл жұлдыз» ордені ерекше жарқырайды.
Бүгінде тоқсан жеті жастың төріне шығып отырған соғыс ардагері Лепес Әуесбайұлы 1941 жылы майданға қатардағы жауынгер ретінде аттанып, 1947 жылдың желтоқсанында старшина шенімен елге оралды. Туған жерді түлетуге білек сыбана кірісті. Колхоздың мал фермасын басқарып, шаруашылықта өзге де түрлі қызметтер атқарып, 1981 жылы зейнеткерлік демалысқа шықты.
Жары Зәуре екеуінен тараған ұл-қыздан немере-шөбере сүйіп отырған ақсақалды ата.


Қан майдандағы қырғынды көзімен көрген Пірназар қария Аранды ауылдық округіне қарасты Қожабақы ауылының перзенті. Ол фашистер тұтқиылдан шабуыл жасаған сұрапыл жылы 21 жастағы бозбала еді. Пірназар Мырзатайұлы 1942 жылы соғыс өрті өршіп тұрған шақта Қызыл армия қатарына алынды. Біршама уақыт әскери дайындықтан өтті. Оның майдан даласындағы өмірі Сталинград қаласын қорғаудан басталды. 1942-1943 жылдары атқыштар сапында, 1943-1945 жылдары пулеметші болды.
Ер мінезді жас жауынгер Сталинградтан кейін де кескілескен ұрыстарға түсіп, Харьков, Минск, Кишинев пен Польшаның Варшава, Венгрияның Будапешт, Австрияның Вена қалаларын неміс басқыншыларынан азат етуге бастан-аяқ қатысты.
Сұрапыл соғыс жылдарын еске алған Ұлы Отан соғысы ардагері талай тағдырдың куәсі болған тұңғиық көздерін алысқа қадап, бүгінгі күнге шүкіршілік етеді. Қолдарымен суланған жанарын сүртіп жатып, «Соғыстың несін айтайын қарағым, бұл қасірет енді қайта келмесін. Біз 9 мамыр күні де соғысып жаттық. Тура сол күні біздің дивизия немістің ірі қаласы Милькті басып алды. Алайда, қаншама майдандастарымыз қаза тапты. Бұл күні қуаныш пен қайғыдан қатар егілген едік», – деп еске алды.
Пірназар Мырзатайұлы соғыстан кейін Германияда әскери комендатурада және Чехословакияның шекарасы Гмонда қаласында әскери қызметте болып, елге 1946 жылы шілде айында оралды. Омырауындағы «Қызыл жұлдыз» ордені, «Германияны жеңгені үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Сталин үшін» медальдарының әрқайсысы оның бойындағы намысын, қайрат-жігерін, отансүйгіштігін аңғартады.

Мектеп бітірісімен Октябрь колхозы төрағасының хатшысы болып жүрген алғыр жігіт Қабақ та ел басына күн туған шақта қатарластары секілді әскери комисариаттан шақырту қағазын алады. Тағдырдың бұралаң жолы Қабақ Смағұлұлын майдан даласынан бір-ақ шығарды. Ол қолбасшы Рокоссовский басқарған III екпінді армия сапында неміс фашистеріне қарсы шабуылға шықты. Станокты пулметтің көздеушілігін меңгеріп, Тула қаласын азат етуге атсалысты. Жан беріп, жан алысқан шайқаста көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен награтталды. 1943 жылдың қысында Орел қаласын жау құрсауынан босатау шайқасына қатысты. Осы ұрыста жас жауынгер ауыр жараланып, Горький қаласындағы әскери госпитальға жатқызылды. Шайқас кезіндегі батылдығы ескеріліп, «Ерлігі үшін» медалі берілді. 1943 жылдың қарашасында арнаулы медициналық комиссияның ұйғарымымен соғысқа жарамсыз деп танылып, туған жерге қайтарылды.
Елге жетісімен «Жаңабасшылық» колхозында есепшілік қызметке орналасты. Одан кейін Октябрь колхозына есепшілікке ауысты. Соғыс аяқталған соң әскери комисариат арқылы Қарағанды қаласын қалпына келтіру жұмысына араласты. Кейін ауылдық кеңестің хатшысы, №24 мектептің, №5 санаториялық мектеп-интернаттың, аудандық оқу бөлімінің, аудандық мал сою пунктінің, Майдакөл ауылдық кеңесінің есепшісі қызметтерін абыроймен атқарды.
Алла тоқсан бесінші көктемін көруді нәсіп еткен майдангер әлі де тың. Газет-журнал оқып, жыл сайын көктем жеткенде бақшалық жерін баптауды да ұмытпайды.


1945 жылғы 9 мамырдағы Жеңіс күнін Берлин қаласында қатардағы жауынгер ретінде қарсы алған Тілеуберген Тобабергенұлы Қазалы ауданының №2 ауылдық Кеңесіне қарасты Жамбыл колхозындағы егінші Тобаберген мен сауыншы Рыскүлдің тұңғышы еді. Бала кезінен елгезектігімен көзге түскен Тілеуберген бау­ырларына күні бойы жұмыста жүрген әке-шешесін жоқтатпайтын. Осындай бірқалыпты өмірдің бір-ақ күнде астаң-кестеңі шықты. «Соғыс басталыпты» деген қаралы хабар елді дүр сілкіндірді.
Тілеуберген де қатарластары секілді балалықтың бал дәмімен ерте қоштасты. 1942 жылы Отан алдындағы борышын өтеуге шақырылған бозбала Өзбекстан Республикасының астанасы Ташкент қаласының маңындағы Шыршық стансасына жеткізілді. Осында бір ай бойы әскери дайындықтан өтті. Бір күні әскери эшелонға тиеліп, Мәскеу іргесіндегі Смоленск қаласына жетті. 150-ші зеңбіректі атқыштар полкінде қолына қару ұстап, майдан даласына еніп кетті. Бір жылдан кейін 291-ші атқыштар полкі құрамына жіберіліп, Белоруссияны, Польшаны, Чехословакияны, Кинигсберг, Калининград қалаларын жаудан азат етуге қатысты. Маршал Г.Жуков басшылық ететін 158 гвардиялық полктің 28-ші автомат ротасы сапында Отан алдындағы борышын өтеп, бірнеше рет батылдығымен көзге түсті. Бас қолбасшы И.Сталиннің қолы қойылған «Алғыс хат» алып, «Кинигсберг қаласын азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды. Соғыстан кейін неміс-фашист басқыншыларының тұтқынға алынған жауынгерлерін күзетуге қалдырылып, туған жерге 1947 жылғы тамыз айының аяғында оралды.

Абай ауылы маңындағы қарапайым шар­уа адамдары Бектұрған мен Ақжанның отбасында бірнеше құрсақ көтерсе де бала тұрмайды. Бір күні ақ түйенің қарны жарылып, шаңырақты шаттыққа бөлеп тағы да ер бала дүниеге келеді. Қуаныштан асып-тасқан ағайын баланың атын ырымдап, Қалеп қояды.
Қалеп Бектұрғанұлы тұрмыстың тауқыметін буыны қатпаған бала кезінен татып өсті. Білімге құштар бала Қазалы қаласындағы №16 мектептен 5 кластық білім алды. Оқуды одан ары жалғастырам деп жүргенінде соғыс басталып кетіп, арманы аяқсыз қалды.
1942 жылы 19 жастағы бозбала Қалеп әскер қатарына қабылданды. Олар әуелі Чкалов қаласында күні-түні оқу-жаттығуына қатысады. Қарт майдангердің айтуынша, ол ПВО әскерінің сапында 1942 жылдың жан алып, жан беріскен шайқастарына Мәскеу маңында кіріседі. 1943 жылғы қиян-кескі ұрыстың бірінде желкесіне оқ тиіп, Рязань облысындағы госпитальда үш ай емделеді. Жарақатынан айыққан соң, қайтадан соғыс даласына аттанады. 1943 жылдың қыркүйегінде аяғынан қатты жараланып, екінші мәрте Мәскеудегі әскери гопитальға түседі. Осы жолы Қалеп Бектұрғанов денсаулығына байланысты әскери комисариаттың ұйғарымымен соғыстан босатылып, елге жіберілді.
Майданнан жарақат алып келсе де ол жатпай-тұрмай колхозда еңбек етті. Абай колхозында ферма меңгерушісі, жүк қабылдаушы болды. 1955 жылдан бастап балық зауытына балықшылыққа ауысып, осында 21 жыл табан аудармай тер төкті. Құдай қосқан қосағы Айымша Нұрмашевамен өмірге бес ұл, 3 қыз әкелді. Ұрпақтарына ұлағатты өмір жолымен үлгі болған Ұлы Отан соғысы ардагерімен бала-шағасы үнемі мақтанып отырады. Асқар тау аталарының айтқанын екі етпейтін немере-шөберелері де әркез жанынан табылатын жанашыр қамқоршыларына айналған.


06 мамыр 2018 ж. 2 941 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031