Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тарихи қадамның символы

Тарихи қадамның символы

1990 жылы қазан айының 25-і күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Сол сәттен бастап-ақ егеменді Қазақстан өзіндік көзқарасы бар жеке мемлекет ретінде таныла бастады.
Декларация демократиялық, әлеу­метті бейімделген және құқылы мемлекет екенін салтанатты түрде жариялады. Қазақстан сол кезде бірінші рет өзінің әлемдік көзқарасы, жеке салт-дәстүрі, болашақтағы даму жолы бар қайталанбас субъект екенін жариялады.
Қабылданған декларация Қазақ­станның болашақ тәуелсіздігінің ірге­тасы саналды. Бұл декларацияның қабылдануымен егемендігін мәлім ететін жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік өкіметтің дербестігі мен толықтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дер­бестігі, мемлекеттік рәміздері: Елтаңба, Ту, Әнұран, сондай-ақ ұлттық валютасы бекітілді. Қазақстанның егемендігі және территориясының тұтастығы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектелді. Осы кезден бастап демократиялық қоғам құру мақсатында ел ішіндегі қоғамдық-саяси құрылымға біраз өзгерістер енгізіле бастады. Ресми акт арқылы әлем картасындағы жаңа мемлекет – Қазақстан Республикасының негізі қаланды. Декларациядағы бағдарлама негізінде 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заң қабылданды.
Егемендік декларациясының қа­был­­дануы ел дамуына ерекше әсер етіп, қазақ қоғамына үлкен рухани сілкініс әкелді. Бұл күннің қай жағынан алғанда да маңызы өте жоғары. Еліміз 1991 жылы 16 желтоқсанда толыққанды тәуелсіздігін жария еткен соң, 25 қазанда Республика күні – мемлекеттік мереке ретінде 2009 жылға дейін атап өтілді. Бірақ бұл күн күнтізбеде қатардағы жұмыс күні ретінде қалып келді.

Шарафадин Алтынбайұлы, ардагер ұстаз:
– Жуырда Астанадан елі, жері, халқы үшін оттың ішінде, қарша бораған оқтың астында жүріп, майдан жолының басынан аяғына дейін, жауынгерлер рухын қасиетті үнімен ән шырқап көтерген Халық Қаһарманы Роза Бағланованың Қазалыда өткен 100 жылдық мәдени шарасына бір топ делегацияны апардым. Сол сапарда әсемделіп келе жатқан Қазалымды көрдім. Оның табанды көшбасшылары мен ел ырысын тасытып жатқан кәсіпкерлерінің, болашаққа құлшына ұмтылған жалынды жастарының толағай істеріне риза болдым.
Міне, бұның бәрі, ата-бабаларымыз армандаған, ұлы даланың Бауыржан сынды ұлдары мен Роза сынды қыздарының қорғап жеткізген ерліктері мен сайын даламызда Тәуелсіздік туының желбіреп тұруы ел бірлігінің арқасы.
Бабаларымыз тәуелсіздіктің азабын өздері алып, ғажабын бізге қалдырды деген пікірдемін. Қазіргідей алмағайып заманда ел тәуелсіздігі басты құндылық, оны көзіміздің қарашығындай сақтауымыз қажет. Себебі осы егемендік жолында қаншама буын өз өмірлерін құрбан етті. Соны естен шығармауымыз керек.
Сол үшін де, еліміздің бейбіт жолмен мәңгі ғұмыр кешу жолында, баршамыздың игі істерге себепші болып, қазақ елінің қуаттылығын нығайту бағытындағы ынтымақтастығымыз арта берсін. Халқыма аманшылық, еліме тыныштық тілеймін.

Сахи ҚАПАР, ардагер журналист:
– Мемлекет басшысы ұлттық мереке мәртебесін қайтарып, Егемендік күні ретінде атауды ұсынды. Осының нәтижесінде тиісті заң қабылданды. Арадағы 13 жылдан соң биылдан бастап Жаңа Қазақстандағы жаңашылдықтың бірі ретінде бұл күнді ерекше ұлттық статусы бар мереке ретінде атап өтетін болдық. Мұндай маңызды шешім қоғам үшін жақсы жаңалық болды десек артық айтқандық емес.
Көңілді серпілткендігі сол 25 қазан – Республика күні мемлекет құру жолындағы тарихи қадамның символы болу керегін ескерді.
Тәуелсіздіктің көк байрағын көкке көтерген Қазақ елі қазіргі таңда төрткүл дүниеге мәлім. Қазақстанда жыл сайын жасампаз істер қолға алынып, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарып келеді. Соның ішінде жас өрендер тәпрбиесіне ерекше мән берілген. Көптеген балабақша мен мектептер жаңадан салынып, пайдалануға берілуде. Бұл көңілге қуаныш ұялатады. Осындай береке-бірлігі тасыған еліміздің абыройы арта берсін.

Кенже-Әлі АСҚАР, мәдениет саласының ардагері:
– Бұл күн біздің тарихымызды ұмыттырмай, жыл сайын ерекше құлшыныспен атап өтуге маңызды. Осындай мемлекеттік мерекелерді кең көлемде ұйымдастырып, жаңаша жаңғыртуымыз керек. Ол өскелең ұрпаққа, әсіресе, жастарға қайсарлық пен рух береді. Өз еліне деген жас буынның сүйіспеншілігін арттырады.
Мәселен, Түркияда бұған өте ерекше мән беріп, қатты тойлайды. Барлық көше қызыл тудың түсіне көмкеріліп, барлығы бір кісідей атап өтеді. Мереке екені бірден білінеді. Бізде де осындай кең көлемде атап өту керек деген ойдамын.
Дербес Республика, тәуелсіз ел болуымыз ең алдымен, ұлттық құндылықтарымызды қайта жаңғыртты. Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді. Ұмыт бола бастаған ұлттық құндылықтарымыз ұлықтанды.
Ауданымыздың тіршілік-тынысынан дер кезінде хабар жеткізетін аудандық «Қазалы» газетінің барша оқырманын жаңаша жаңғырған, елдік пен бірлікке шақырған, мерейлі де ұлттық мереке – Қазақстан Республикасы күнiмен құттықтаймын. Жаңа Қазақстанымыз жасай берсін. Бейбіт елдің ертеңі еңселі, болашағы жарқын болғай.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА

23 қазан 2022 ж. 492 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031