Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауа райының түсініксіз тұстары туралы не білеміз?

Ауа райының түсініксіз тұстары туралы не білеміз?

Көктем мезгілінде ауа райы күрт өзгеріп, табиғаттың түсініксіз тылсымдары орын алады. Осы ретте ертеден қалған табиғат ­болжамдары туралы не білеміз?
Қазақ халқы табиғат тылсымын әуелден-ақ түсініп, оны өзінің тұрмыс-тіршілігіне арқау етіп, қолдана білген. Сол қатарда ауа райын болжау тәсілдері де кездеседі. Қысы-жазы жазиралы далада тіршілік еткен жұртымыз өздері тұрған өлкенің табиғи ерекшелігі мен құпиясын терең білгендігі соншалық, айсыз түнде жұлдызға қарап жол тауып, көз аштырмас боранда жердің шөбіне қарап ел тауып, құс, жан-жануар, құрт-құмырсқа тіршілігіне зер салып, ауа райын күні бұрын болжап, ертерек қам жасап отырған.
Жылдың әр айы мен тоқсанында болатын күн райындағы және табиғат өзгерістері мен құбылыстарын дала халқы назарынан тыс қалдырмай, оған ат қойып, баға берген. Иә мұндай жайларды үнемі қадағалап, болжап, күні бұрын жеткізіп отыратындар да болған. Тура бүгінгінің ауа райы болжамын ­хабарлаушылар секілді.
Әдетте қоршаған ортаның түсініксіз тұстары көктем айларынан басталады деседі. Олардың өзіне тән атауы мен көрінісін ашып отыратын амалдары бар. Нақтыласақ оның алғашқысы – өлара. Яғни екі айдың арасы. Осы арқылы алдағы айға болжам жасалса керек. Бұл жайлы халық «Өларада жауын жауса, жаңа ай жауын-шашынды болады», – дейді екен. Аталған болжам әрқашан бұлжымай келіп отырған. Одан соң – амал. Жыл он екі айда айналып соғып тұратын ыстық пен суықты, қар мен жаңбырды, жел мен боранды халық бір сөзбен амал деп атаған. Демек жылдың әр мезгіліндегі табиғат құбылыстарының өткінші әрі тосын, аз уақытта болып өтетін өзгерісін және оның бірнеше түрін айтқан. Ұлттық сандық ұғымда жеті амал бар. Олар күннің тоқырауы, қарашаның қайтуы, үркердің батуы, мұздың қатуы, киіктің матауы, қыс тоқсан, ай тоғамы.
Құс қанаты. Наурыз айының соңғы күндерінде жыл құстары да ұшып келе ­бастайды. Құстардың келуімен аралас жаңбыр, суық жел тұрады. Мұны осыдан кейін ел құс қанаты деп атап, амалға жатқызған. Сонымен қатар көктемде наурыз айында, кейде көкек айында қар күрт еріп, жер лайсаң болып, шаруашылыққа қиын күндер туады. Осындай жайсыз, қолайсыз мерзім аласапыран деп аталса керек-ті.
Бесқонақ сәуір айының 17-21 күндері аралығында болатын жауынды-шашынды күндер. Бұл әр жылы соғып өтетін суық әрі лайсаң мезгіл. Ертеректе қазақ халқы бесқонақтан қатты сақтанып, күтініп отырған. Оның артынша қызыр қамшысы келсе керек. Ол сәуір айының орта кезінен аса бере алғаш найзағай ойнап, жаңбыр жауады. Жер жусанды, оңтүстікте жаздың жайлы күндері басталады. Осы сәттердегі найзағайдың жарқылын халық «Қызырдың қамшысы жарқылдады, қыс кетті», – деп есептеген.
Кезекті табиғат құбылыстарының бірі тобылғы жарған. Сәуір айының соңғы күндерінде екі-үш күнге созылтын суық жел соғатын көрінеді. Бұл – тобылғы бүршік жарды, яғни өсімдіктер тамыр жайды, алғашқы көк шыға бастады деген сөз. Одан кейін қызыл жұмыртқа. Мамыр айының алғашқы онкүндігінде дала құстары балапанын шығара бастайды. Халық тілінде қызыл жұмыртқа аталатын осы кездерде 1-2 күнге созылатын суық болады. Және құралайдың салқыны. Мамыр айының аяғында болатын суық жел. Осы мезгілде киік құралайларын аяқтандырып, жүгіртіп, өргізеді. Киік қанша көп болса да олар 2-3 күн ішінде түгелдей төлдеп болады. Киіктің тағы бір айта кетерлік ерекше қасиеті оның енелігі кез келген құралайды емізіп, бауырына ала береді. Киік құралайының далада жетім қалмауы осыған байланысты.
Үркердің батуы. Маусым айының басында үркердің мүлде көрінбей кетуі. Кейде мұны үркердің жерге түсуі десе керек. Осыдан кейін 40 күн шілде басталады. «Үркер жерге түспей, жер қызбайды», – дегенде осыдан қалған. Артынша маусым, шілде айында 40 күнге созылатын аптап ыстық. Осы күндерге орай халық арасынан қырық күн шілде деп аталатын халықтық календарлық атау пайда болған.
Осы қатарда үркердің батуы ғана емес оның толғағы да кездеседі. Мал-жанға жайлы кезең, шілде айының орта кезінен бастау алса керек. Ал ол кезде үркер туады да, жер құрғап, шөп буыны қатып, сарғая бастайды.
Таразының тууы дегенді естіп көрдіңіз бе? Ендеше тамыз айының ортасында ауа райы салқын тартып, қою бұлт пайда болып, алғашқы күз нышаны біліне бастағанды таразының тууы деп атайды. «Таразы туса – таң суыр» деген мәтел осыдан шыққан.
Одан соң мизам шуақ. Қыркүйек айының екінші онкүндігінде салқын болады. Жаңбыр жауып, түнде шөп басына шық түседі. Осы кезеңдерде күндіз шуақты болып тұрса, далада ұзыннан ұзақ мизамдар шұбатылады. Мұндай жылы мезгілдерді мизам шуақ деп атайды. Сонымен қатар сүмбіленің тууы табиғатта жиі кездесіп тұратын көрінеді. «Сүмбіле туса – су суыр»,– деген дана халқымыз. Демек қыркүйектің соңғы онкүндігінде күз келіп, суықты күндер басталады.
Қазіргі таңда бұл ауа райы болжамдарының атаулары мен мән-мағынасын білетіндер саны бірен-саран. Көбінесе тілге тиек етіп отыратындар қатарынан қарт аналар мен қариялар кездеседі. Бүгінгі жас буынның біразы бұлардан мүлдем хабарсыз. Шындығында ертеден қалған табиғат құпиясын кімге де болмасын біле жүрген артық етпесі анық.
Абзал ЖОЛТЕРЕК
06 мамыр 2020 ж. 1 574 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 52

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930