Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бабалар болжамы

Бабалар болжамы

Адамзаттың тіршілігі өмір сүрген ортаға, табиғат болмысы мен құбылысына, төңіректегі жан-жануарлар мен өсімдік әлемімен тығыз байланыс­ты. Сондықтан да қазақ халқы дала заңына ден қойып, оның құбылыстары мен жан-жануарлардың тыныс-тіршілігіне қарап ауа райын болжай білген. Ғылым мен техника дамымаған заманда, халық қарапайым күнкөрісі мен шаруашылығын қоршаған ортаның жағдайына сәйкестендіре қарекет жасаған. Шаруа адамы егін егіп, өнімін молайту және төкпей-шашпай мезгілінде жинап алу, малды шығынсыз, жұтқа ұшыратпай бағып өсіру, қауіп-қатерсіз сапар шегу әдістерін үйренді. Ол үшін күн райының өзгермелігі қалай, қандай ізділікте жүретіні зерттелсе, ондай өзгеріс болар алдында үй және түз хайуандары, жәндіктің нендей әрекет танытатынын байқау керек еді. Ғасырлар бойғы ізденіс ауа райы құбылыстарын болжаудың халықтық жүйесі қалыптасуына мүмкіндік берді. Оның тәжірибеде ақталған халықтық нұсқасы баршылық. Олар әлі күнге дейін өз мәнін жойған емес.

Мәселен, қарлығаш келгенде терек бұтақтары жапырақ жаяды. Бірде төмендеп, біресе биіктеп ұшса, дауыл соғады. Жер бауырлай ұшса, жаңбыр жауады не жел тұрады. Биіктей ұшса, ауа райы жақсарады, төмен қалықтаса, күн күрт өзгереді.
Шағала төмен ұшса, теңіз буырқанады. Су бетінде ұзақ, көбіне қалқып ұшса табиғат тынышталады. Жағалауда қалықтап, жартас­тар арасында, құм, таяз, қайраң жерлерде қиқулап ұшса теңіз дауылы көтеріледі.

Бозторғайдың келгені орман алаңының қардан ашылғанының белгісі. Ұя салғаны көктемнің кіргені, ұзақ шырылдаса, аспанға шырқап шығып әндетсе, күн көзі жарқырап, жақсарады. Күзде топтасып, ұзақ шиқылдасса, қар, үнсіз жүрсе, жаңбыр жауады.
Ерте көктемде қарға шомылса, күн жылынады. Жазда аузын ашып қарқылдай берсе, найзағай ойнайды. Ағаш бұтақтарына жайғасып немесе шуылдасып топтанып ұшса, дала суытып, боран соғады. Қыста терек басына қонақтап қарқылдаса аяз болады. Жиналып, төңіректі басына көтерсе, қар жауады. Бастарын әр жаққа қаратып отырса күн ашық желсіз, ағаш діңгегіне жақын қонақтаса күн желді.

Тауық жүнін үрпитіп қытқылдаса – ауа райы бұзылады. Құмға аунап, қанаттарын қаққылап сілкініссе, қауырсынын тарағыш­таса – жаңбыр жауады. Қораз кешке шақырса, ауа райы өзгереді, күндіз жиі-жиі шақырса, күн жылынады. Үстіне, төңірегіне топырақ шашса, күн шуақты болмақ. Мезгілінен бұрын күзде түлесе қыс жылы, ұясына ерте қонақтаса, қыста аяз тұрмақ, жазда жаңбыр жаумақ. Бір аяғын бауырына алып, екінші аяғымен қаздиып ұзақ тұрса, күн суытады. Құйрығын бұлаңдата берсе, бұрқасын соғады. Жаңбыр сіркіреп тұрғанда далаға шығып жем іздесе, ақ жаңбыр ұзаққа созылады. Жаңбырлы күндері қораз таң ата шақырса, күн ашылады.

Ал қой күзде, қыста өріске шығар алдында ойнақшып секіріп, бірін-бірі қуалап сүзіссе, аяз тұрады. Қысты күні қорадан шықпай шегіншектеп, маңырап, шулай берсе, ауа райы бұзылады деп білген. Қысқы жайылымда үйіріліп топтасса немессе сапырылысып ілгері-кейін жүре берсе, қорадағы көңді тұяғымен тепкілесе, тістерін жиі-жиі қайраса, кешікпей боран соғады. Қыс басында қора қабырғасын жиектеп шашырай жатса, қыс қаһарсыз жұмсақ болар. Тұяғымен төсін жиі қасыса, сойғанда қарын түгі қалың болса, қыста қар қалың түседі.
Сондай-ақ қораға топырламай, еркін кірсе, таңертең желге қарсы қарап күйсеп жатса, ауа райы тұрақтанып, жақсарады. Күзде тау беткейіндегі отар үнемі өрді беттеп жайылса, қозылар енелерінен қалғыштап, отардан бөліне берсе, күздің соңы, қыстың басында сақа қойлар аузына бір-бір тал шөп тістеп өрістен қайтса қыс қатты болады деп болжаған. Егер ит құлағын қаққыласа қыс қытымыр өтеді деген де бар.

Осылайша бұрынғылар ерте кезден ауа райын алдын ала бақылап, мал-жанын түрлі апаттан аман сақтау үшін ерте қамданып отырған. Ауа райын болжаушылар табиғат құбылыстарын бақылап, күн есептеудің дәстүрлі әдістерін атадан балаға мұра етіп қалдырып отырған.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА

04 желтоқсан 2019 ж. 2 084 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 78

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 71

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930