Қазақстанда барлық кинотеатр жабылады
13 наурыздан бастап Қазақстанда бұқаралық іс-шараларды, соның ішінде мерекелік, спорттық, мәдени-көпшілік шаралар, конференциялар, семинарлар мен көрмелерді өткізуге тыйым салынады. Қазақстанда коронавирустың алдын алу мақсатында қосымша шаралар қабылданады. Соның бірі – халық көп жиналатын орындарды азайту, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың айтуынша, сауда орталықтары жұмыс істей береді.
"Базарлар да жабылмайды. Себебі халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету керек. Ал ойын-сауық сауда орталықтарындағы кинотеатрлар жұмыс істемейді. Біз бұл мәселені қызу талқыладық. Қазір бір фильм кем дегенде бір сағат көрсетіледі. Бұл дегеніміз, адамдар бір бөлмеде біраз уақыт отырады. Сондықтан кинотеатлардың жұмысын тоқтату туралы шешім қабылдадық", - деді Тоғжанов арнайы баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешімі рәсімделгеннен кейін шектеу ресми түрде енгізіледі. Бұл шара театрларға да қатысты.
Коронавирустың өршуі
Covid-19 деп аталатын жаңа коронавирус 2019 жылдың желтоқсанында тарала бастады. Қытайдың Ухань қаласында (Хубэй провинциясы) бұрын-соңды белгісіз болған ауру өршіді. Қазір коронавирус әлемнің 100-ден астам елінде анықталды.
Қазақстанда әзірге коронавирус тіркелген жоқ. Алайда бас санитар 11-16 наурыз аралығында елге коронавирус кіруі мүмкін екенін ескерткен болатын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусты пандемия деп жариялауына байланысты қоғамдық іс-шаралар уақытша тоқтатылатынын мәлімдеді.