Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ағайынның ұрысы – алаңқайдың жыртысы

Ағайынның ұрысы – алаңқайдың жыртысы

Аудан орталығы саналатын В.Счастнов пен Желтоқсан көшесі бойында орналасқан көпқабатты үйде тұратын ағайындар полиция қызметкерлеріне апта сайын қоңырау шалып, шақыруға мәжбүр. Себеп – мөлтек аудан ортасында орналасқан футбол алаңына талас.
Мәселенің мән-жайымен толығырақ таныспақ оймен мөлтек ауданға жол тартқанбыз. Сондағы тұрғындардың жанайқайын тыңдамақ болып, кездесуге келіскен едік. Өкінішке орай көпқабатты үйлер аумағын жауын-шашын әсерінен түгелдей су басып қалды. Дәлірек айтсақ, жүріп-тұру мүмкін емес. Тіпті кей ата-ана аяқ басар жер қалдырмаған шалшықтың кесірінен мектеп жасындағы балаларын білім ошағына жіберуге қорқып отырған көрінеді.
Қуанышымызға орай, «WhatsApp» желісі арқылы тұрғындардың бірімен тілдесе алдық. Қосқабатты үйдің тұрғыны Айнұр Тәжібайқызының айтуынша, осында бірнеше жыл бұрын екі футбол алаңы пайдалануға берілген көрінеді. Себебі сол маңдағы жасөспірімдердің аяқдопқа әуестігі бар екен. Бірақ, бала-балғындарға арнайы ойын алаңы болмаған соң, футбол ойнауға келген жастармен жағаласып ойнауға тура келеді. Бұдан кейін, балғындарға футбол алаңынан шығуды өтінген жастар мен олардың ата-аналары көбіне шүйілісіп қалады екен. Әрине тиісінше ата-аналар учаскелік полицейге хабарласып, қос тарап тал түсте айқайға басады.
– Иә, учаскеден ойын алаңы мәселесі бойынша жиі қоңырау түсіп тұрады. Оқиға орнына жеделдетіп жетеміз де, қос тараптың базынасын тыңдаймыз. Алайда тұрғындардың жанайқайы әдеттегідей сол бір ойын алаңына сыйыспау. Бірақ Заң аясында ешқандай құқық бұзушылық орын алмайды. Сол себепті біздің тараптан тек екі жақты бітімгершілікке шақыру жұмысы ғана атқарылады, – дейді аумаққа жауапты учаскелік полицей, аға лейтенант Дәурен Құлмырзаев.
Расымен полиция қызметкерлерінің мұндай дауда екі жақты татуластырудан басқа шарасы жоқ. Тұрғындар құзырлы органдарға да бірнеше рет хабарласқандарын айтады. Бірақ «ешбір нәтиже жоқ» дейді олар.
– Ашығын айтар болсам, біз тұратын қос көше аудан орталығына жатады. Алайда мұндағы жай-күйіміз сол орталыққа сай келмей тұр. Ең бірінші мәселе ол – осындағы үйлердің апаттық жағдайда тұруы. Оны қоя берші... Оны айта, айта жақ талды. Қайта, қайта жатталды. Жергілікті билік ең болмаса осы бір «балалар алаңын салып берсе» деген өтінішімізге құлақ асса жақсы болар еді.
2020-2021 жылдары аудан әкімі М.Ергешбаевқа осы өтінішімізді бірнеше мәрте айтып едік, ол да ескерусіз қалды. Өкінішке орай, баяғы жартас сол жартас күйінде тұр. Әрине бұқаралық спортты қолдап, қос алаңды салып бергендеріне еш наразылығымыз жоқ. Бірақ балғын көңілін де ойлап қою керек. Әрбір ата-ана секілді баланың төрт қабырғада қамалып, телефонға телміріп отырмасын деген оймен ойын баласының сергіп қайтқанын қалаймыз ғой. Өкінішке орай жағдай сол, футбол ойнауға келген балалар алаңнан қуып шығады. Ендігісін «балалар жылы» аясында бір шешімін табар деп отырмыз, – дейді көпқабатты үй тұрғыны.
Қазақта «Сабақты ине сәтімен» деген жақсы тәмсіл бар. Биылғы балалар жылы аясында көптің базынасын басып, ойын балаларына тиісті алаңды салып берудің сәті түсіп тұрған сияқты. Қателеспесек, жыл басында аудан басшысы М.Әуесұлы брифингкте белгілі жыл аясында жергілікті кәсіпкерлердің демеуімен кентте бірнеше ойын алаңы бой көтеретінін тілге тиек еткен. Сол бірнешеуінің бірін осы маңға орналастырып, пайдалануға берсе, расымен нұр үстіне нұр болар еді.
Қазір бұрынғыдай балалардың топыраққа аунап жүре беретін заманы емес. Заманның ағыны өзгерді, талғамы артты. Сондықтан балалар ойын алаңын көбейтсекекен. Көптен айтылып келе жатқан бұл мәселе аудан әкімінің назарынан тыс қалмайды деп ойлаймыз.

Серік АҚМЫРЗА
05 қараша 2022 ж. 392 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031