Ұлттық мереке ұлықталды
Кез келген ел азаттыққа қол жеткізген күнін ардақ тұтады, басқа мерекелерден айрықша қастерлейді. Сондықтан болар еліміз үшін биыл алғаш рет ұлттық мереке ретінде атап өтілетін Республика күнінің маңызы ерекше.
Халық қаһарманы Роза Бағланова атындағы мәдениет орталығында «Күн дидарлы Қазақстан» атты салтанатты шарада аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қазалылықтарды қасиетті мерекемен құттықтады.
– Бұл күннің тарихы 1990 жылы қазан айының 25-і күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданған күннен бастау алады. Сол сәттен бастап, егеменді Қазақстан өзіндік көзқарасы бар жеке мемлекет ретінде таныла бастады.
Бұл декларация ел тәуелсіздігінің іргетасы болды деп айтсақ қателеспейміз. Бұл күн – ата-бабамыздың ғасырлар бойы армандаған азаттық күні.
Мемлекет тарихын тану арқылы ғана еліміздің бүгінгі және ертеңгі гүлденуіне үміт артамыз. Өйткені, осы ұлы жолда қазақ хандығын қалыптастырған Жәнібек пен Керей хандардың, елі үшін еңсе тіктеген ұлы қайраткерлердің, тәуелсіздік жолында қан төккен Алаш ардақтыларының асыл арманын біздер жүзеге асыруға тиіспіз.
«Өткенін білмей, болашақ болмас». Бүгінгі біздің тәуелсіздігіміздің қайнар көзі – қазақ халқының сан ғасырлар бойы күресінде, азаттыққа ұмтылған қайсарлығында жатыр. Бүгінгі қасиетті мереке күні біз ұлт пен ел тәуелсіздігі жолында ғасырлар бойы күрескен ата-бабаларымыздың, боздақтарымыздың рухына бас иеміз, – деді Мұхтар Әуесұлы.
Салтанатты шарада ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өсіп-өркендеуіне лайықты үлес қосқан қазалылықтар марапат төрінен көрініп, «Amanat» партиясы төрағасының «Құрмет грамотасымен», ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің «Құрмет грамотасымен», Қызылорда облысының «Құрмет грамотасымен», аудан әкімінің «Алғыс хаттарымен» марапатталды.
Сондай-ақ, ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес бірқатар көпбалалы аналарға «Алтын алқа», «Күміс алқа» наградалары табысталды.
Ұлттық мереке – республика күніне орай ұйымдастырылған шарада аудандық мәдениет орталығының өнерпаздары ән-күйден шашу шашып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ