Азаттық аспаны
Шағын елді-мекен. Үйлердің де қарасы онша көп емес. Бұл аймақтың тұрғындары еңселерін енді ғана көтеріп келеді. Жаңа үйлердің құрылысын шет жақтардан кездестіруге болады. Онда мына салынып жатқан үйлер орталық болып қалары сөзсіз.
Аяқасты “Айдарбек” деп аталып кеткен жерге жаздыгүні барсаң, мұндағы егіндікті, бау-бақшаны айтсаңшы! Суы мол, жері құнарлы жерге әркімнің-ақ таласы бар. Осында егін салған адамның көңілі де, бала-шағасы да тоқ болмақ. Тұз сіңген сорлы топырақтан бөлек осындай құнарлы топырағы бар бұл мекенді желсіз елестету мүмкін емес. Құдайдың құтты күні жел тұрып, жердің беткі қабатындағы құмды әрлі-берлі сүйрелеп, тоғыстырады. Одан қалды бетіңді құрғатып, өңіңді қашыратыны тағы бар. Ох-ойй, оның қыстыгүні күшіне мінгенін көрсең ғой!.. Аязбен қосылса болғаны адамды мұзға орап, үсік шалуға дейін жеткізеді. Қардан аяғыңды ала алмай, болмаса тайғақ жерден сақтанып жүріп бара жатқаныңда, екі қолтығыңнан демеген жел бірнеше адым алға бастырып жібереді. Жаңа ғана аяқ киімнің табаны тайып, сырғанап, құлап қалмаймын ба деп қорқау соғып тұрған жерден қалай ғана тез өтіп кеттім деп те таңырқап қаласың. Мұның адамзатқа жасаған жақсылығының бірі шығар, бәлкім! Күн ұясына батып, адамдар ұйқыға кеткендегі тыныштықты да осы бұзады. Ол бір деммен қатты соққанда терезе әйнегі қозғалып, шағылып кетудің аз-ақ алдында қалатыны бар. Шыққан дыбыстан шырт ұйқыда жатқан адамның зәресі ұшып, «бисмилласын» айтып, қайта жатады. Бірақ мұндай ауа райына Қазалы ауданы тұрғындарының еті үйреніп кеткен еді. Олардың бұл жел жай соқпай, Мәскеуден жақсы жаңалықты тезірек жеткізсе екен деген үміттері де жоқ емес-ті.
Қазалының ми қайнатар ыстығы мен суығына төселіп өскен Әли мен Назираға бұл жердің ауа райы ерекше ұнайды. Табиғаты жайлы, әсем қала Алматыға көшіп, сол жақтан пәтер алғалы тұрғанда, жерсінбей, қайта туған жерге келген-ді. Әли осында тарих пәнінен мұғалімдік қызметін абыройлы атқарып келеді. Ал Назира болса, мектеп жанындағы интернаттың білікті тәрбиешілерінің қатарынан қалған емес. Екеуі жеті баланы тәрбиелеп, оқуларын оқытып, аяққа тұрғызған.
Газет беттерінен, теледидардан жаңалықты үзбей қарайтын Әли жуық арада елде үлкен өзгеріс болатындығын біліп жүрген. Бастары қосылғанда айтылатын әңгіме де Мәскеудегі жағдай және КСРО құрамындағы елдердің қозғалысы болатын. Бірі КСРО-ның ыдырамағаны дұрыс еді десе, екіншісі тәуелсіз ел болуды қалайтын. Қонаққа барған Әли осы ойлардың үстінен түскен-ді. Еңгезердей ірі, сарғыш келген адам:
– Қазақтардың бөлек ел болып кетуі қиын. Бізді Кеңес Одағына қарайтын елдермен матап, бір-бірімізсіз өмір сүре алмастай етіп тастағанын өздеріңіз де жақсы білесіздер ғой. Егер егемендік алатын болсақ, елде ауыр жағдай болғалы тұр. Дағдарыс болады! Дағда-рыс!-деп уайым шегіп, алдында тұрған рюмканы тартып жіберді. Ішімдікті жақтырмайтын Әли:
– Мына бәле де солардан келген, – деп айтқанында бәрі үн-түнсіз, қабақтарын түйе оған қарады. Мына ащы суды айтамын. Кезінде ХІХ ғасырдың соңында орыстар қазақтардың жерін тартып алып, тілін, дінін өзгертіп, санасын осымен уламақ болды. Осы арам суды беріп, тонап, дымнан дымсыз қалдырған. Олар бізді мазақ етті, – деп ызаланып қоя берді. Үстел басындағы көп сөйлемейтін, барлығын көзімен бақылап отырған ақ құба, келісті келбеті бар адам: «Иә, естуім бар. Тағы не білесің? Тарихтан хабарың бар екен. Айта отыр», – деді. Әли де тыңдаушыларының барына қуанып, ары қарай жалғастыра түсті.
– Орыстар бізге әділ болмады. Қай жерде, қай кезеңде болмасын өздерін биік
ұстады. Саудаға келсек, орыстың түкке тұрғысыз затына бір қойды немесе бір бағалы дүниені айырбастаған. Қазақтарға жоғары оқу орындарында білім алуға тыйым салды. Кейін Кеңес үкіметінің орнағанына біраз уақыт өткеннен соң ғана оқуға мұрша берілді. Сонда ата-бабамызға жасалған озбырлықты оңай ұмытып кетеміз бе? Олар осы жолда күресіп, аш та болды. Малдарын халықтың жыртығын жамауға берген жоқ па еді?! Сонда біз осыны да жасай алмаймыз ба? Кішкене төзімділік танытсақ, әлі-ақ ел іргесі мықты болады. Келешегімізді өзіміз құрмаймыз ба, қайта?! Ендігі жерде ойымыз бір жерден шығып, ел болу үшін жұмыла жұмыс жасайық! – деп сөзін аяқтады. Сол жерде отырғандардың көпшілігі мақұлдап, бас изеп, өз ойларын да айтып жатты. «Енді айтысқанмен, бәрі бекер. Алла бұйыртып жатса, тәуелсіздік алдық деп ресми жариялануы ғана қалды және солай болуы да керек» дес-ті. Мұндай басқосуларда ұзақ отырмайтын ол үй иесінің рұқсатын алып, рақметін айтып, қайтып кетті. Отырғандар таңға таяу үйлеріне тарасты.
«Айналаны арам шөптер басқанда, кей жерлерде бірен-саран тамыры мықты гүлдер ғана гүлдей алды. Ұзақ өмір сүрместерін білсе де арам шөптер қоректеніп отырған жерден өздеріне де тіршілік нәрін таба білді. Осылай азғантай ғұмырларын күресумен өткізді. Олар – жүректері «халқым» деп соққан азаматтар еді. Қандастарының жайын ойлап, тар жол тайғақ кешті. Алған беттерінен қайтпайтын, нағыз қазақтың ер жүректі, қайсар перзенттері еді-ау!» деп Алаш қайраткерлерін ойлап, үйге қалай жеткенін де білмей қалды.
Әли теледидардан көрсетілетін жетінші сессияны көруге асығып келген-ді. Халық күткен жарқын күн туып, егемендігімізді алғанымызды естіп бәрі іштей қуанды. Үй іші қатты қуануға да жүрексініп отырғандай, бір-біріне қарап, күлімдейді де қояды. «Бұл өзі рас па екен?! Енді біз тәуелсіз ел болдық қой! Солай емес пе?!» деп көршілер бір-бірінің үйіне барып, жағдайды сұрастырып жүр.
«Бүгін қой алып келемін. Ертең ет салып, балаларды шақырайық. Ет жеп кетсін. Ата-бабаларымызға Құран бағыштайық» – деді Әли. Назира да бұл ойын құптады. Шаңырақ иесі мұны атасынан үйренген еді. Ол кісі екі бірдей соғысқа кеткен баласын күтумен болды. Майданнан келген адам болса немесе осы адамның бәлкім, бір білгені бар шығар деп мал сойып, сол адамды қонақ ететін. Сондағысы жақсы жаңалықтан үміт үзбеу еді. Дәл осыны бүгін немересі қайталап, тәуелсіздігіміз баянды болсын, әрі осы күнді аңсаған бабаларымызға құран тисін деген ниеті болатын. Ертеңіне дастарқан басында ас ішіліп, азаттық алу жолындағы күрес, елдің келешегі туралы өз пайымдауларымен бөлісті. «Сабыр түбі сары алтын» демекші, мұның бәрі уақытша екендігін ұрпағына жеткізді. Олар да болжамды ойлары тура келетін әкелерін ұйып тыңдаған болатын.
ТМД елдерінің тұрғындары жұмыртқадан жаңа жарып шыққан балапандай «Енді не істейміз? Қалай тамақ табамыз?» дейтін күйде еді. Құстың таңертең жемсауын толтыру үшін тіршілік нәрін іздеп, балапандарына азық әкелетіні сияқты біз де сол бір шақта елбасыға назарымызды аударып, өмір сүрудің жолын көрсетер деп ұйыстық.
Елдің жағдайы ауырлады. Ақша болғанымен, сатып аларлық өнім тапшы еді. Кенттегі көшелерді жақын орналасқан дүкендерге бөліп, карточка арқылы күнделікті тұтынатын заттардың белгілі бір мөлшерін, кезекте тұрып алатын. Онда да үйдегі жан басына есептелініп берілді. Бұл жағдайға тұрғындар мойымай, сабырлылық танытты. Балалар да асықтарын ойнап, бейқам өмірлерін жалғастыра берді. Бүкіл жұртшылық намаздарын еркін оқитындығына, салт-дәстүрді ашық түрде ұстай алатындықтарына шүкіршілік етті.
Әли шошқаның майы ем деп балаларын сылағанды жөн көрген, салысы дәмді деп қазы-қартамызды ұмытып бара жатқан халыққа үндеу боларлық мақала жазды. Шариғат жолымен жүруге, тілімізді құрметтеуге шақырды. Қара халықтың жанынан табыла білетін азаматқа осы мақаласы үшін редакция басшылығы сыйақы тағайындады. Бірақ ол ақшалай емес, балаларыма азық-түлік берсеңіз деп хабар жіберді. Осылайша, салып жіберілген азық-түлік балаларына теңдей бөлініп, қиын-қыстау уақытты бір жеңілдеткендей болды.
Елде өз валютамыз қалыптасып, іргелі жұмыстардың жасалуымен халықтың әл-ауқаты біршама жақсарды. Көңіл қуантарлық осындай тыныш заманда атасының айтқан әңгімелерін ұйып тыңдайтын немересі Әли келсе болғаны, жанынан бір елі қалмайды. Ол жұмыста болғанда, әжесінің шашын өріп уақыт өткізетін. Сондай бір жаздың шуақты күні кешке Әли мен Назира ауладағы талдардың астында орналасқан орындыққа жайғасты. Екеуіне еркелеп, орталарында немересі де отыр. Жаз мезгілінің табиғаты бөлек қой! Бүкіл жәндік атаулының тіршілікке ден қоятын шағы. Шегірткенің шырылдаған даусы, жасыл қоңыздың ызыңдап, аш қалмас үшін жолында кездескен ұсақ-түйек жәндіктерді аулап жүргені, масаның маза бермеуі бәрі-бәрі табиғаттың көркін келтіреді. Олар еш үндеместен тек осылардың үнін естіп қана отырды. Әлденеден кейін ой үстінде отырған Әли аспанға қарай отырып, немересіне:
– Балам, мына ұшып бара жатқан құсты көрдің бе?
– Иә, ата, көрдім.
– Бұл құс та кезінде қанатын қалай қағарын білмей, ұша алмайтын. Қазір, міне, төбемізде қалықтап жүр. Біз де алғашында қалай бөлек ел болып кетерімізді білмей, әбігерге түстік. Шүкір, сол кезде атқарылған игі істердің көмегімен анау құс секілді қалықтап ұшып келеміз. Айналайын, балам, оны төменге құлдилатпай, елдігімізді жоғарыда ұстау сендердің қолдарыңда, – деп жауапкершіліктің жүгін тапсырды. Мектеп оқитын немересі оны түсініп, атасына қабыл алған ишаратпен жымиып күлімсірей қарады.
Тамырын тереңге жайған мәуелі ағаштың бұтақтарынан шыққан, бойында ешбір залалы жоқ шыбық уақыт өте бұтаққа айналып, одан сайын көркейе түсетіні сынды ел – білімді жастардың қолында екенін атасы ұрпағының есіне әрдайым салып отыратын.
Ақтоты ӘЛІШ