Азаттық таңы атқан күн
Республика күні ұлттық мереке ретінде белгіленгелі бері халық арасында екіұдай пікір қалыптасты. Бірі бұл дата Тәуелсіздік күнінің орнын басып кете ме деп күмәнданса, екіншісі басыбайлы күннен арылған қуаныштың күні ретінде бағалайды. Желтоқсаншы боздақтардың әрбір тамшы қаны ұлт санасынан өшпейтіні, олардың азаттық үшін ерегескен ерен ерлігі тарихта тайға таңба басқандай қалары сөзсіз. Мемлекет басшысы сол себепті 16 желтоқсанды қыршын кеткен қазақтың аяулы азаматтарын еске алуға арналған қасиетті күн ретінде бағалап отыр. Ал әлем алдында шаңырағы бөлек, ешкімнің қабағына қарамайтын Республика ретінде жарияланған күн егемендік туралы Декларацияның 1990 жылы 25 қазанда Жоғарғы Кеңестің қаулысымен қабылданғанымен байланысты. Онда ҚазКСР егемендігі жарияланып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері бекітілді.
Рас, аталған құжат сан мыңдаған жылдар бойы есепсіз жан беріп, толассыз қанын төккен ата бабаның ақырғы арманы еді. Сол бұлыңғыр арман алғаш рет ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттарға тәуелді болды. Қазіргі ұрпақты қолы жеткен үлкен жеңісіне баланды. Декларацияда саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді өз бетінше шешу принципі де жарияланды. ҚазКСР-і өзінің ішкі әскерлерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құру құқығын алды. Ал Президент мемлекет басшысы, әкімшілік-атқарушы жоғарғы биліктің басшысы болып танылды. Жүздеген жылдар басыбайлы болған ұлттың дербес ханын сайлауға мүмкіндік берді.
Республика күнін мереке ретінде тойлау 1992 жыл басталды. Дегенмен тек 2001 жылы ғана мемлекеттік мерекелер қатарына енгізілді. 2009 жылдың сәуірінде бұл дата тізімнен алынып тасталғанын ескерсек, тарихи мәні бар күн 8 жыл ғана мерекеленді. Сол тұстағы Президенттің мұндай қадамға не үшін барғанын Парламент Мәжілісінің экс-депутаты Нұртай Сабильянов былайша түсіндіргісі келді.
– Егемендік туралы декларацияның тарихи мәнін төмендеткім келмейді, бірақ ол ха-лықаралық қатынастарда Қазақстанның дербестігін кепілдендірмеді. Тек бір ғана декла-рация негізінде басқа мемлекеттер Қазақстанды дербес субъекті ретінде мойындай алмады. Ол құжатта Қазақ КСР-інің егемендігі туралы айтылған. Ал «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданды. Тек осы заң қабылданған соң Қазақстан заң жүзінде рәсімделген тәуелсіз мемлекет мәртебесіне қол жеткізді. Әйтпесе, декларация қабылданған соң да біз бұрынғыдай КСРО құрамында қала бердік, тек одан шығу құқығын сақтадық. Аталған мерекені жою туралы шешім қабылдауға осы дәйектеме себеп болса керек, – деді Нұртай Салихұлы.
Республика күні мемлекеттік емес, ұлттық мереке санатына енді. Ұлттық мереке кезінде мемлекеттік органдарда міндетті түрде ресми іс-шаралар өткізіледі. Себебі олар ерекше тарихи маңызы бар және мемлекеттіліктің дамуына елеулі әсер еткен оқиғалар қатарына жатады. Бұдан бөлек, Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке мәртебесіне ие болды. Мұны қоғамдық-саяси маңызы бар оқиғаларға арналған күн деп түсіндіруге болады. Ал Тәуелсіздік күнін қай датада тойлайтынымыз туралы сұраққа Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев: «Республика күніне келсек, тәуелсіздікпен байланысты барлық іс-шара бұдан былай 25 қазанда ұйымдастырылады. Ал 16 желтоқсан Еске алу күніне көбірек ұқсайтын болады», – деді журналистерге.
Шын мәнінде, Декларация Қазақ халқының төл мәдениетiн, дәстүрiн, тiлiн қайта түлету мен дамытуды жаңа мемлекеттің аса маңызды мiндеті деп бекітті. Қазақстанның жері мен территориясының бүтіндігін, бөлiнбейтінін және оған қол сұғылмайтынын паш етті. Республикамыз кеңестік, тоталитарлық емес, енді демократиялық, құқықтық мемлекет ретінде дамитыны белгілі. Демек, АҚШ-тағы Тәуелсіздік декларациясы сияқты, біздің Егемендік декларациясы да қазақ халқы үшін қастерлі құжатқа айналуы тиіс.
Ринат ҚАЙРАТҰЛЫ