Қазақ халқы ауа райын қалай болжаған?
Халқымыз табиғат тылсымын ерте заманнан-ақ түсініп, оны өзінің тұрмыс-тіршілігіне арқау етіп, қолдана білген. Солардың бірі – халықтың ауа райын болжау тәсілдері. Қысы-жазы далалық өмірде тіршілік еткен халқымыз өздері тұрған өлкенің табиғи ерекшелігі мен құпиясын терең білгендігі сондай, айсыз түнде жұлдызға қарап жол тауып, құс, жан-жануар, құрт-құмырсқа тіршілігіне зер салып, ауа райын күні бұрын болжап, ерте қам жасап отырған.
Жылдың әр айы мен тоқсанында болатын ауа райындағы және табиғат өзгерістері мен құбылыстарын дала халқы әркез назарында ұстап, оған ат қойып, айдар тағып, баға беріп отырған. Мұндай жайларды үнемі қадағалап, болжап, оны күні бұрын хабарлап тұратын жұлдызшылар да болған. Ондай адамдар қазір де бар. Солардың бірі – танымал жұлдызшы Назарбек Қожамсейітов.
Жылдың он екі айындағы табиғат құбылысына байланысты халықтық қағидаларға қалыптасқан болжамдар мен оның атаулары мен реттері әдеттегідей наурыз айынан басталады.
Өлара – екі айдың арасы. Осы арқылы алдағы айға болжам жасалады. «Өларада жауын-шашын болса, жаңа (келесі) ай жауынды-шашынды болады» дейді халық. Бұл болжам әрқашан қатесіз келіп отырған.
Амал. Жыл оны екі айда айналып соғып тұратын ыстық пен суықты, қар мен жаңбырды, жел мен боранды халық бір сөзбен амал деп атаған. Яғни жылдың әр мезгілдеріндегі табиғат құбылыстарының өткінші әрі тосын, аз уақытта болып өтетін өзгерісі мен көрінісін және оның бірнеше түрлерін айтқан. Ұлттық сандық ұғымда жеті амал бар. Олар:
1. Күннің тоқырауы. 2. Қарашаның қайтуы. 3. Үркердің батуы. 4. Мұздың қатуы. 5. Киіктің матауы. 6. Қыс тоқсан. 7. Ай тоғамы.
Құс қанаты. Наурыз айының соңғы күндерінде жыл құстары да ұшып келе бастайды. Құстардың келуімен қар аралас жаңбыр, уық жел тұрады. Мұны ел құс қанаты деп атап, амалға жатқызған.
Аласапыран. Көктемде, наурыз айында, кейде сәуір айында қар күрт еріп, жер лай болып, шаруашылыққа қиын күндер туады. Осындай жайсыз, қолайсыз мерзімді аласапыран дейді.
Бесқонақ. Жыл аяғында, яғни наурыз айының 17-21 күндері аралығында, болатын жауынды-шашынды күндер. Бұл – әр жылы соғып өтетін суық әрі лайсаң мезгіл. Жұрт бесқонақтан қатты сақтанып, күтініп отырған.
Қызыр қамшысы. Сәуір айының орта кезінен аса бере алғаш найзағай ойнайды, жаңбыр жауады, жер бусанады, оңтүстікте жаздың жайлы күндері басталады. Осы сәттердегі найзағайдың жарқылын халық «Қызырдың қамшысы шартылдады, қыс кетті» деп есептейді.
Тобылғы жарған. Сәуірдің соңғы күндерінде екі-үш күнге созылатын суық жел соғады. Бұл – тобылғы бүршік жарды, яғни өсімдіктер тамыр жайды, алғашқы көк шыға бастады деген сөз.
Қызыл жұмыртқа. Мамыр айының алғашқы онкүндігінде дала (су) құстары балапанын шығара бастайды. Халық тілінде қызыл жұмыртқа деп аталатын, осы кездерде 1-2 күнге созылатын суық болады.
Құралайдың салқыны. Мамыр айының аяғында болатын суық жел. Осы желге қарсы киік өз құрайлаларын (баласын) аяқтандырып, жүгіртіп, өргізеді. Киік қанша көп болса да, олар 2-3 күн ішінде түгелдей төлдеп болады. Киіктің тағы бір айта кетерлік ерекше қасиеті оның – енелігі кез келген құралайды емізіп, бауырына ала береді. Киік құралайының далада жетім, жалғыз қалмауы осыдан.
Үркердің батуы. Маусым айының басында үркердің мүлде көрінбей кетуі. Кейде мұны үркердің жерге түсуі дейді. Осыдан кейін 40 күн шілде басталады. «Үркер жерге түспей, жер қызбайды» дейді халық жұлдызшалары мен есепшілері.
Қырық күн шілде. Маусым, шілде айында 40 күнге созылатын ыстық. Осы аптапты күндерге орай халық арасында қырық күн шілде деп аталатын халықтық күнтізбелік атау пайда болған.
Үркердің толғағы. Мал-жанға жайлы кезең, шілде айының орта кезінде басталады. Бұл кезде үркер туалды, жер құрғап, шөп буыны қатып, сарғая бастайды.
Таразының тууы. Тамыз айының ортасында ауа райы салқын тартып, қою бұлт пайда болып, алғашқы күз нышаны біліне бастайды. «Таразы туса – таң суыр» деген мәтел осындайдан шыққан.
Мизам шуақ. Қыркүйек айының екінші онкүндігінде салқын басталады, жаңбыр жауады, түнде шөп басына шық түседі. Осы кездерде күндіз шуақты күндер де болады. Далада ұзыннан-ұзақ мизамдар шұбатылады. Мұндай жылы мезгілдерді мизам шуақ деп атайды.
Сүмбіленің тууы. «Сүмбіле туса – су суыр» дейді халық қағидасы, яғни қыркүйектің соңғы онкүндігінде күз келеді, суықты күндер, жауын басталады.
el24.kz