Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Көк мұзға тайып, болмаңыз майып

Көк мұзға тайып, болмаңыз майып

Жапалақтап жауған қарға сүйсініп көшеге шыққан бетіміз. Қыстың алғашқы айындағы аппақ қарға мәз-мейрам жұрттың қарасы да қалың. Көшенің бір бұрышында балалар мен жасөспірімдер аққала жасап әлек. Бір-біріне жаңа түскен қарды дөңгелектеп алып, лақтырғандары да жетерлік. Ортаңғы көшені қиып өтетін, үлкен күре жолдың бойында да ерсілі-қарсылы ағылған көліктер жаңа түскен қардың үстінен әрлі-берлі басып өтіп, табаныңды тайғанатар хәлге жеткізіп тастапты. Қарсы алдымызда жол жиегімен қалт-құлт еткен жүргіншінің қарасы көрінді. Арамыз едәуір алшақ болса да жүрісінен қартаң кісі екенін аңғардым. Ішімнен әп-сәтте көліктер айнадай жалтыратып тастаған көк мұзға тайып құламаса игі деп келемін. Ойлағанымша болмады, әлгі кісі біз жеткенше жас сәбидей тәлтіректеген аяғын шалыс басып, сүрініп кетті. Біз де иә, жүгіріп тез жетіп бара алмай, иә, шапшаң жүре алмай, мұз үстіндегі пингвиндердей томпаңдап жанына әзер жеттік. Жете сала кейуананың жағдайын сұрадық. Тобығы мен белін зақымдап алғанға ұқсайды...
Иә, бұл тек қыстың күні болатын бір ғана көрініс. Бұдан бөлек, қаншама адам көк мұзға тайып дене жарақатын алып жатыр десеңізші?!
Сонымен, Қазалы ауданында қылаулап қар түсіп, жер қатқақталғалы қанша адам кенеттен жарақат алды екен?! Осы жайлы аудандық аурухананың травматолог дәрігері Қайрат Медетбаевтан жөн сұрасқан едік.
Мәселен, шабынып келген желтоқсанның өзінде аудан бойынша оннан астам адам әртүрлі дене жарақаттарын алғанға ұқсайды. Оның екеуі кәрі жілігінің төменгі бөлігін сындырса, тағы екі адамның бұғана сүйегіне операция жасалынған. Сондай-ақ, көк мұздың кесірінен орын алған жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен екі тұрғын сынықтың кесірінен операция үстеліне жатып шыққан.
– Бұдан бөлек, көптеген адамдар білегін сындырып алып жатыр. Оның ішінде әсіресе үлкен кісілер көп. Мейілінше, қарттар жағы қысқы уақыттары көп далаға шықпай үйлерінде болғаны абзал. Сонымен қатар, толық кісілерде көбінесе дене тепе-теңдігін сақтай алмай құлап қалады. Маман ретінде тұрғындарға «галош» аяқкиімін кимеуге кеңес беремін. Сондай-ақ, көп кісілер ауладағы қарларын тазаламай жатады. Соның да біршама әсері бар. Үйлеріне кірер беттегі табалдырықтарының алдына темір, бетон қоймасын, – дейді травматолог дәрігер.
Бұдан бөлек, тұрғындар көшеде сүрінбес үшін жүріп келе жатып телефонмен сөйлеспегені, тротуардың шетімен жүргені дұрыс. Мүмкіндігінше, аяқ киім жөндейтін шеберге барып, аяқ киім табанына тайғанамайтын резеңке төсеме жабыстырып алғаны да артық етпейді.
«Қыс келді деп қуанба, аязы келер артынан» демекші, қыстың алғашқы айының нүктесі жуырда ғана қойылды. Ерте көктемге дейін әлі де екі айды бастан өткермекпіз. Осы орайда, сақ жүрсек деніміз қуатты, көңіліміз шуақты болатыны айқын. Ендеше, көк мұзға тайып, болмаңыз майып. «Сақтансаң – сақтаймын» деген барын ұмытпайық.
Есет ТАБЫНБАЕВ.
06 қаңтар 2018 ж. 2 704 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031