Қартқа құрмет – ұрпаққа міндет
Жұма күні Халықаралық қарттар мерекесіне орай салтанатты шара өтті. Оған Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері мен Қазалы ауданының құрметті азаматтары және көп балалы аналар қатысты.
Мерекелік шарада аудан әкімі Мұхтар Оразбаев құттықтау сөз сөйлеп, игі тілегін жеткізді.
– Қарттар күні – еліміздің өркендеуі мен дамуы үшін қажырлы еңбек еткен, халқымыздың болашағы үшін тер төккен алдыңғы буын аға-апалардың төл мерекесі. Олардың өмір жолдары бүгінгі ұрпаққа өшпес қазына. Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ардагерлердiң жақсы өмiр сүруiне көп көңiл бөлiнуде. Жыл сайын зейнетақының өсуi, көп балалы аналар жәрдемақысының көбеюі, сондай-ақ, соғыс және еңбек ардагерлеріне жасалған жеңiлдiктер – аға буын өкілдеріне арналған қамқорлық. Қариясын құрметтеген елдің қашанда абыройы биік, мерейі үстем болары анық. Тәуелсіз еліміздің жас буынын патриоттық рухта тәрбиелеуде қарттарымыз әлі де жол көрсетіп, аталық ақыл-кеңестерін береді деген сенімдемін, – деді Мұхтар Әуесұлы.
Өмірінің көп бөлігін қоғамның әр саласында қажырлы еңбек етуге арнаған жандарға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов та лебізін білдірді.
Ізгі тілектерден кейін еңбегімен еленіп, ел болашағы үшін аянбай тер төккен бірқатар ардагерлер «Қазақстан ардагерлер ұйымына 35 жыл» мерекелік медалімен марапатталып, «Nur Otan» партиясы Қазалы аудандық филиалы мен Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің Құрмет грамотасы, республикалық ардагерлер ұйымы мен аудан әкімінің алғыс хаты табысталды.
Қариялардың мерейін үстем еткен көңілді кеште аудандық мәдениет орталығының өнерпаздары ән-күйден шашу шашып, арнайы сыйлық табысталды.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат