Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жастар жаңғыру жолында

Жастар жаңғыру жолында

«Жастар – елдің ертеңі» деп алашапқын боламыз. Әлсін-әлсін болашақ жас буынның қолында екенін айтып, бейжайлық таныта алмайтынымыз тағы бар. Дегенмен осы күні іс пен сөздің арасындағы алшақтықты ажыратып үлгердік пе?!
Аудандағы жастар саясатының бүгінгі орны қайсы? Көрсетілетін қолдау қандай? Олар немен айналысып жатыр? Сондай-ақ «Еріктілер жылы» атқарылған жұмыстарды қозғап, өзге де сауалдарға жауап іздеп көрелік.
Есте болса, өткен 20 желтоқсанда аудан әкімдігінде «Еркін елдің еріктілері» атты еріктілер жылының қорытынды шарасы өткенін жариялағанбыз. Онда жыл бойы еңбегімен көзге түскен үздік ерікті жастың бірқатары аудан, облыс әкімінің Алғыс хатын алып, марапат төрінен көрінді. Сол жиында аудан әкімі Мұрат ­Ергешбаев өз сөзінде жергілікті жастардың жылдан жылға өсіп-өркендеп, елдің даму жолында ерен еңбек сіңіретініне сенім білдірген болатын.
Сонымен қатар жыл басынан бүгінге дейін атқарылған жүйелі жұмыстарды айтып өтті. Мұнан өзге аудандық Жастар ресурстық орталығы қолға алған шаруаларды Асылхан Дәрібаевтың өз аузынан естігенді құп көрдік.

Жастардың бүгінгі жолы
Аудандағы жастар саясатының іргетасы қаланғалы қашан. Оның даму ж­олында еңбек еткен азаматтар қаншама?! Әрбірі өзі басшылық еткен тұста оңтайлы жұмысын көрсетіп, жастар қозғалысын өз деңгейінде жүргізді.
– Мен бұл орынға Мемлекет басшысы бекіткен «Жастар жылы», деп жарияланған 2019 жылы келдім. Тереңге көз тастамас бұрын 2005 жылдардан бері қарай қозғасақ, ол уақытта аудандағы жастар саясатының әлсіздігі байқалатын. Әрине жұмыс жүрді. Десек те көбіне ауданда бұл қозғалысқа жеңіл көзқарас қалыптасып, мұндағы қызметкерлер қолқусырып отырғандай көрінетін. Дегенмен барлығы олай емес.
Несін жасырайын өткен уақытта аудандағы жастар саясаты қазіргідей болмады. Оған кінәлі басшы емес, сол уақыттағы көзқарастың жетіспеушілігі кедергі келтіргендей. Оларға тек белгілі бір топтың айналасында, оның ішінде шығармашыл жастарды ғана қанағаттандырып отырған ресурстық орталық болды. Ал қазіргісінде бұрынғысына қарағанда біраз өзгеріс бар.
Осы ретте бұрынғы «Жас орда» жастар қоғамдық бірлестігі ойға оралып отыр. Оның сол кездегі басшысы Әлібек Қуаныш болатын. Бұл азаматтың сол уақытта жасаған жұмыстары ұшан-теңіз. Көптеген жүйелі жұмыстың жүруіне мұрындық болған осы қоғамдық бірлестік. Жалпы жергілікті жерде жастар саясаты деген түсінік ептеп жаңғырып келе жатқан еді.
2019 жылдың аяғында келісімен алдағы жылдың кешенді жоспарын жолға қойдық. Сосын «қандай жағдайда жастарды өзімізге тарта аламыз?» деген сұрақ пайда болды. Оған жастар орталығы қоныстанған орынының жайсыздығы мен кадрдың жетіспеушілігі кедергі келтірді.
Әсілінде, статистикалық мәліметтерге сүйенсек, ауданда 19773 жас бар, яғни халықтың 23 процентін құрайды. Ал олармен 5 адам жұмыс істейді. Әрбір қызметкердің басына 4000 адамнан келеді. Енді ойланыңыз бір маман 4000 жаспен жұмыс жасауы мүмкін бе? Келе-келе мұның өзі, оң шешімін тапты, – деді Асылхан Жұмабекұлы.

Жұмысқа кел, жерлес!
Асылхан Дәрібаев ең әуелі жұмысты шетелде білім алып жатқан аудан ­жастарынан бастаған. Олармен тығыз байланыс құрып, бейнежазба арқылы халін біліп отырған.
Сондай-ақ өткен карантин уақытында оларды елге алдыруда ­ ­Жастар ресурстық орталығының атқарған еңбегі зор. Олай дейтінім, ел асып Польша, АҚШ, Түркия, Ресей және т.б мемлекетте білім алып жатқан жерлестердің денсаулығына алаңдап, басшылыққа хат жолдап, елге оралуына орасан күш жұмсағанын көз көрді. Осы ретте «Өзге елдің мәдениетін көрген аудан жастарының елге оралып, осында тұрақтап жұмысқа орналасқысы жоқ. Неге? Оларға бұл қадамды жасауына не кедергі? Осы тұрғыда нендей шаралар атқарылып жатыр?» деген сауал санада маза бермеді. Ал Асылхан Жұмабекұлы осыған сәйкес жүйелі жұмыстар жүріп жатқанын жасырмады.
– Рас, жерлестер елге оралып, жүздескенде жұмыстың осында табылып, қалуын өтінсең ат тонын ала қашып, жергілікті жалақыға көңілдері толмайтынын айтады. Кейбірі жат елге қоныс тепкісі келетінін жеткізді.
Негізінен жастардың басым көпшілігі ауылшаруашылық саласын бітірген. Соған сәйкес аудандағы белгілі кәсіпкерлердің есігін қағып, жергілікті жастардың диплом құшақтап келе жатқанын айттым. Атпал азаматтар бөрігін көкке көтеріп, құшақ жая қарсы алатындарын жеткізді. Дегенмен жат елдің жаһандануын көріп жүрген өскіндердің елге оралып, бар вакансияға барғысы жоқ. Тілдесіп «Неліктен, бұл жолды таңдап отырсыз?» десем «Мен шет елде білім алып келдім. Екі дипломым бар. Неге ауылда 150 мың теңгеге жұмыс жасауым керек?» дейді. Осылай өздерін асыра бағалайды. Ауданда олар ойлағандай 300 мың айлық беріп, кадр алатын мекеме жоқ. Егер осы ойдан айрылмаса алдағы күндері NЕET санатына қосылады. Ал оның қатарына жұмыс жасаудан қол үзгендер кіреді. Егер тұрақты жұмысың болып, дипломның нанын жемесең, көк қағаздың сандық түбінде жатқанынан не пайда?! Қанша дегенмен олардың жанымызда жүргенін қалаймын, – деді басшы.
Шыны керек, жат жерден келген жерлестерді жұмысқа орналастырған дұрыс-ақ. Алдымен жергілікті жасөспірімдердің жайын ұмыт қалдырмаған жөн. Оның үстіне аудандағы жастардың жұмыссыздығы өзекті мәселе. Оған өзгенің емес өздерінің кінәсі бар екенін де айта кету керек. Өйткені қазір «Алма піс, аузыма түс» деп ата-анасына масыл болып жүрген жеткіншек қаншама?! Табылып тұрған жұмысқа тұрақтамай, еріншектікке ерік береді. Осылайша қол қусырып, жатып ішер жалқаудың өзі болып шыға келеді. Соның өзінде олармен өрелі жұмыс жасаған Жастар ресурстық орталығының ықпалымен биыл «Жас құрылысшы» жобасы аясында 70 жас жұмыспен қамтылған. Бұл дегеніміз өзге аудандармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары көрсеткіш. Мұның барлығы жергілікті жерде жүрген құрылыс жұмыстары барысында тартылған азаматтар. Түптеп келгенде, оған өзбек жалдап, жалақы бергенше, бар шаруаны қолынан іс келетін өзіміздің жастарға тапсырған дұрыс. Есесіне жұмыссыздық жайы жойылады.

«Аға, ат тоныңды ала қашпа...»
Асылхан Дәрібаевпен әңгіме қыза түскен сәтте аудан жастарына қолдаудың жоғары екенін аңғардық. Басшы қанша жерден өз саласында көп түйткілдің түйінін тарқатып, өзекті мәселелердің оң шешімін тапқанымен оған жергілікті атқарушы биліктен берілетін қолдау болмаса барлығы аяқ асты болары сөзсіз. Ал оған басты басымдық беріп, қолдау көрсетіп отырған аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлы. Олардың келешегіне үлкен үмітпен қарап, сенген аудан басшысының осы тұрғыда еңбегі орасан. Есте болса, жуырда аудандар арасында жастар саясаты тұрғысынан «Үздік аудан» атандық. Қазіргі көрсеткішіміз де жаман емес. Мұның барлығы билік басындағылардың көмегінің арқасында жеткен жетістік екеніне күмән жоқ.
Ел ағаларының ішінде пандемия кезінде жастарға қолдау сұрап барған сәтте ат тонын ала қашқан ағалар болған. Қолдан келген көмегін аямаған азаматтар да болды. Мәселен, Ібайдулла Тілепұлы, Самұрат Жұманұлы мен Мінәжадин Сражадинұлы қайырымдылық жасап, қамқорлық көрсетті. Одан бөлек ағалап алдына өтініш айтып барған тұста кері бұрылғандардың да болғанын ­жасырмады басшы.

Жалынды жастардың жетісігі
Биыл күтпеген жерден әлем елдерін «COVID-19» есеңгіретті. Оның қай салаға болмасын тигізген әсері барлық жоспардың күлін көкке ұшырды. Сол сынды ­Жастар ресурстық орталығының «Еріктілер жылындағы» жұмыстың жүйелі жүруіне қол байлады. Дей тұрғанмен індетпен жер-жаһан арпалысып жатқан тұста жастар қозғалысы қарап отырмады.
Атап айтсақ, олардың үйлестіруімен 2 миллион 30 мың теңге қаржы жинақталып, 203 отбасы азық-түлікпен қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар Жастар ресурстық орталығы жанынан «Рақмет» дүкені іске қосылып, одан 60-қа жуық отбасы қажетті тұрмыстық заттар алған. Жоғарыда сөз еткендей «Жас құрылысшы» жобасы аясында 70 жас жұмыспен қамтылған. Ол аз десеңіз, Қазалы қаласы, Құмжиек, Ғ.Мұратбаев ауылдық округінің ерікті жастары 3 отбасыға баспана сыйлады. Оған «Харекет» қайырымдылық қоры арқылы 5 отбасыға баспана кілті табысталғанын қосыңыз. Енді бұдан кейін аудандық жастар мәслихаты жұмыс жасамай жатыр деп айтып көріңіз.
Мақала басында сөз еткендей, өткен жолы аудан әкімдігінде болған жиында Қызылорда облысы Жастар ресурстық орталығы директоры ­Бауыржан Мәстеков мінберде сөз алған сәтте әңгімесін қортындылай келе аудандар арасында Сырдария мен Қазалы жерінде ажырасу деңгейінің өсіп кеткенін тілге тиек еткен болатын. Сол тұрғыда жұмыс жасалуы үшін аудан әкімі Мұрат Ергешбаевқа ұсыныс білдіріп, аудандық Жастар ресурстық орталығына психолог штатының қажет екенін айтқан болатын. Бұл келер жылы шешімін табатын болады. Сондай-ақ жастардың өз үйі болмауы да алдағы атқаратын жұмыстардың жүруіне кедергі келтірмек.
Айтпақшы, сол жиында Бауыржан Мәстеков Асылхан Жұмабекұлына өз атынан «Құрмет грамотасын» табыстаған болатын. Бұл жас директордың алғашқы марапаты. Әрине сол салада еңбек етіп, нанын жеп жүрген соң марапат үшін шаруа істеуі міндетті емес шығар. Дегенмен еткен еңбектің қайтарымы болуы керек те шығар.
Әңгіме аяғына таяған тұста басшы «Жастар елдің ертеңі емес, бүгіні» деген пікірін жеткізді.
Тереңіне үңілсек, айтуының жөні бар. Өйткені оларды елдің ертеңі деп, кейінге ысыра беруге болмас. Керісінше, бүгіні деп алдыңғы қатарға қойсақ нұр үстіне нұр.

Абзал ЖОЛТЕРЕК
31 желтоқсан 2020 ж. 2 492 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930