Қарттарға қамқорлық
«Қарттар – асыл қазынамыз» деп ардагерлерге лайықты құрмет көрсету ауданымызда жылдан жылға еселеп артып келеді. Соның бір айғағы ретінде аудан әкімі М.Оразбаев «Қарттар күніне» орай жасаған игі шараны айтсақ жарасады.
Сол күні ардагерлерді марапаттаумен қатар Қазақстан Республикасы ардагерлер кеңесінің құрылғанына 35 жыл толуына арналған «Өнеге көрсету үлкеннен, үлгі алу жастардан» атты кітаптың тұсауы кесілді. Ардагерлер кеңесіне 35 жыл атты медаль салтанатты түрде тапсырылды. Кітаптың авторы Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов. Аудан әкімдігінің тікелей демеушілігімен 565 беттік жаңа үлгімен шыққан бұл кітап көп нәрседен хабар береді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеулерінен үзінді келтіре отырып, жаңа Қазақстанды құру жолындағы ардагерлердің рөлін айқындаудан бастап, ардагерлер ұйымының тарихын, бүгінгі атқарып жүрген жұмыстарын және ертеңгі күнгі міндеттерін қамтитын деректі һәм өмірге керекті кітап. Бұл кітаптан Қазалыдан шыққан бүгінгі мұсылман елдері мен көріпкел әулие әлемге әйгілі Қорқыт бабадан бастап, әулие, би, батыр бабаларымызбен шежіреші, жырау, ақын мен әнші күйшілерін еңбек ерлерін, Ұлы Отан соғысының батырлары мен ардагерлерін, кешегі өткен, облыстық ардагерлер ұйымын басқарған Елеу Көшербаев пен Сейілбек Шаухамановтардың абзал, адал істерін, аудан әкімдерінің ардагерлерге жасаған қамқорлығын, қалталы азаматтардың жомарттығын, ауданнан шыққан тұлғалар туралы оқып білесің.
Осы ұйымды құрып, алғышартын жасап берген аудандық ардагерлер кеңесінің алғашқы төрағасы Ерғали Төлепов мен екінші төрағасы Өмірзақ Рысмахановтар туралы толық деректер бар. 2005 жылдан бері Бекбанов Оразғали басқарып келе жатқан, бұл қоғамдық ұйымның 8 мыңнан астам мүшесі 75 бастауыш ұйымына біріктірілгенін, олардың аудандық ардагерлер кеңесінің жоспарына сәйкес ауқымды жұмыстар атқарып жатқанын кітапта айғақтармен, суреттермен, сандармен нақты көрсетілген. Келер ұрпақ қиналмай керекті мағлұматтармен деректерді аудан тұлғаларын осы кітаптан табатын болады.
Төраға Орекең өте талапты, қайсар іскер, бесаспап және жаңалыққа бастамашыл. Осы қасиеттері жыл өткен сайын үдемесе кеміген емес. Қазіргі кезде аудан ғана емес, облыс көлемінде келелі кеңесте орамды ой, сапалы сөз, өз ойын тура айтатын, берекелі бата беретін абыз ақсақал атанып ауданның мақтанышы болып жүргені бізді қуантады.
Көп жылғы ұстаздық пен теміржол училещесін басқарған, кезінде Одаққа атын шығарған Қазақстан Республикасы білім саласының «Құрметті қызметкері» ретінде және ширек ғасыр аудан орталығын әкім болып басқарғандағы бай тәжрибелерін толығымен ардагерлер ұйымының жұмысын жақсартуға жұмсауда. Және ол өз нәтижесін беруде. Осы саланы басқарғаннан бастап аудан ардагерлер ұйымы Облыста алдыңғы орынға шығып, одан Республикаға танылып, алға шықты. Орекең ҚР ардагерлер кеңесінің пленум мүшелігіне, төрт дүркін съезге делегат болып сайланды. Қазақстан Республикасы ардагерлер кеңесінің алтын қорына енген азамат. Облыстың бірнеше рет көшпелі семинарларын өткізді.
Қазалының ардагерлерін Қожа Ахмет Яссауи және Арыстан баб, Қорқыт Ата мен Мағдум Ағзам кесенелеріне, аудандағы көрнекті жерлерге, Алматы Ташкент, Самархан, Бұхара, Бекет ата, Шопан ата, Экспо-17 тағы басқа жерлерге экскурсия жасатты. Қаншама қарттар өмірде көрмеген жерлерді көріп, әулиелерге зиярат етіп, рухани байлықтарын молайтты.
Республика аудандарының ішінен бірінші болып Ардагелер үйін салдырды, оның ішіне ардагерлер жиналып кеңесетін, демалып, денешынықтыратын және ем-дом алатын, қабырғасын музейге, ауласын түрлі-түсті гүлге орап, егілген алма, шие, сары өрік ағаштары жемісін беріп тұр.. Бірінші болып «Қазалы ардагерлер ұйымына 30 жыл» және 35 жыл медальдерін шығарды. «Қазалының ардақты ардагерлері» және “Өнеге көрсету үлкеннен, үлгі алу жастардан” атты кітаптардың авторы.
Сонымен қатар Ардагерлер үйінде жиын, кеңестен басқа, 2015 жылдан бері апта сайын саяси және тәлімдік ұлттық салт-сананы, әдет-ғұрыпты тіліміз бен дінімізді адами қасиетті қалыптастыру жайлы дәрістер беріліп өнеге, өсиет, шежіре сөздер айту сабақтардың тұрақты өтуі дағдыға айналды. Сол сабақтардан іріктеліп алынған 83 баяндамашының және ардагерлердің ақ тілегі, елдің ауызбіршілігін сақтаудағы еңбектері, мемлекет бағдарламаларының орындалуына тигізіп жүрген ықпалдары сонымен бірге Орекеңнің мақалалары осы кітапта басылған.
Бұл мақалада жастарға үлгі боларлық, тәлім-тәрбие берерлік, салауатты өмірсалты, салт-дәстүр мен әдет-ғұрып, және діни ұғымдар туралы мағлұматтар бар. Сонымен бірге келешек ізбасарларымыз да, үміткерлер де аталып суреттері көрсетілген.
Талай мақалалар мен кітаптардың авторы, әмбебап Орекеңнің осы ауқымды да фундаменталді кітабын оқығандарға керегінің бәрі табылады.
Тәуелсіз бейбіт те, берекелі елімізде қарттарымызға қамқорлық арта берсін. Ардагерлеріміздің таланттары ашылып, демеушілері көбейіп, тәжрибелерін бөлісетін көркем туындыларымен қазынамыз толыға түссін.
Сержанқожа БЕРДЕНҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі