Аудан әкімі көп қабатты үйлердің тұрғындарымен кездесті
Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Әйтеке би кентіндегі Желтоқсан және В.Счастнов көшесіндегі көпқабатты үйлердің тұрғындарымен кездесті.
Желтоқсан көшесі №12 үйдің алдында өткен кездесуде тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді аудан басшысына басшысының назарына ұсынды. Олардың қатарында көпқабатты үйлердің сыртын әрлеу, ауласына тротуарлар орнату, жарықшам салу, подъездерді жөндеу сияқты мәселелер бар. Онан бөлек, кейбір тұрғындар жаңбыр жауған уақытта пәтердің төбесінен су ағатынын айтып, шатырды жөндеу туралы ұсыныстарын айтты.
Барлық тұрғындардың ұсыныс-пікірлері мен өтініш-тілектерін тыңдап болған соң аудан әкімі Мұхтар Оразбаев өзінің жауабын берді.
– Сіздердің көтеріп отырған мәселелеріңіз өте орынды. Алайда біз бұл үйлер жеке болғандықтан кондоминиум объектілерді жөндеуге қаржы бөле алмаймыз. Бұл жұмыстарды модернизациялау арқылы бітіре аламыз. Бұл дегеніміз бюджеттен қаржы бөлініп, Сіздердің үйлеріңіз жөнделеді. Ал ол қаржыны тұрғындар ай сайын аз мөлшерде төлеу арқылы бюджетке қайтарады. Осындай жол Сіздер үшін өте тиімді. Қазіргі таңда бұл жұмыстарды үйлестіруге байланысты заңға өзгерістер енгізіліп, уақытша тоқтап тұр, – деді Мұхтар Әуесұлы.
Бүгінгі күні Желтоқсан көшесіндегі 3 үй (№4, 8, 10) мен В.Счастнов көшесіндегі 1 үйге (№7) модернизация жұмыстарын жүргізуге жоба-сметалық құжаттары дайындалған. Қаржыландыру көздері қарастырылып жатыр.
Мұнан соң тұрғындармен бірге Желтоқсан көшесі №2, 4, 6, 8 және 10 үйлердің подъездерін аралап көрді.
Сондай-ақ, ардагер ұстаз Ұрқия Тайпақова тұратын В.Счастнов көшесіндегі №3 үйдің ауласы мен подъезін аралап көрді. Тұрғындардың айтуынша бұл үйге 2018 жылы модернизация жобасы арқылы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Шатыры да ауыстырылып, сыртқы келбеті ажарланып тұр. Тұрғындардың ауызбіршілігімен аулаға егілген ағаштар жапырағы жайқалып өсіп тұр.
Зейнеткер Ұрқия Тайпақова көпқабатты тұрғын ұйлердің ауласына халықтың балалары үшін салынған жасанды төсеніш төселген футбол алаңның қазіргі жайы адам аярлықтай екенін айтты.
Кездесуге В.Счастнов көшесінің тұйығында тұратын бірнеше тұрғындар да келіп, өздерін жол мен жарықшам мәселесі толғандыратын жеткізді. Тұйық көшенің тұрғындарының айтуынша, көктем мен қыс мезгілдерінде оқушылардың мектепке баруы қиыншылық туғызады. Сол үшін де бұл мәселеге бей-жай қарамауды сұрады.
Аудан басшысы тұрғындармен бірге ол көшелерді де аралап, мәселенің мән-жайымен танысты. Алдағы уақытта қаржының мүмкіндігіне қарап, жолға гравий тас төсеу немесе жарықшам мәселесін шешу жолдарын қарастыратынын айтты.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев «Мелиоратор» мөлтек ауданына да барып, бұған дейін атқарылған жұмыстармен танысты. Аудандық бюджеттен бөлінген қаржыға көптеген жұмыстар жүргізілді. Атап айтар болсақ, мөлтек аудан ішіне жаяу жүргіншілер жолы төселіп, жаңа әжетханалар бой көтерді. Сондай-ақ, жаттығу алаңы да салынды.
Аудан басшысының келгенін көрген тұрғындар өздерінің сұрақтарына жауап алып қалуға тырысты.
Өзін көпбалалы әкемін деп таныстырған азамат көпқабатты үйдің тұрғындарына бірінші кезекте өздерінің заттарын қоятын сарай қажеттігін айтты. Сондай-ақ, канализация проблемасы да өзекті екенін жеткізді.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев бұл айтылған мәселелерді сала мамандарымен бірге талқыланып болған соң шешім қабылданатын жеткізді.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат