Ерікті жастар марапатталды
Жуырда Қазалы ауданында еріктілер жылын қорытындылауға арналған «Еркін елдің еріктілері» атты шара өтті. Басқосуға облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Бауыржан Мастеков және ауданымыздағы белсенді жастар мен әр саланың үздіктері қатысты.
Басқосуды ашқан аудан әкімі Мұрат Ергешбаев биылғы жылдың қиыншылықтарына қарамастан аудан жастары тынымсыз еңбек етіп, ауқымды жұмыс атқарғанын тілге тиек етті.
– Елімізде 2020 жыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жарлығымен «Еріктілер жылы» деп жарияланды. Осыған орай «Еріктілер жылы» аясында аудан жастарының үйлестіруімен бірқатар жұмыстар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, төтенше жағдай кезінде ерікті жастарымыздың ұйымдастыруымен аудан кәсіпкерлерінен 2 млн-нан астам теңге қаржы жиналып, оған 203 отбасыға азық-түлік үйлестіріліп берілді. Жастар ресурстық орталығы жанынан «Рақмет» дүкені іске қосылып, 100-ге жуық отбасы өздеріне қажетті тұрмыстық заттармен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, биылдың өзінде 70 жас «Жас құрылысшылар» жасағы бойынша жұмыспен қамтылды. Бұдан бөлек, Қазалы қаласы мен Құмжиек, Ғ.Мұратбаев ауылдық округтерінің ерікті жастары 3 отбасыға үй салып берсе, «Қарекет» қоры тұрғын үйге мұқтаж 5 отбасыға баспана сыйлады, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Қорытынды жиынға қатысқан облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Бауыржан Мастеков те сөз сөйлеп, Қазалы ауданы жастарының белсенділігін атап өтті.
Басқосуда волонтерлар жылы аясында бірқатар белсенді жастар мен еріктілер облыс, аудан әкімдері және облыстық «Жастар ресурстық орталығы» директорының «Алғыс хаттарымен» марапатталды.
Ал, «Мейірімді жастар жасағы», «Автоволонтер» клубы, «Қазалы қайырымды жандар», «Алпамыс бөбекжай» балабақшасы, «Харекет» қайырымдылық қоры «Үздік жастар ұйымы» номинациясына ие болды.
Қазалы ауданының құрметті азаматы, «РЗА» АҚ президенті Самұрат Имандосов, облыстық мәслихат депутаты, «Фирма Тілеп» ЖШС директоры Тілеп Ібайдулла, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Алтынбек Қалиев, облыстық «Сыр бойы» газетінің Арал, Қазалы аудандарындағы меншікті тілшісі Жұмабек Табынбаев, жеке кәсіпкер Әділет Қарымсаққа «Жастар жанашыры» номинациясы табысталып, «Ғани Мұратбаев» атындағы төсбелгімен марапатталды.
"Қазалы" ақпарат