«Жалаңтөс бахадүр» аллеясы жаңғыртылды
Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойы аясында жаңғыртылған Жалаңтөс батыр аллеясының ашылуы мен мерекелік концерт өтті. Қазалы ауданы орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешіті жанындағы аллеясын жаңғыртып, таныстырылымын ұйымдастырды.
3 га аумаққа брусчатка төселіп, Жалаңтөс батыр ескерткіші аумағында абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді, ротондар мен шағын архитектуралық нысандар орнатылды. Жаңғырту жұмыстары демеушілердің көмегімен жүргізілген.
Еске сала кетейік, Жалаңтөс бахадүр ескерткіші 2010 жылы қыркүйек айында қойылған болатын. Ескерткішті жаңғырту жұмыстары 20 қыркүйекте басталып, 15 қазанға дейін жалғасты.
Сондай-ақ, бүгін А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде Қазалы ауданы өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдарының концерті өтті. Онда қазақтың халық әндері, ұлттық билері, әлемдік классикалық музыканың озық үлгілері орындалды.
Облыс әкімі Қ.Көшербаев аллеяны қайта жаңғырту жұмыстарымен танысып, Қазалы ауданының тұрғындарымен кездесті.
Айта кетейік, Қызылордада аудандардың шығармашылық ұжымдарының концерттері және қала мерейтойына арналған мерекелік іс-шаралар өткізілуде.