Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Құрылыс қарқыны қуантады

Құрылыс қарқыны қуантады

Жыл өткен сайын елдің даму процесі көз ілестірмес жылдамдықпен қарыштап келеді. Оның ішінде инфрақұрылымы қарқынды Қазалы ауданы да бар. Бүгінде заман талабына сай жағдай жасалып, зәулім ғимараттар көптеп бой көтеруде.
Жалпы, кент орталығындағы 205 көшенің 45522 тұрғынына қолайлы жағдай жасау мақсатында кентішілік инфрақұрылымдық жағдайлар жасалып келеді. Аталмыш шаруалар биыл да өз жалғасуда.
Соның бірі – «Қызыл ипотека» аталып кеткен, Әйтеке би кентінің 5 квартал аумағындағы 18 пәтерлі 6 жалдамалы үйдің жанындағы абаттандыру жұмысы. Кенттің бас қақпасы саналатын бұл жерді көркейту мақсатында шағын демалыс орындарын ашу, әдемі аллея салу жұмыстары жүргізілуде.
Атап айтар болсақ, жобада балалар алаңы, көше тренажерлері, футбол мен стритбол алаңдары және тағы басқа халыққа қажетті нысандар бой көтеруде.
– Негізі көркейту-абаттандыру жұмыстары кент кіреберісінен ­басталып жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Өзім 2-3 жылдан бері осы көпқабатты үйдің тұрақты тұрғынымын. Мұнда жылу, су, газ, жарық сынды мәселенің барлығы шешілген. Өздеріңізге белгілі, жаз мезгілінде көпқабатты үйлерде отыру мүмкін емес. Басты мәселе осы еді. Ойын алаңы мен бой жазып, сергіп қайтар аллея болса екен деген тілек-талабымыз. Енді балалар алаңы мен қатар футбол, баскетбол құрылғылары жасалынып, көше беткейге үлкен демалыс орны салынып жатыр. Жастар мен үлкендерге, жалпы қонақтар мен тұрғындарға тамаша тарту болды деп ойлаймын, – дейді көпқабатты үйдің тұрғыны А.Нұрханқызы.
Әйтеке би кентінің кіреберісінде орналасқан бұл көпқабатты ғимараттар 2019 жылы пайдалануға берілген. Қазіргі таңда 6 көпқабатты, 108-пәтерлі тұрғын үйде көпбалалы аналар, асыраушысынан айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және халықтың әлеуметтік осал тобына жататын тұрғындар қоныстанған.
– Биыл 18 пәтерлі 6 жалдамалы үйдің аумағын абаттандыру жұмыс жобасы басталды. Қазіргі таңда «Сараптама Consulting» ЖШС жұмыс жасауда.
Жоба іске асырылған жағдайда Әйтеке би кентінің сәулеттік келбетін жақсартуға, сондай-ақ тұрғындардың қолайлы ортада өмір сүру деңгейін көтеруге, демалыс орындарымен қамтамасыз етуге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Аталмыш жұмыстардың уақытылы бітуі күн тәртібінде тұр, – дейді жауапты сала басшысы Мұрат Әбсұлтанов.
Ел игілігі үшін берілетін бұл алаңның тұрғындардың сүйікті орнына айналары сөзсіз. Жергілікті жерді дамыту жолында аянбай еңбек етер жандардың мұнымен тоқтап қалмасына кәміл сенеміз.

Серік АҚМЫРЗА
18 қазан 2022 ж. 228 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031