Еңбегі елге танытқан

«Жақсы келді дегенше, жарық келді десеңші, жақсылықтың уытын, алып келді десеңші» деп айтатын жерлес жандар жуырда облыс орталығында өткен Республика күніне арналған салтанатты шарада марапат мінберінен көрінді. Нақтыласақ, Қазалы ауданаралық ауруханасының дәрігері Көбек Наршабаев «Шапағат» медалімен, ауыл шаруашылығы саласының ардагері, Қазалы ауданының құрметті азаматы Берік Бисембаев пен Ы.Алтынсарин атындағы №204 мектептің директоры Ләззат Ізбасқан «Ерен еңбегі үшін» төс белгісімен марапатталды. Айтулы мереке қарсаңында абырой биігінен көрінген жандарды газет бетінен көрсеткенді біз де құп көрдік.
Көптің көз алдында, өз еңбегімен, білім-білігімен абырой биігіне өрлеген азаматтардың есімдері үнемі халықтың жадында жүреді. «Ақырын жүріп, анық басып» өмірге өз соқпағын салған Берік Бисембаев осындай жандардың қатарынан табылады.
Ауыл шаруашылығы саласының ардагері, Қазалы ауданының құрметті азаматы марапаттан кенде емес. Тіпті, Ғ.Мұратбаев ауылының әкімі болып тұрған тұсында талай игілікті іске ұйытқы болған жан. Одан бөлек 2018 жылы аудан әкімінің кеңесші қызметін де атқарған. Ол ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының «Құрмет грамотасымен» және «Ерен еңбегі үшін» наградатталды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің I дәрежелі «Еңбек Даңқы» төсбелгісімен және өткен жылы ҚР Ауыл шаруашылығы саласының үздігі атағымен марапатталды. Аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі жуырда облыс орталығында өткен ұлттық мерекеде «Ерен еңбегі үшін» медалін иемденді.
«Ұстазды алтын діңгекке теңер едім» деп ұлы педагог Ы.Алтынсарин айтқандай, ұстаз жолы – қиыншылығы мен рақаты бір басқа жетерлік мамандық атаулының ұлысы. Осы салада талай жылдан бері тер төгіп, ыстығымен суығына төзіп келе жатқан Ләззат Ізбасқан жоғары санатты мұғалім. Ол 2002 жылдың наурыз айынан бастап С.Сейфуллин атындағы №165 мектептің директоры қызметіне тағайындалды. 20 жыл бойы біліктілігімен ұжымды басқара білген басшының арқасында №165 мектептің жеткен жетістігі аз болмады. Оны біздегі жұрт жақсы біледі. Ал биылғы жылдан бастап Ы.Алтынсарин атындағы №204 орта мектептің директоры қызметіне келді.
«ҚР-ның білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағы бар азаматша жуырда ғана ұстаздар мерекесі қарсаңында ҚР білім және ғылым министрінің «Ы.Алтынсарин» атындағы төсбелгісін еншілеген. Еңбегінің арқасында биік белестерден көрініп жүрген Ләззат Шманқызы Республика күнінде «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісін иеленді.
Қай кезде де дәрігерлердің арқалар аманаты ауыр екендігі рас. Әсіресе бөгде бір жанның тағдыры қолында тұратын хирургтікі тіптен қиын. Үздіксіз біліміңді жетілдіріп, толықтырып отыруға тура келеді.
«Ердің атын еңбек шығарады» деген тәмсіл бекер айтылмаған. Көбек Наршабаевтың көп жылғы төккен тері мен ел-халыққа жасаған еңбегі ескеріліп, түрлі дәрежедегі дипломдармен марапатталған. Ол «КСРО санитарлық қорғаныс үздігі» төсбелгісінің және денсаулық сақтау саласының «Үздік дәрігер» атағының иегері. Төрт мәрте ауданның «Жыл дәрігері» атанған ақ халатты абзал жанға 2012 жылы «Қазалы ауданының құрметті азаматы» атағы берілген.
46 жыл осы салада еңбек етіп келе жатқан алтын қолды дәрігер бүгінге дейін шамамен 25000-нан астам әртүрлі көлемде ота жасаған. Осындай атпал азамат өткен Республика күнінде «Шапағат» төсбелгісін кеудесіне тақты.
Біз сөз еткен жандардың жақсы ниетінен туындаған қадамдары оларды осындай күнге жеткізді. Елдің қошеметі, айтқан алғысы көптің құрметтісіне айналдырды.
Абзал ЖОЛТЕРЕК