Аудан әкімі ардагерлерді мерекемен құттықтады
Бүгін халықаралық қарттар күні. Осыған орай аудан әкімі Мұрат Ергешбаев ардагерлерге арнайы соғып, мерекелерімен құттықтады.
Аудан басшысы алдымен Әйтеке би кентіндегі ардагерлер үйінде жиналған қариялар мен ақ жаулықты аналарды халықаралық қарттар күнімен құттықтап, сый-сияпаттар табыстады.
Басқосуда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов пен еңбек ардагері Ашықбай Тоғымов мереке күні ерекше көңіл бөлген аудан әкімі Мұрат Ергешбаевқа алғыс айтып, ризашылығын білдірді.
Мұнан соң аудан басшысы Әйтеке би кенттік клубында дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқан «Атамұра» халықтық ансамблінің өнерпаздарымен кездесті.
Кездесуде Мұрат Нәлхожаұлы өнерпаз ардагерлерді мерекемен құттықтап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Сонымен қатар, 70 жасқа толған ансамбль мүшелері Шамшагүл Захарова мен Ақжолан Балымбетовке «Құттықтау» хатты табыс етіп, сый-сияпат жасады.
Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай Қазалы ауданының құрметті азаматы Әбжами Жанаев қазақтың халық әні «Япурай» мен ұлы ақын Абай Құнанбаевтың «Айттым сәлем Қаламқас» әнін орындап, қошеметке бөленді.
Айта кетейік, «Атамұра» ардагерлер ансамблі бірнеше жылдан бері өз өнерлерін көрсетіп, көрермендер ризашылығына бөленіп келе жатқан өнер ұжымы.
Ансамбльдің құрамында КСРО мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Орақ Баубеков, 200-ге жуық әндердің авторы, жергілікті сазгер Нұрмаш Алғашбаев сияқты өнерпаздар бар. Ансамбльдің репертуарында қазақтың халық әндері мен күйлері және жергілікті ақын-сазгерлердің туындылары бар.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат