Ұшты, ұшты, шатыр ұшты...

Оқиға болған күннің ертесіне аудан әкімі Мұхтар Оразбаев пен аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап Бозкөл ауылына барып, бүлінген шатырды көзбен көріп қайтты. Қарасақал Ерімбет атымен аталатын №96 мектептің ішін түгелдей аралап, жай-күйімен танысқан едік. Әйтсе де уақытында шатырдың зақымдалған бөлігін ұжым қызметкерлері жинастырып алды. Оқыс оқиға оқу процесіне кедергі келтірмей, балалар білім алуын жалғастыра берді. Дегенмен ата-ананың көкейінде: «мектептегі балам бірдеңеге ұшырап қалмайды ма?» деген қорқыныш қалғаны жасырын емес. Айдың күннің аманында шатыр шытынап жатқан соң кімнің болмасын көңіліне күдік ұялайды.

Төрт ай бұрын болған тосын жайт әлі де түбегейлі шешілген жоқ. Қытымыр қыс өтті, көктем де кетті. Жаздың алғашқы айы басталды. Алайда «жұлынған» шатыр жөнделмеді. Не себепті жөндеу жұмыстары тоқтап тұрғандығын білмек ниетпен мектеп директоры Мархабат Қаниевке хабарластық. «Екі қабатты мектептің төбесі толығымен жабылған болатын. Акт залдың төбесі ғана зақымдалды. Білім бөліміне жоба-сметалық құжаттары тапсырылды. Жөндеу жұмыстары жүреді», – дей келе, ешкімді кінәлай алмайтындығын алға тартты. Бар айтқаны осы.
Адамгершілікке салынып, біреуге кінә арқалатпағанмен кез келген жұмысты атқарған жауапты мекеменің болатыны заңдылық. Бозкөлдегі білім ордасында «Мансури» ЖШС мердігер мекемесі қолға алған. Бір қызығы, қазір ол мекеме жоқ. Мектеп директорының айтуынша, банкротқа ұшырапты-мыс.
Директор айтқан жөндеу жұмыстары нақты қай уақытта жүретіндігін білу үшін аудандық білім бөліміне сұрау салдық.
– Бозкөл ауылындағы 2 қабатты №96 мектеп ғимараты 1989 жылы пайдалануға берілген.
2016 жылы ағымдағы жөндеу есебінен ғимараттың терезесі ішінара пластикке ауыстырылды.
2020 жылы Жұмыспен қамтудың Жол картасы аясында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Жөндеу жұмыстарының аясында ғимараттың шатыр жабынының ағаш конструкциясы ішінара ауыстырылып, жаңадан қайта жабылған.
Мектеп ғимаратының акт залының шатыр жабыны 2022 жылдың 14 ақпан күні сағат 4:30 шамасында қатты желдің салдарынан аударылып жерге түсті. Сол себепті мәжіліс залының төбесін қайта жабу үшін жоба-сметалық құжат дайындалған. Шатыр жабынын қалпына келтіру үшін 4473,4 мың теңге қаржыға облыстық білім басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылған. Алдағы уақытта қаржы шешімін табады деп күтілуде, – дейді білім бөлімінің әдіскері Ержан Төлегенов.
Бұндағылардың айтуынша, мердігер мекеме жоба-сметалық құжатқа сәйкес ғимарат шатырының ағаш конструкциясын ауыстырмай, тек шифр жабынын алып тастап, профнастил материалымен қайта жапқан. Қабылдап алғанда мін болмаған. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні қаржы шешілсе, «ұшқан» шатыр орнына қонады.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА