Білім министрі «наурыз каникулын» енгізуге қатысты пікір білдірді
ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова III және IV тоқсан арасындағы демалыстарды бері қарай жылжытып, оқушылар мен студенттерге Наурыз мейрамын тойлауға 10 күн беру мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған ұсынысты ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұxамедиұлы жасаған болатын.
«Мысалы, күнтізбелік Жаңа жыл - 1 қаңтар өзінің мықты идеологиясымен, сан алуан белгілерімен отбасылық мерекеге айналғаны мәлім. Бұл орайда, студенттер мен оқушылардың ұлттық мейрамды отбасында, жақындарының жанында қарсы алуға мүмкіндік туғызу мақсатында 14-23 наурыз аралығында (10 күн) наурыз демалысы белгіленуі тиіс. Бұл жерде мектеп оқушыларының бұрынғы 24 наурыз бен 1 сәуір аралығындағы ІІІ-тоқсан демалысы он күнге жылжып, олар осы Наурыз мейрамын отбасымен, ағайын-тумаларымен қарсы алуға мүмкіндік алар еді», - деп жазды А.Мұxамедиұлы әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оның сөзіне қарағанда, онкүндік демалысты бері қарай жылжытса, III және IV тоқсанның тепе-теңдігін де сақтауға мүмкіндік бар. Мәселен, III тоқсан 10 қаңтар мен 24 наурыз аралығындағы 74 күнді қамтиды, ал IV тоқсан 1 сәуір мен 24 мамырды алып отыр. Ол - 54 күн. Жаңа нұсқа бойынша оқушылар мен студенттердің 10 күндік демалысы бері қарай жылжып, 14-24 наурызға келсе, ІІІ тоқсан (64 күн) және ІV тоқсан (61 күн) теңеседі. Ал қазақстандықтар Наурыз мейрамын жаңаша тойлай алады.
ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинованың айтуынша, аталған мәселені жан-жақты зерделеу керек. Себебі оқу бағдарламасына сәйкес, әрбір тоқсанның өз жоспары бар.
«Біз оны әлі қараған жоқпыз, қарауымыз қажет. 10 күнді жылжыту болғанымен бізде нақты оқу бағдарламасы бар. Ал III тоқсанның жоспарын аяқтау қажет. Егер оны өзгертетін болсақ, оқу бағдарламасының материалын II тоқсанға көтеруіміз керек, немесе IV тоқсанға түсіруіміз керек. Сол себепті оның бәрін қарамай, қазір бірден ауыстыра саламын деп, ешкім айта алмайды. Оқу бағдарламасын әрбір сынып бойынша қарау қажет. Әрбір сыныптың бағдарламасын жеке-жеке қарауымыз керек», - деді К.Шәмшидинова.
ult.kz