Бекқалидің берекелі ісі
Туған жерге тағзым, кіндік қаны тамған топырақты қастерлеу қазақ халқының әлімсақтан жалғасқан салты. Ол – ұлттық санамыздағы аса қастерлі ұғым. Туып өскен өлкеге еңбегімен елеулі болған азаматтар да аз емес. Елжандылықтың тамыры кіндік қаны тамған жерді, өскен өлкені сүю, оған құрмет танытатын ұлылық екенін ұғына білген асқар азаматтарымыз бүгінде қолдарынан келгенінше елге көмегін тигізіп жүр. Елбасы мақаласынан бастау алған «Туған жер» бағдарламасы да осыған үндейді.
Осы ретте желтоқсан айының 26 жұлдызы күні Кәукей ауылындағы клубта Қазақстан Республикасының «Құрметті автокөлікшісі», «Қазалы Жолаушы» ЖШС директоры Бекқали Бекбауыловтың демеушілігімен «Туған жерге тағзым» акциясы аясында жаңа жылдық шара өтті. Оны Әйтеке би кенттік клубының басшысы Кенже-Әлі Асқар жүргізді.
Мерекелік кеште сөз алған Кәукей ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Інабат Ерліханов ауылдан шыққан азаматтың елге жасаған жақсылықтары мен өнегелерін тілге тиек етті. Сонымен қатар, барша ауыл тұрғындарын келе жатқан жаңа жылмен құттықтады.
Одан әрі Бекқали Бекбауыловтың ауыл тұрғындарына арнаған сыйлықтары табысталды. Ауыл ақсақалдары Нәби Арза, Қойшыбай Дош және Маусым Ршымбетовке оюлы шапан жабылса, алтын құрсақты аналар Зинеш Жәнібекова мен Мауат Жаңбырбаеваға камзол кигізілді. Мектепте үздік оқитын оқушыларға да арнайы жаңа жылдық базарлықтар үлестірілді. Сәкен Қабыловтың ауылдың үлгілі азаматына арналған өлеңін оқыған Азылзат Дәулетбайға да мерекелік сыйлықпен қатар Ұялы ауылына зерттеу жұмыстарын жүргізгені үшін ұялы телефон табысталды.
Шара барысында жазушы Нұрперзент Домбайдың авторлығымен жазылған «Алғыс алған азамат» атты кітабының тұсаукесер рәсімі жасалды. Аталмыш кітапта Бекқали Бекбауыловтың өмір жолы мен ерен еңбегі қамтылған. Көптеген жеткіншектерге үлгі боларлық бұл шығарманың біршамасы ауыл тұрғындарына таратылып, ауыл кітапханасының қорына тапсырылды.
Шарапат Ізи басшылық ететін Кәукей ауылдық клубына жиналған ауыл тұрғындарының қарасы көп болды. Мәдениет ошағы меңгерушісінің айтуынша кәсіпкер бұл өнер ордасына да көмегін аямайды екен. Өткен жылы тозығы жеткен сахна шымылдырығын жаңалап ауыстырып беріпті. «Туған жерге туың тік» деген ұлағатты сөздің парқын жете ұғынған кәсіпкерге ел алғысын жаудырса, жаңа жылдық сыйлық алған мектеп оқушылары қуаныштарын жасыра алмады.
Мерекелік кеш Әйтеке би кенттік клубы өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ.