Қазалыда Бегалы Әйтмәмбетке арналған ескерткіш бюст ашылды
Бүгін Қазалы ауданында жерлесіміз, белгілі ғалым, медицина ғылымдарының докторы, профессор, профилактикалық медицина академиясының академигі Бегалы Әйтбембеттің ескерткіш бюсті ашылды.
Ескерткіш-бюсттың ашылу салтанатына аудан әкімі Мұхтар Оразбаев, аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап, Қызылорда облысы мен Қазалы ауданының құрметті азаматы Самұрат Имандосов, Бегалы Нұрманұлының жұбайы Кемал Ақанбайқызы мен інісі Бек Ерқанатов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов, Бақыткүл Әлішева басшылық жасайтын Қазалы ауданаралық ауруханасының қызметкерлері және ғалымның ағайындары қатысты.
Қазалы ауданаралық ауруханасының ауласында өткен ашылу салтанатында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев құттықтау сөз сөйлеп, атақты жерлесіміздің есімін абыроймен алып жүруге тілектес екенін жеткізді.
– Саналы өмірі мен еңбек жолында Қазақстан Республикасының, сондай-ақ өзінің туған жерінің тұрғындарына қолдан келген кеңесін беріп, емдеуін үзген жоқ, елге қажетті маман дайындаудан жалықпады. Бегалы – Қазақстан Республикасы медицинасының көрнекті кәсіби ұйымдастырушысы, ғалым, жоғары санатты дәрігер, терапевт, гигиенист, профпатолог, психиатр.
Бегалы Нұрманұлы барлық уақытта белсенді және ісіне адал ғылыми-зерттеуші болды. Ол 220 ғылыми еңбек жариялады, екі рационализаторлық ұсыныс пен жаңалық ендірді, медицина саласында 8 монография мен оқулық жариялады.
Медицина саласындағы ұйымдастырушылық және ғылыми жетістіктері үшін Бегалы Әйтбембет «Ерен еңбегі үшін» медалін тағынып, «Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері» атағын иеленді. «КСРО Денсаулық сақтау үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Қазақстан денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Өмір үшін қызмет» төсбелгілері мен КСРО және ҚР Денсаулық сақтау министрінің көптеген Алғыс хаттары, Құрмет грамоталарын алды. Қазалы ауданының «Құрметті азаматы» атанып, «Қазалы қаласының 150 жылдығы» медалімен марапатталды, – деп атап өтті аудан әкімі Мұхтар Әуесұлы.
Салтанатты шараға қатысқан Қызылорда облысы мен Қазалы ауданының құрметті азаматы Самұрат Имандосов, медицина саласының ардагері Орақ Кеубасов, Бегалы Нұрманұлының жұбайы Кемал Ақанбайқызы мен інісі Бек Ерқанатов ескерткіш бюстының ашылуымен құттықтап, өнегелі өмірі, жарқын істері, өшпес іздері туралы айтып берді.
Айта кетейік, Бегалы Нұрманұлы – елімізде ғана емес, шетелдерге де танымал ұйымдастырушы-ғалым. Оның ғылыми байланыстары мен жарияланымдары, білім беру орталықтарында жасаған баяндамалары АҚШ, Италия, Дания, Франция, Ресей, Латвия, Литва тәрізді елдерге де жақсы таныс.
Білікті профессордың жетекшілігімен Арал өңіріндегі экологиялық жағдаяттың салдарынан бауыр ауруларының қабыну себептеріне арналған ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Оның ғылыми мектебінің арқасында күріш өсіру барысында қарбамат тыңайтқыштардың зияны жайлы, бауыр ауруын болжаудың және емдеудің амалдарын қарастыру, жергілікті тұрғындардың асқазан-ішек сырқаттарына арналған бір докторлық және бес кандидаттық диссертация қорғалды. Сонымен қатар осы өңірдің экологиялық жағдайына сипаттама дайындалды.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат