Тоқаевтың тапсырмасы: Наурыз мейрамы биыл қалай тойланады
Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Наурыз мейрамын тойлауға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды sputniknews.kz тілшісі.
"Науры - біздің ең үлкен мейрамымыз ғой. Бірақ өмірдің қауіпсіздігі – басты мәселе. Сондықтан қазір азаматтардың барлығына бас қоспаңдар деп айту қиын. Себебі қазақ бұрыннан бері бір-біріне барып, амандасып, қал-жағдайды сұрастырған ғой. Ал Наурызға байланысты үлкен тойлардың бәрі, көп адамдар жиналатын жерлерге тыйым салынады. Бірақ адамдардың бір-біріне барып, көрісуіне, бір-бірін құттықтауына ешқандай шектеу қойылмайды", - деді Тоғжанов арнайы баспасөз мәслихатында.
Оның сөзіне қарағанда, адамдардың бір-біріне баруына тыйым салу қиын. Оны ешкім қадағаламайды.
"Әрине, әрбір адам өзін ғана ойламауы керек. Әрбір азамат өз жанұясын ойлауы керек, айналасындағы ағайындарын ойлауы керек. Сондықтан ағайындар бір-біріне барып, құттықтап жатса, онда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймыз. Ал бұрынғдай мың адам жиналатын үлкен шараларға тыйым салынады", - деп атап көрсетті Тоғжанов.
Тоқаевтың тапсырмасы
Бүгін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы қоғамдық шаралардың уақытша тоқтатылатынын мәлімеді. Осыған байланысты коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия қосымша шаралар әзірледі. 13 наурыздан бастап көпшілік іс-шараларға, соның ішінде мерекелік, спорттық, мәдени-көпшілік шаралар, конференциялар, семинарлар мен көрмелерді өткізуге тыйым салынады.
Бұдан бөлек, барлық қоғамдық ұйым тиісті режимге көшетін болады. Жалпы, келесі шаралар қарастырылған:
Денсаулық сақтау ұйымдары, қоғамдық көпшілік орындары, білім беру ұйымдары халыққа қызмет көрсету орталықтары, қоммуналдық шаруашылық, тамақ өнекәсібі орындары, базарлар, қонақ үйлер, әуежайлар мен вокзалдарда күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режим енгізу;
Қарттар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған медициналық-әлеуметтік нысандарға, әлеуметтік оңалту орталықтарына, мүгедек балаларға арналған оқу орындарына баруға шектеу қою;
Каникул кезінде оқушылардың өңірден тыс жерлерге экскурсия жасауына тыйым салу;
Қоғамдық көлікті жуу мен дезинфекциялау, орта білім беру ұйымдарының каникулға 2020 жылдың 16 наурыздан бастап 5 сәуір аралығында шығуын қамтамасыз ету;
16 наурыздан бастап колледж бен жоғары оқу орындарын қашықтықтан оқытуға, оның ішінде білімді бағалаудың барлық түрлерін қашықтықтан жүргізуге ауыстыру;
1"а", 1"б", екінші және үшінші санаттағы елдерге халықаралық спорттық, мәдени туристік шараларға тыйым салу сияқты уақытша шектеу енгізу.