Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бұл ауылда бәрі жаңа

Бұл ауылда бәрі жаңа

Бабалар мұрасын берік ұстанып, бірлік пен парасат пайымды биік етіп, ұлттық болмысын жаңғыртып, жаңа өзгерістермен жаңарып отырған құтты қоныстың бірі – Жалаңтөс батыр ауылы. Жақында осынау ауылдағы ахуалға бойлап, әлеуметтік-экономикалық жағдайларын байыптап, рухани-мәдени тыныс-тіршілігімен танысып қайтуға мүмкіндік туды.

Түлеген тарих
Әйтеке би кентінен шығысқа қарай 12 шақырым қашықтықта орналасқан Қарашеңгел ауылдық округінің орталығы иісі Тұран жұртының мақтанышына айналған ел қорғаны Жалаңтөс батыр атымен аталады.
Ауылдың не себепті бұлай делінуінің де өзіндік сыры бар. Бұл топырақ – Орта Азияға аты мәшһүр Жалаңтөс Сейітқұлұлының кіндік қаны тамған мекен.
Тұрғындардың көбі өз атақонысында тұрақтағандар. Олардың ұлттық болмысты сақтауға, туған жерді қадірлеуге деген ұмтылысы кім-кімнің де жүрегін елжіретпей қоймайды.
Бүгінде жайлы жай, торқалы топыраққа айналған орын бір кездері «Сырдария» жайылмасының қамыс, құрақ басым өскен шалғын топырақты шөлді белдемесі болған.
1929 жылы Бірлестік колхозынан бастау алатын ауыл әр жылдары Қызылой, Қызылту колхозы, Қызылту совхозы секілді атауларға ие болған.
Тарихқа шегініс жасасақ, бір кездері бұл жерге Қиыр Шығыстан қоныс аударған корейлер тұрақтаған. Түсі басқа, тілегі бір сол жиырма үйдің бірінен күріш бригадасында звено жетекшісі болып, жұлдызы жанған Петр Пак та шыққанын жерлестері мақтан етеді.
1948 жылы өзіне бекітіліген 5 гектар күріштің әр гектарынан 80,5 центнер өнім алған диқаннан қазақ даласы да осылай дарқандығын аямаған еді. Шағын ауылда жүріп-ақ Одаққа даңқы жайылып, ең үлкен марапат – Социалистік Еңбек Ері атанып, еңбеккер ердің ел абыройын асқақтатқан кезі де осы тұс еді.
Ауызбіршілгі мол ауылдың аты Ұлы Отан соғысы кезінде тағы да көптің назарына ілінді. Сол кездегі «Қызылту» ұжымшарының төрағасы Қашақбай Пірімов алғашқылардың бірі болып танк жасау қорына 100 мың сом қаржы беріп, өзге жерлестерінің бұл іске атсалысуына ұйытқы болған. Деректер бұл кезде көрші ұжымшар төрағасы Бермахан Мәшенбаев 100 мың сом, «Қызылту» ұжымшарының звено жетекшісі Сухан Олжанов 30 мың сом және 400 пұт астық, осы ұжымшар бригадирі Петр Пак 50 мың сом қаржы және 250 пұт астықты Отан қорғау қорына аударғанын айғақтайды.
Ауыл 1934-1949 жылдары 3 ауыл Советі болып аталып, оған Басықара, Ленин, Қызылту колхоздары қараған. 1949-1957 жылдары Қарашеңгел ауылдық кеңесі аталады.
1977 жылы Қызылту совхозы орталығынан жаңа кеңсе үйі тұрғызылып, жақын маңдағы Үйрек, Водокачка, Алтай, Ойынды, Көбек елді мекендері біріктіріліп, ауылдық кеңес болып іргесін бекітеді.
Ел егемендігін алып, тарихи жады қайта жаңғырған тұста қасиетті топырақтан түлеген ұлымен халқы қайта «қауышады». Тілеуі келіп, ауыл «Жалаңтөс батыр» атын алады.
Алты елді мекеннен тұратын округте бүгінде 1500-ден астам халық, 300-ге жуық отбасы түтінін түзу түтетіп отыр. «Көптің ісі – береке» дегендей ауданның 50 алтын құрсақты анасы, 14 тыл ардагері осында тұратынын естіп, көңіліміз қуанды.

Ешкімнің көшкісі жоқ
Округ әкімі Орысбай Жәмшейтовпен пікірлес­кенімізде, ауыл маңында тұрғын үй салуға арналған орын жыл санап мәселеге айналып келе жатқанын жеткізді. Тек тұрғын үй емес, байқауымызша, бақшалық, жайылымдық қоныс та тарылған. Оған басты себеп – тұрғылықытылар мен қоныстанушылар санының жыл санап артуы.
Мұндағы мейманжай жұрт сырттан келгендерді жатырқамайды. Ауылдың жергіліктілері қатары басқа елді мекендер мен аудан орталығынан көшіп келуші жас отбасылармен ұдайы толығып отырады.
Жас мамандар да бұл жерге келуден тосырқамайды. Олардың барлық әлеуметтік ахуалы жолға қойылған. Округ орталығы Әйтеке би кентіне іргелес. Күн сайын көлік қатынасы үзілмейді. Инфрақұрылым шешімін тапқан. Сапалы ауызсу, жол қатынасында қиындық жоқ. Пошта байланыс бөлімшесі, ветаринарлық пункт, автоматтандырылған телефон станциясы халыққа қалтқысыз қызмет етеді. Интернет желісі, мобильді байланыс жүйесінде ақау жоқ.
Барлық әлеуметтік нысандар заманға лайықталған.
Бірнеше жылдан бері аудан орталығынан қатынап жүрген жас маманның бірін сөзге тартқанымызда, өзінің жұмысын басқа жерге ауыстыруға асықпайтынын және ол туралы ойланбағанын айтты. Барлық жағдай жасалған жерде қызмет ету қолайлы және ыңғайлылығын жасырып қала алмады. Бірлі-екі тұрғыннан сыр тартқанымызда да осы жауапты алып, марқайып қалдық. Түйгеніміз, ешкімнің көшкісі жоқ. Керісінше, мұндағылар кемел келешектерін осы ауылмен байланыстырады.

Еңбекті сүйген ері бар
Сөз басында ауылдан шыққан Жалаңтөс батыр, Петр Пак туралы айтып кеттік. Бірі халқын жаудан азат етсе, екіншісі еңбек майданының ері. Дәстүрлі жалғастық бүгінгі күнде де тінін үзбеген. Еңбекпен ер атанғандар қатарында «Халық ағарту қызметінің үздігі» Байғара Қанатов, сауыншы, Қазақстан КП ХІІ съезінің делегеаты Тұрсынкүл Сәрсенова, бірнеше социалистік жарыстың жеңімпазы, «Еңбек даңқы» орденінің иегері, күрішші Ажаркүл Алдажарова, Бүкілодақтық көрмелер жеңіпазы, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Қасқырбай Әлімбай бар. Олардың жүріп өткен жолы, туған жерді түлетуге еткен еселі еңбегі жас ұрпақ үшін жарқын үлгі, өшпес өнеге.

Шаруасы шалқыған
Ертемен тұрып, шаруасын шалқытып, малын маңғытқандар қатары бұл жақта аз емес.
Ел ырысы – сыр күрішін баптаған, ауданға белгілі «Жалаңтөс батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен өзге 40-қа жуық шағын және орта кәсіпкер кәсібін дөңгелетіп, жұмыссыздық жайының жойылуы, тұрғындарды жергілікті өнім, сапалы азық-түлікпен қамтуға мақсаттарын бағыттаған. Олардың қатарында шаруа қожалығы, кооператив, мал шаруашылылығын дамытушы, азық-түлік сатушы, тігін шеберханасын жүргізуші, аяқ киім жөндеуші, киізден өнім дайындаушы, моншашы, бақташы, құс өсіруші, компьютерлік қызмет көрсетуші, жолаушы тасымалымен айналысушы сынды түрлі бизнес бұйдасын ұстағандар бар.
Еңбек нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының бірінші бағыты аясында техникалық және кәсіптік мамандығы бар кадрларды дайындау мақсатында 9 тұрғын аудандық жұмыспен қамту орталығы жолдамасымен білім алуға мүмкіндік алған.
Аталмыш бағдарламаның екінші бағыты бойынша «Бизнес бастау» жобасымен 3 ауылдық азамат кәсіпкерлік ілімін игерген. Олардың қатарындағы Н.Бекжан «Сырдария – 1» несие серіктестігінен «Іскер» бағдарламасы арқылы 6 миллион теңге, Б.Қанатов ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қорының «Игілік» бағдарламасы арқылы мүйізді ірі қара малын көбейтуге 2 миллион қаржы, Е.Жолбарысов 4 миллион несие алып, мал басын арттыруда.
«Рауан» шаруа қожалығы «Қазалы-Несие» серіктестігі арқылы 18 миллион қаржыға қол жеткізіп, 6 бас асыл тұқымды айғыр, 50 бас аналық жылқы сатып алған.
Кәсіпкер Р.Ким 2016 жылдан мал бордақылау жұмысын жүргізу үшін облыс бойынша «Инвестициялық өңірлік орталығынан 5 миллион теңге несие алып, мал бордақылау ісін жүргізіп келеді. Жас кәсіпкер бүгінгі таңда кәсіпкерлік көкжиегін кеңейту мақсатында жаңа жоспарын әзірлеуде.
Ауылдағы «Жалаңтөс батыр» ЖШС мен «Қият», «Қыдыр», «Өркен», «Рауан», «Сая», «Дін-Нұр», «Қуан ата», «Ұлан», «Салмаев Ш» шаруа қожалықтары ауылшаруашылығы саласын өркендетіп, 200-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.

Көрікті нысандар, абат алаң
Батыр атымен аталатын ауылдың уақыт көшіне иек артып, көркейіп, өркендегенін көз көрді. Кіреберісінен бастап жасыл желекке оранған мекендегі көшелі іс қатары жыл санап артып келеді.
Жалаңтөс батыр ауылын мекен еткен қазақтың рухани және мәдени тыныс-тіршілігі де көш ілгері. Ауыл тұрғындары атаулы, мәдени күндер мен мейрамдарды ұйымшылдықпен өткізіп, қонайжайлығын көрсетіп, аралас-құраласып тұрады.
Көңілге қуаныш ұялатқан тағы бір көрініс – ислам дінін ұлықтап, ұлттық салт-дәстүрді жаңғыртудағы ауылдастар бетбұрысы оң. Ауыл тұрғындары Құрбан айтты тойлап, үлкендер жағы намаздарын оқып, жастар мешітке барып, ислам нұрына бөленуіне 2014 жылы қараша айында құрылысы қаланған 100 адамға лайықталған мешіт қызмет етеді.
Батыр ауылында 2010 жылы жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілген.
Қ.Пірімов атындағы №103 орта мектеп негізі 1948 жылы «Үйрек» елді мекенінен ашылған бастауыш оқу ордасынан бастауын алады. Алғаш небәрі 32 оқушыға есік ашқан тәлім ордасынан бүгінде 200-ден аса шәкірт білім нәрімен сусындауда.
Типтік үлгіде бой көтерген нысанда балалардың жан-жақты білім алуына барлық жағдай қарастырылған.
Жыл сайын бірнеше оқушы мемлекеттік грант иегері атанатын мектептегі оқушылар мен ұстаздардың оқу-тәрбие жұмыстарында топ жарып, қол жеткізген жетістіктері жетерлік.
Бір ауысымда сабақ оқитын білім алушыларға асхана, спорт залы, акт залы, мультимедия кабинеті, зертханалық, ізденіс жұмыстарына арналған арнайы бөлмелер жұмыс істейді.
Мұнда бас сұққандардың тағы бір қызығушылығын тудыратын орын – мектеп мұражайы. 2012 жылы оқу ордасы ауласына ұрпақтарының бастамасымен Қ.Пірімов ескерткіш-белгісі бой көтеріп, тарихи-өлкетану мұражайы ашылды. Қажырлы күш жігерінің арқасында ұжымын толағай табысқа жеткізіп, аудан атын аласқа танытқан білікті басшы, КСРО жоғарғы Кеңесінде 3 дүркін депутат болып сайланған ардақты азаматтың абыройлы жолын мектептегілердің әрбірі шежіредей жатқа айтады. Оған қоғам қайраткерінің өмір деректерінен сыр шертетін құнды құжаттар, жылнамалық тізбек, өзі, туыстары пайдаланған бұйымдар мен өмір сүрген кезеңін көз алдыңа келтіретін жанды жәдігерлер де көп көмегін тигізгенін ұғыну қиынға соқпайды.
Мектеп маңындағы жылыжай ісі де көпті қанаттандырады. 2005 жылдың мамырында ҚР Жергілікті өзін-өзі басқарудағы БҰҰ-ның «Даму» бағдарламасы грантына қатысқан жоба мақұлданып, 3300,0 мың теңгеге жұмысын бастаған.
Ауылда мектепке дейінгі балаларды тәрбиемен қамту жайы толығымен шешімін тапқан. Бұл бағытта екі мекеме қызмет атқарады. Мектеп жанынан ашылған «Алақай» шағын орталығында жиырма бала тәрбиеленеді.
Қандай қиын-қыстау кезең келсе де, жұмысын тоқтатпаған №14 «Сәуле» балабақшасы – көрікті кешен ғана емес, тағылымды тәрбие орны. Облыстық бюджет қаржысы есебінен бой көтерген қос қабаттан тұратын жарық, жайлы, жылы заманауи балғындар мекенінде кішкентайларды қызықтыратын мүмкіндіктер молынан қарастырылған. Бес топтағы балаларды тәрбиелеу ісі 13 жоғары білімді, 11 арнаулы орта білімді педагог маманмен қамтылған.
23805 кітап қоры, 650 оқырманы бар ауылдық кітапхана интернет желісіне қосылып, «Рабис» бағдарламасы бойынша жұмыс жасайды. Оқырмандардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін рухани орында түрлі тақырыпта шаралар атқарылады.
«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында ел игілігіне берілген нысанның бірі – Жалаңтөс батыр дәрігерлік амбулаториясы.
Дәрігерлік қызмет сапасын арттыру мақсатында амбулатория зертхана, жылумен емдеу, бала қабылдау, науқас қабылдау сияқты бөлмелер және жаңа құрал, құрылғы, автокөлікпен қамтылған.
Дертіне дауа іздеп келген ауылдық амбулаториялық жағдайға жүгінгендер тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі.
14 төсектік күндізгі стационар жұмысына халық дән разы.
«Адам ауырса емделеді, ал мал ауырса мемлекет шаш етектен шығынға батады» деген сөз бар. Анығы төрт түліктің дертті жұқтыруы жеке адамға, қала берді, халық өміріне қауіп төндіреді. Осы мақсатта іс атқаратын ветеринарлық пункттің кәсіби мамандары, арнайы құрал-жабдықтары, өз көлігі бар. Ветинарлық-санитарлық іс-шараларды үйлестіру жұмысын жүргізетін орын мал ауруының алдын алу мен оны дер кезінде анықтауға бағытталаған жүйелі жоспармен жұмыс істейді.
1964 жылы жұмысын бастаған мәдени ошақ – ауылдық клуб 2017 жылы қайта салынған.
Қос қабатты, 150 орындық клуб айналасында трансформатор қондырғысы, дизельді электр станциясы, бу қазандығы, автотұрақ орналасқан. Өткен ғасырдың 90-жылдарының соңында ғимарат суықтығынан талай іс-шараны өткізуде туындаған қиындық бүгін артта қалған. Бу қазандығының көмегімен суық күндері де көрермен концерттік бағдарламаны алаңсыз тамашаласа, жас өнерпаздар ән, би, домбыра, көркемсөз оқу үйімелеріне қатыса алады. Біз дайындық залынан ауылдағы батыр аналардан құралған «Өнеге» әжелер ансамблінің әзірлік жұмыстарын көрдік.
Клуб меңгерушісі ауыл жастарының да өтетін рухани-мәдени шарада белсенділігі жоғары екенін жеткізді.
Жастар туралы тағы бір айтарымыз, ауыл әкімдігінің теңгеріміндегі кеңсенің екі бөлмесі грек-рим күресі оқу-жаттығу сабағына пайдалануға лайықталған. №17 Қазалы ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебіне сенімгерлік басқаруға берілген орында 70-ке жуық бала спортпен айналысуда.
Біз алғаш бас сұққан бас ғимарат – еңселі әкімшілік үйі туралы сұрағанымызда, Орысбек Жәмшейтов ескі кеңсенің жөндеуден өтіп, пайдалануға берілгеніне көп болмағанын айтты.
Округ орталығындағы кең көлемді аумақ – орталық алаң. Ескі клуб, балабақша, шаруашылық қоймасының орнынан лайықталып, абаттандырылған алаңға тас төсеме төселіп, орындықтар, түнгі жарықшамдар орнатылып, шағын демалыс орындары, балалар ойыны және спорттық тренажер алаңдары орналасқан. 2016 жылы Жалаңтөс Сейітқұлұлының туғанына 440 жыл толуы қарсаңында қолға алынған жұмыс халық игілігіне қызмет етуде. Алаңдағы далалық сахнада өткен шаралар келушіге ыңғайластырылған. Ауыл атын алған, бұл жердің талантты тумасы Жалаңтөс батырдың айбатты ескерткіші елдің ертеңге деген сенімін одан әрі нықтай түсетіндей.
2015 жылы жергілікті бюджеттен қаралған қаржы есебінен бой көтерген «Жалаңтөс батыр» саябағындағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы құрметіне қойылған «Жеңіс жұлдызы» стелласы көпшілік мінәжат ететін орынға айналып үлгерген.
Ауыл халқының көбі аталған мекеме-ұйымдарда жұмыс істейді. Сонымен бірге мал, егін шаруашылығымен айналысады.
Біз болған бір күнде аудан мен ауылдың айтарлықтай алшақтығын аңғармадық. Көптің көңілі шат. Тілшілер тобын көре сала базыналы назын жеткізетіндерді кездестірмедік. Есесіне, ісімізге сәттілік тілеп, ауылдағы ағайынның аужайын назардан шығармай, қазақтың қарашаңырағы аталатын жерлерге жиі барып тұруымыз туралы айтқандар көп болды.
Қайтар жолда «Ынтымақты елге ырыс қонақ» деген халық нақылы ойыма орала берді.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
28 қыркүйек 2019 ж. 1 326 0

Мәдени мұра

18 сәуір 2024 ж. 72

Жанға жайлы демалыс

18 сәуір 2024 ж. 76

Қалдықсыз болашақ

18 сәуір 2024 ж. 59

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930