Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Туған жер – алтын тұғырың

Туған жер – алтын тұғырың

Қазіргі кезде туған елді, өскен жерді ардақтау мәселесіне барынша мән беріліп жатқаны белгілі. Бүгінде бұл бағытта біздің өңірімізде де бірқатар істер атқарылуда. Осы тақырыпқа орай жерлесіміз, белгілі ғалым, публицист, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан ОМАРОВПЕН әңгімелескен едік.
– Аға, Арал-Қазалы халқының өзіңізге деген пейілі алабөтен, елдегі үлкендер тілеуқорлық танытса, жастары сізді үлгі тұтады. Әңгіме туған жерден басталды ғой, байқасаңыз, көп жерде екі ауданның атауы қоса айтылады. Мұның сыры неде? Жалпы, туып-өскен топырақ дегенде алдымен көз алдыңызға не елестейді?
– Мен Сырдарияның Арал теңізіне құяр жеріндегі Қаратерең деген балықшылар ауылында туып-өстім. Жалпы, қаратереңдіктердің қай-қайсысын да екі ауданның бел баласы деуге болады. Олар Арал мен Қазалыны үнемі қатар атайды. Аралды Арал дейді де, неге екені белгісіз, Қазалыны қала дейді. Осыған таң қалатын едім. Неге ресми атауы бар Аралды қала демейді? Тіпті, Қазалы Аралға қарағанда Қаратереңге жақындау. «АН-2» ұшағы Аралға қырық бес минут, ал Қазалыға отыз бес минут ұшады. Қаратереңдіктердің барлық туыстары дерлік осы екі ауданда тұрады. Ауылдан көшсе, аулақтағы Аралға емес, іргедегі Қазалыға қарай көшеді. Не Майдакөлге, не Ақтан батырға, не Кәукейге барып табан тірейді. Кейін Алматыға оқуға түскенімізде ешкім бізді аралдық-қазалылық деп бөлген емес. Қашаннан еншісі бөлінбеген тұтас бір елді мекен секілді көретін. Анда-санда ел жаққа келгенімізде ауылымызға көбіне-көп Қазалы арқылы бет бұратынымыз да рас. Сондықтан туған жер дегенде ең алдымен көз алдыма Арал мен Қазалыға кезек қатынап, екі ауданның арасында жортып жүрген кезім елестейді.
– Әрбір азамат туған жерінің өсіп-өркен­деуіне елеулі үлес қосқысы келеді. Және шама-шарқынша әрекет етіп жатқандар бар. Ел алдында жүрген азамат ретінде сізден сұрағым келгені, алдағы уақытта туған жерді түлету бағытында түпкілікті ойларыңыз бар ма? Сол туралы айта кетсеңіз?
– Бұл іске әркім өз қолынан келетін шаруа тұрғысынан үлес қосқаны дұрыс. Мен бұқаралық ақпарат маманымын, әдебиеттанушымын. Сол мамандықтың шеңберінен шығып, Аралды түлету туралы іргелі жобаларды қолға алу қолымнан келе ме, жоқ па?! Негізі, мұнымен білікті мамандардың айналысқаны дұрыс. Менің солардың жұмысы туралы шынайы мәліметтің жұртшылыққа жетуіне өз салам бойынша барынша жәрдем етуім мүмкін. Мәселен, кезінде жазушы Сайлаубай Жұбатыров ағам Кіші Арал мәселесін алғаш көтеріп, бүкіл қазақ еліне қоғамдық пікір орнықтырды. Бірақ оны түптің-түбінде Сәкең емес, мамандар іске асырды ғой. Күндіз-түні тек осыны ойлап, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген адамдар бар. Бұл мәселе облыс әкімі Қырымбек Көшербаевты да, көршілес екі ауданның әкімі Мұрат Ергешбаев пен Мұхтар Оразбаевты да алдымен толғандыратынына сені­мім мол. Ендеше, тек оларға тілеулес болу керек.
Ал мен өзіміз туып-өскен жердің ой-шұқыры мен тау-тасын жұршылыққа көбірек таныстыруға үлес қосқан шығармын. Туған ауылым туралы «Қаратерең вальсі» деген кітап жаздым. Ол алдымен «Ана тілі» газетінде осы тақырыппен эссе түрінде жарияланды. Ал кітап болып шыққаннан кейін Қаратереңнің аты көпшіліктің, әсіресе, менің әріптестерімнің жадында жатталды. Міне, осы сұхбаттың өзінде біздің ауылдың атын бірнеше рет айтып отырмыз. Қалжыңға салсақ, қияры болмаса да, пиары көп ауыл. Облыста қызмет істеп жүргенімде өзім оқыған мектептің жаңа ғимаратының құрылысын жеделдетуге жәрдемім тиді-ау деймін.
Туған жер – алтын тұғырың, тамыр үзбейтін киелі қазығың. Оны өмір бойы аялау керек.
– Қазақ баспасөзіндегі белгілі тұлғаларды түгендеп, «11-ші қаламұш», «Төртінші билік» атты кітаптар шығарғаныңызды білеміз. Мұ­ның сыры неде?
– Бұлардың бәрі де – өз саласы бойынша айшықты із қалдырған азаматтар. Жазу өнерін өрістетіп, қабілет-қарымымен көпке танылған қаламгерлер. Әрине, бұлардан басқа да мықты журналистер бар. Олардың ақпарат саласына сіңірген еңбегі менің кейіпкерлерімнің жеткен жетістіктерінен артық болмаса, кем болмауы мүмкін. Бірақ, бұл – менің журналистік антологиям. Яғни, өзімнің қалап алған қаламгерлерім. Мұның бірнеше себептері бар. Олардың әрқайсысымен де әр кезеңде менің тағдырым тоғысты. Кейбірінің қалам сілтеуі менің жазу стиліме жақындау. Бірқатарының өмірбаянындағы қызықты детальдар жазуға құлшынысыңды оятады. Кейбірін әншейін қамсыз, елеусіз жүретіндігі үшін ғана өзім әдейі таңдадым. Ішінде өте қарапайым адамдар да бар. Басты критерий – кәсіпке адалдық. Кейіпкерлерімнің дені «сен мен туралы жаза қойшы» деп өтініш білдірген емес. Өзімнің жүрек қалауыммен кірістім. Керісінше, өздері өтініш білдіргендерден сыпайы ғана бас тартамын. Біреу мені жаз деп қылқылдап тұрса, қаламың қалай жүреді? Қалған журналистер туралы басқалар да жазсын. Лайықты кейіпкерлер жеткілікті ғой.
– Заманында белгілі тұлғалар бір-біріне хат жазатын, я болмаса баспасөз арқылы пікір алмасатын. Шәкәрім мен Лев Толстойдың арасындағы толғаныстар жөнінде айтылып қалады. Шерағаң мен Камал ағалардың «Егемен Қазақстан» газеті арқылы жазысқан хаттарынан жарасымды сыйластық көрінетін. Ал бүгінгі хаттарда елдік мүддеден гөрі, қарақан бастың қамы күйттелетін секілді. Жалпы айтқанда, хат жазу мәдениетінен алыстап бара жатқан жоқпыз ба?
– Хат жазу мәдениеті бәрібір енді баяғыдай болмайды. Себебі, әртүрлі әлеуметтік желілер, электронды пошталар жаңа заманға бейімделген. Қаласаң да, қаламасаң да, қысқа-нұсқа мәлімет беруге үйренесің. Ондағы ірілі-ұсақты қателерге ешкімнің басы ауырмайды. Тыныс белгілері әлдеқашан келмеске кетті. Әрине, көпке топырақ шашуға болмас. Қазақ тілінің барлық емлесін сақтап, қазіргі хаттың өзін аса жауапкершілікпен жазатын тұстастарымыз баршылық. Дегенмен, әлгіндей ахуал жаппай етек алып тұрғанын айтуға тиіспіз. Ал бұрын кәдімгі ақ қағазға жазылатын хаттың бәрінен сауаттылық байқалатын. Жазған адамның маржандай қолтаңбасы төгіліп түсетін. Бүкіл арман-мұраты, көңіл-күйі, талап-тілегі сонда тұнып тұратын. Хатты, яғни, эпистолиярлық жанрды көркем шығарма деңгейіне жеткізген қалам­герлер болды. Сондай майталман жазушы­ның бірі Әзілхан Нұршайықов еді. Ол кісі: «Еріншек адам ғана хат жазбайды», – дейтін. Өз басым хат жазуға аса құмар болғаным жоқ. Кезін­де Қызылорда облыстық атқару комитетінің төрағасы Виталий Брынкинге арнап, «Жас алаш» газетінің бетінде ашық хат жаздым. Депутат боларда қап-қап уәде беріп, айтқанын орындамай кеткен дәу шенеунікті сойып салдым. Одан кейін хат жанрын жазған-сызғандарыма пайдаланған емеспін.
Жалпы, хат жанрын өрістеткен дұрыс. Әйгілі жазушылардың соңында қалған хаттарының өзі бүгінде баға жетпес құндылықтарымызға айналып отырған жоқ па?!
– Терең толғанып, толғатып жүрген тақырыптарыңыз төңірегінде ой қозғасаңыз? Қазір не жазып жүрсіз?
– Үнемі «терең толғанып, толғатып жүремін» дей алмайтын. Бұлар – үлкен қаламгерлердің бойына шақ сөздер ғой. Өзімнің нақты жоспарыммен, ешкімге дабыра қылмай, жүйелі жұмыс істеймін. Қазір де шығармашылық жобаларым бар. Оны біткен соң айтайық та...
«Бір заманда виртуалды құдалыққа барып, құдағиды виртуалды биге шақырып жүрмес пе екенбіз?!.» деп жаздыңыз «Қаратерең вальсінде». Емен-жарқындықты, шынайылықты жақсы көретін сізді жиырма бірінші ғасырдың тағы қандай құбылыстары алаңдатады?
– Мен мұндай нәрселерге қатты алаңдай қоймаймын. Тек белгілі бір мәселелерге байланысты көзқарасымды білдіргенім ғой. Дәуірлер алмасатын тұстағы ептеген қайшылықтарды ғана көрсеттім. Не десең де, бәрібір жаңа заманның жетістіктері үстемдік құра береді. Көп ұзамай виртуалды дүние де қалыпты нәрсе сияқты болып кетеді. Сол дүниеге бұрынғы тәуір дәстүрлердің біразын алып бара аламыз ба? Мәселе сонда. Сол әлемде де қазақтың мүддесі, ұлттың ұстанымы ұмытылмаса деймін. Себебі, қазіргі жаңалық атаулының бәрі жаһанданудың аясында жасалады. Ал жаһандану дегеніміз ұлттық белгілерімізді таптап бара жатқан жоқ па?!
– Бұрынғы мен бүгінгіні салмақтағанда өнегелі әңгіме айтатын шежірелі, қазыналы ауыл ақсақалдарының көші үзіліп бара жатқанын байқаймыз...
– Ол рас. Мұның себептері көп. Бұрын қазақ қырықтан асқаннан кейін ақсақалдыққа бейім­деле бастайтын. Ал қазір жетпісінде де желігі басылмаған жасамыстар толып жүр. Ешкім оңай­лықпен қартайғысы келмейді. Оның үстіне, ұлтымыздың болмысы биологиялық тұрғыдан да жасара түскендей. Сексенінде найзадай шаншылып, тіп-тік жүретін ағаларымыз көп-ақ. Бұл дұрыс, әрине. Бірақ ішкі мазмұны да соған сай болса дейсің. Соңғы жылдарда санамызда қалыптасқан ауылдың қалыпты әлеуметтік бейнесі мүлде өзгеріп кетті. Жұрттың қалаға жаппай көшуі ауылдың рухани құнарын әлсіретті. Классикалық үлгідегі қазақ қартының тұлғалы тұрпатына зар болып қалдық. Бұрынғылар тарихтың қойнауына кетті. Қазіргілердің тура сондай үрдіске бірден бейімделуі қиындау болып тұр.
Қарапайым қара шалдар қай заманда да жеткілікті еді. Алайда, шежіреге жетік, ескі әңгімелерді көп білетін сұңғыла қарттар қай кезде де аса көп болған жоқ. Мен білетін жерде әр ауылда осындай бес-алты адам мекендейтін. Бұлар өлкетану мәселелері жөнінде кез келген ғалыммен төрт-бес сағат айтысқа түсе алатын. Деректері дәлме-дәл, дәлелдері бұлтартпас болатын. Олардың логикасына ешкім де дау айта алмайтын. Қазалыда Өмірзақ Ахметов деген атақты шежіреші болды. Мен Алматыдан демалысқа келген сайын ол кісіге арнайы сәлем бере барып, жата-жастана, сағаттап әңгімелесетінмін. Өзімді көрген сайын Өмірзақ аға да керемет қуанып қалатын. Өңір шежіресін сол кісіден жазып алдым. Кейін басқа да ғылыми деректермен толықтырдым. Ара-тұра хат жазысып, амандық білісіп тұрдық.
Біздің жақта Құлашынның Ахметі деген туы­сы бөлек, сөзге шешен, аса ділмар адам болыпты дейді. Мен оны көре қойғаным жоқ. Ал аймаққа өте қадірлі Жұмахмет Ізімбетов деген ақсақалды бірнеше рет көрдім. Келбеті келісті, ер мұрынды ірі кісі еді. Ол өзінің атамекені – Қаратереңге келген сайын ауылдың басшылары құрақ ұшып, ертелі-кеш қасында жүретін. Басқа әлемде жаралған адам сияқты көрінетін. Мен де одан алысқа ұзамай, қалқиған құлағымды тігіп, бір табан жақын жүремін. Қимыл-қозғалысының өзі – өмірлік сабақ. Әр сөзі ақ қағазға басылған мөр сияқты еді.
Атақты жырау, ұзақ жыл «Райым» колхозының төрағасы болған Берекет Омаровты Қаратереңге келгенде көрдім. Ол сол түні таң атқанша жырлады. Дауысы ғаламат! Қызыл шырайлы, көзі оттай жанып тұрған кісі екен. Бір толастаған сәтте қолына домбыра ұстап отырған мені байқап қап, «Тартасың ба?», – деп сұрады. Мен қапелімде не айтарымды білмей, «Иә, шертемін», – дегенмін. Берекет аға қатуланып: «Шертпе домбыраны, бетін сындырасың», – деді. Содан жым болдым. Кейін физика пәнінен сабақ беретін Несібелі апайымыз атымды шатастырып, «Берекет, тақтаға шық!», – десе, мәз болатынмын. Мектеп бітіріп, көрші «Райым» колхозында жұмыс істеп жүргенімде Берекет ағаның үйінде бір-екі рет болдым. Біз осындай астары терең, қатпары қалың әңгімелерге құлақ құрышын қандырып өстік. Білім алатын интернетіміз де, мәлімет іздейтін «гугліміз» де солар болды. Менің алғашқы шығармашылық мектебім осындай еді. Біздің Қаратереңде Қайыпназар Байбосынов, Шарапат Орынбаев, Өмірзақ Тілеулесов, Жұмахмет Серімбетов, Кәрім Сермаханов сынды сөз білетін ақсақалдар көп-ті. Солардың қатарына көкірек қазынасы мол өз әкем Жұмахан Омаровты да қосар едім.
– Облыстарда өлкетану саласында күрмеуі қиын, шешімін таппай тұрған мәселе көп. Солардың бірі – мамандардың аздығы. Тіпті, өлкетанушысы жоқ аудандар да бар. Бұл олқылықтың орнын қалай толтыруға болады? Арал-Қазалының тарихы мен мәдениетіне қатысты тыңғылықты зерттелген ғылыми жұмыстарды да кездестіре бермейміз. Сыр өңірінде өлкетану бойынша зерттелмеген өзекті қандай тақырыптар бар?
– Руханиятқа қатысты қай сала да терең зерттелді деп айта алмаймын. Біздің қазақ өлкетануға соншалықты қызықпайды-ау деймін. Ілгеріде Арал қаласында Людмила Сапожникова деген білімді өлкетанушы болды. Ол бүкіл елге кең танылды. Ақыры сыртқа көшіп кетті. Одан соң Тәңірберген Мәмиев ағамыз Арал-Қазалының тарихына терең бойлады. Ол кісі Астанаға қызметке ауысып, сол жақта өмірден озды.
Жалпы, зерттеймін деген адамға екі ауданда да тақырып молынан жетеді. Бірақ оның бәрін ұлт тарихымен байланыстыра қарастыру керек. Белгілі жазушы Шәрбану Бейсенова апайымыз Қазалыға арнайы келіп, Бегім ананың басына барып, көлемді дүние жазып шықты. Бұл – қандай құрметке де лайық іс. Бірақ осы Бегім ана әрбір қазалылықтың созса қолы жететін тарихи ескерткіші емес пе? Іргемізде тұрған тамаша жәдігерлікке неге қызықпаймыз? Күре жолдың бойында, Ақиректің маңында Арыстанбаб кесенесі деген елеусіздеу ғана ескерткіш бар. Арыстанбаб кесенесі делінетін ескерткіштердің көбірек болуы да заңды нәрсе. Тарихта мұндай мысалдар баршылық. Ал енді көне жәдігерліктерде «Ақиректе – Арыстанбаб» деген сөз бар екенін білікті ғалымдардың өзі айтып жүр. Біз болсақ, оның жанынан жайбарақат өте шығамыз.
Көп түрен түсе қоймаған шаруаның бірі – Арал мен Қазалының жыр айту дәстүрі. Бұл мәселе жалпы Сыр өңірінің жыршылық дәстүрін зерттеп, ғылыми еңбек қорғаған фольклоршы ғалым, талантты жыршы Берік Жүсіповтің еңбектерінде кеңінен қамтылды. Бірақ жалғыз Берік қайсысына жетеді? Сол Берік сияқты білікті мамандардан кеңес ала отырып, Арал-Қазалының көмейден жырлау дәстүрін әрі қарай қаузай беруге болмайма?!
Аралдағы Әбілхан Маханов пен Берекет Омаровтың, Қазалыдағы Ақанжан Келімбетов пен Өмірзақ Ахметовтың шығармашылық өмірбаяны туралы да зерттеу жүргізсе несі бар?!
– Бауыржан аға, «Әдебиет – ардың ісі». Кез келген классикалық шығарманы оқысақ, адамның әлсіз тұстарын көрсете отырып, мінез мәселесін керемет бейнелеп шығады. Бізде қазір «қазақы мінез» дейтін ірілік тіпті азайып барады. Осыған ең бірінші араша түсетін әдебиет болуы керек емес пе? Айтыңызшы, бізде классикаға татитын тақырып көп болғанымен, классикалық шығарма неге жоқ? Ақын-жазушылар көзге көрініп тұрған рухани кеселдерді дөп басып жаза алып жүр ме?
– Бір кезде әдебиет шынында да ардың ісі болатын. Аса талантты адамдар ғана қолына қалам ұстайтын. Әдебиетте ұят дейтін ұлы ұғым бар еді. Ешкім киелі өнерді шаң баттасқан лас аяғымен былғамайтын. Сондықтан жазушылар санаулы болды. Олардың өзі қаншама қаламгердің батасын алып барып танылатын. Қысқасы, жас талант әдебиет ауылының табалдырығынан имене аттайтын. Бұл жолда белгілі бір қалыптасқан қағидалар бар еді. Мысалы, жазуға құштар жас өрен мектептің және ауылдың кітапханасын түгел қопарып шығатын. Әрбір жазушының шығармасы жөнінде мәлімет алатын. Әлгі қаламгерді кездестіре қалса, онымен еркін сөйлесе алатындай шамасы болатын. Ол сөйтіп, қазақ әдебиетіндегі ұлы дәстүрдің жол-жоралғысымен жүретін. Оның шығармаларын мектептің, ауылдың, университеттің әдебиет үйірмелерінің мүшелері әбден талқылап, лайықты бағасын беретін. Сосын ол үлкен әдеби ортаға кететін. Одан соң Алатаудың баурайында, Алматының алақанында тәрбиеленетін. Бұдан кейін алыс-жақын елдердегі алымды да шалымды әріптестерімен араласады. Сөйтіп, тегеуріні күшейіп, бұғанасы қатайып, қарымды қаламгерге айналады. Міне, әлеуеті мол осы буын классикалық шығармаларды туғызды. Ол кезде кітабың жарыққа шығуы үшін жүз сүзгіден өтетін.
Ал қазір ше? Жазушы болғың келе ме, бола саласың. Өзіңді қаламгер деп таныстырғың келе ме, жаза саласың. Басқалар сені мойындай ма, жоқ па, онда шаруаң шамалы. Сөйлем құрай алмайтын жастар көлемді көркем шығарма жазады. Ет қызуымен роман жазып тастағандары да бар. Өмірі қолына қалам ұстап көрмеген зейнеткер үш-төрт ай күшеніп, кітап жазып шығады. Қиқы-жиқы қолжазбасын сөйлемінің жібі түзу бір пақырға жөндетеді. Оны алтынмен аптап, күміспен күптеп тұрып бастырады. О тоба, содан соң ойдан-қырдан туған-туысқандарын шақырып, әлгі шалажансар дүниесінің тұсаукесер рәсімін өткізеді. Осының бәрі – әлгі бәріміз айта беретін ұяттың туы әлдеқашан жығылғанының белгісі. Бұл туралы айтылып та, жазылып та жүр. Бірақ нәтиже шамалы. Біраз уақытқа дейін осылай кетеді енді...
– Қоғамның зиялысы деп ақын-жазушыларға қарайлаймыз. Бірақ қазіргі кезде мүйізі қарағайдай жазушы ағаларымыздың ел алдында дауласып, бір-бірімен қырқысып жатқанын көріп, жігеріміз құм болады. Бұл жазушылардың да торыққанын көрсетпей ме? Рухани жаңғыру ең алдымен соларға керек шығар?
– Бұл бұрында болған. Тіпті, басқа елдердің әдебиетінде де ептеп көрініс берген. Мықтылардың бірін-бірі мойындамауы – қалыпты құбылыс. Бірақ кейде мықты еместер де бірін-бірі алқымнан алып жатады. Себептері жеткілікті. Қоғамға деген өкпесін қарсыласына айтады. Парасаттылықтарын пенделіктері жеңіп кетеді. Жалпы, адам үлкейген сайын кінәмшіл болады. Әдемі қартая білу де өнер. Әрине, олардың бізге дауласпағаны жақсы. Қай-қайсысын да жақсы сыйлаймыз. Ашық айтамын деп, ішіндегі барын ақтарып салады. Адам көп сөйлеген сайын сырын ашады ғой. Сыры ашылған сайын қадірі кете береді. Сондықтан кейде үнсіз қалу мәдениетін меңгерген де дұрыс. Бәрібір, олар сол кемшіліктеріне қарамастан бәріміз үшін қадірлі. Қарағайға қарсы біткен бұтақ секілді айбарлы ағаларымыз енді өзгере қоймайды. Рухани жаңғырудың олардың шығармашылығына әсері болуы мүмкін. Ал мінез-құлықтарына ықпал етеді деп айта алмаймын. Әркім өз мінезімен қалғаны абзал.
– Лев Толстой «Бәрі Ресейді құтқарғысы келеді, ал ешкім өз жанын құтқарғысы келмейді» деген екен. Ішкі дүниеңізді жадыратар, қамыққаныңызда демеу болатын өмірлік ұстыныңызды айтып бере аласыз ба? Сол өмірлік тәжірибеден шыққан рухани қуатты жастар да пайдалана жүрсе деп сұрап отырмыз.
– Қарапайымдылық пен салқынқандылықты қадірлеймін. Бұл екі қасиет те бойымызда бірден қалыптаса қойған жоқ. Жас кезімізде тіктеу әрі қызуқандылау сияқты едік. Кейін мұндай мінездің түкке қажеті жоқ екенін түсіндік. Жалпы, қарапайым болған өте жақсы. Зеңгір көкте емес, жұмыр жерде жүресің. Жұртпен көбірек араласасың. Қарапайым болсаң, сені онша ұнатпайтындардың саны анағұрлым аздау болады. «Ұнатпаса қойсын, жұртта не шаруам бар?», – деп танауды көкке тіреп, желдей есіп жүре беруге болады. Бірақ бұл аса дұрыс емес. Кез келген нәрсені қолдан күрделендіруге ұмтылмаған жөн. Ақырын күтіп, сабыр сақтасаң, көп мәселе өзінен-өзі-ақ реттеледі. Әйтпесе, сен күні бұрын аттандап, барынша байбалам салып жатқанда бүкіл шаруа бүлініп кетуі мүмкін.
Қолымнан келгенше, біреуге жақсылық жасау­ға талпынам, жасай алмасам, соған ептеп қина­лам. Жақсылық жасай алсам, қуанам. Сосын оны ұзамай ұмытып кетуге тырысам.
– Сіз еліміздің ақпарат, мұрағат және тіл салаларын басқардыңыз. Осыған орай тағы бір сауалым бар... Қазіргі балалар Осман империясының негізін қалаған Ертұғрылға еліктеп жүр. Халық бұрын кәрістің керемет тарихи сериалдарын тамашалап, балалар «Мен Жұмоңмын, мынау Дон И» деп, кейіпкерлердің болмысын бойларына сіңірген еді. Шетелден келген өнімдер біздің ұландардың үлгі тұтатын қаһармандарына айналуда. Осындай шынайы, моральдық бейнесі жоғары кейіпкерлер мен сүбелі тақырыптарға жетелейтін жолымыз әлі ұзақ па?
– Оларды ығыстыру үшін өзіміздің лайықты өнімдеріміз болуы шарт. Талғамға сай дүние жасай алмай жүргеніміз рас. Бізде осындай белгілі бір салаға бейімделген мамандар жоқ. Бір адам барлық шаруамен айналысады. Ал шетелдерде балаларға арналған дүниелер әзірлейтін саланың индустриялық негізі мықтап қаланған. Олар өнімнің саясатын да, мазмұнын да, көркемдігін де, өзге жұртқа әсер ету мәселесін де қатар ойлайды. Мысалы, мультфильмнің өзін біздің балаларды еліктіретіндей етіп, солардың танымына ыңғайлап түсіруі мүмкін. Мұндай тәсілдерді біз де қолдануымыз керек. Балаларға арналған фильмдердің маманы қазақ фольклорының тұнық бұлағынан қанып ішкен ұлтжанды адам болғаны абзал. Сонда ол өзегінде ұлт мүддесі көрініп тұрған толыққанды дүние түсіре алады. Бірақ бұдан ұлт жайын қозғаған нәрсенің бәрі шедевр болып шығады деген ұғым тумауға тиіс. Қиыннан қиыстыра білетін шеберлік керек. Сол салада тұрақты жұмыс жүргізу қажет. Өкінішке қарай, олай болмай тұр.
– Мәселен, қайбір жылдары Англияның Поттеріне, Ресейдің Марусясына қызыға да, қызғана да қараған едік. Ал өзіміздің Қобы­ландымыз бен Алпамысымыздың «ахуалы» онша емес. Өйткені, қазақ балаларының санасын қорқынышты, үрейлі «балалар әдебиеті» жаулап алғандай. Олар Гарри Поттер сынды кейіпкері бар фантастикалық әдебиетке қызығатынын байқадық. Ал, қазақ жазушыларының туындыларын, қазақ фантастикасының бастауы – ертегілер мен батырлар жырының бетін ашатындар кемде-кем. Неге? Бұдан әрі қарай не істеуіміз керек?
– Қазір де Гарри Поттер секілді елді еліктірген өз кейіпкеріміз болса, кәнекей? Бір кезде біздің әдебиеттегі Бердібек Соқпақбаевтың Қожасы бүкіл қоғамды әлдилеген жоқ па? Қаншама тілге аударылды. Сол шығарма қып-қызыл цензураның кезінде жазылды. Қазір не кедергі?! Біздің бүгінгі оқырманымыз ала-құла. Оның ішінде тек ұлттық әдебиетті рухани азығы санайтындар да, орыс әдебиетінен тәлім алатындар да, шетел әдебиетіне жүгінетіндер де баршылық. Ал мүлде оқырман еместер де жетіп артылады. Олар жалпы оқырманның санын он орайды. Халқымыз санының көп еместігін ескерсек, жағдайды бағамдай беруге болады. Сонда ертегілер мен батырлар жыры кімге керек деп ойлайсың кейде. Әкесі баласына: «Осы сендер Бекежанды білесіңдер ме?!», – деп кейіп жатыр дейді. Сонда ұлы: «Неге білмейміз Джеки Чанды? Әрине, білеміз!», – деп өршеленетін көрінеді. Сол айтқандай, осындай өрескел үйлесімсіздік қазақ оқырманының арасынан орын алғалы біраз болды.
Ұлтқа қажет дүние туғызу үшін алдымен әр қазақтың бойында ұлттық иммунитет қалыптастыру керек шығар. Ұлттық иммунитеті бар адам өзгенің таңсығы мен қаңсығына пысқырып та қарамайды. Ал жаһандану ахуалында және әр түрлі мәдениеттерді қазанында қайнатып отырған біздің жағдайымызда оны қалыптастыру оңай шаруа емес.
– Зиялы қауым «сананы тұрмыс билеп, халық рухани азықтан гөрі, материалдық игілікке көбірек көңіл бөлетін болды» деп елге өкпе артса, халық баспасөзге бес өлеңі жарияланса болды, өзін «ақынмын» деп таныстыратындардан мезі болған. Оқырман кейде мұндай «ақындардың» қандай кітабы, шығармасы бар екенін де білмей жатады. Қазақтың ақиық ақыны Мұқағалидың өзі: «Ақынмын деп қалайша айта аламын, Хал­қымның өз айтқанын қайталадым», – деп жырлаған еді. Жалпы, соңғы кездері қоғамда жиі кездесетін құбылыс – өзін-өзі «ақынмын, жазушымын» деп таныстыру қайдан шықты? Жалпы, сіз өзіңізді кім деп таныстырасыз?
– Оның қайдан шыққанын солай деп жүргендерден сұрау керек. Өз басым журналист­пін дегеннен әрі асып көрген жоқпын. Себебі, Ғабит Мүсірепов, Бауыржан Момышұлы, Шыңғыс Айтматов, Әзілхан Нұршайықов, Әбу Сәрсен­баев, Әбділдә Тәжібаев, Тахауи Ақтанов, Хамит Ерғалиев, Қуандық Шаңғытбаев, Зейнолла Қабдолов, Сейдахмет Бердіқұлов сияқты әйгілі қаламгерлерді көзбен көріп, біразының лебізін тыңдадық, кейбірімен дастархандас болдық. Бірқатарының батасын алдық. Сондықтан, бұл сөздің киесінен қорқамыз. Жалпы, ешкім өзін таныстырып әуре болмауы керек. Жұрт өзі ақ-қарасын ажыратып алады. Сен жазушысың ба, басқасың ба, анық-қанығын солар айтады. Қайтесің өзіңді-өзің жарнамалап? Маған журналистігім мен әдебиеттанушылығым жетіп жатыр. Мен көркем шығарма жазбаймын. Ал публицистік дүниелерді көркем тілмен жазатын журналист болуым мүмкін.
– «Қазалы» газетіне байланысты естелік­теріңізді айта отырсаңыз...
– «Қазалы» газеті қай кезде де беделді басылым болды. Мен бұл газетті Әлмәмбет Әлішев аға басқарып тұрған кезден жақсы білем. Ол кісіні студент кезімде арнайы іздеп бардым. Себебі, оны мектепте жүргенімде сырттай танитынмын. Сол тұста бәріміз бір әрпіне дейін қалдырмай оқыған «Батыр болып тумайды» деген кітаптың авторы еді ол. Кітап Кеңес Одағының батыры Үрмәш Түктібаев туралы еді. Мен онымен атақты Үрмәш батыр, оның ағасы Қалман туралы кеңінен отырып сөйлескім келетін. Осындай кітап жазған адамның мына тұрған Қазалыны мекендеуі, оның кейіпкерінің көрші ауылдан болуы маған қатты әсер етті. Оның үстіне аудандық газеттің бәрін бірдей КСРО Жазушылар одағының мүшелері басқара бермейтін. Мен бұған да қайран қалатынмын. Тағы бір таң қалатыным – осы Қазалыда республикалық газет-журналдарға өлең-жырлары үзбей жарияланып жататын Әнес Нарымбетов деген ақын тұратын. Ол да КСРО Жазушылар одағының мүшесі. Өзі – қарапайым шофер. Кейін осылардың қатарына Балтабай Тәжімбетов деген тағы бір беделді ақын қосылды. Ол Қаратерең орта мектебінде маған тіл мен әдебиет пәнінен сабақ берген апайым Ақжарқын Тәжімбетованың туған інісі еді. Бала кезімізде өлеңдерін бәріміз жаттаған Балтекеңнің «Ұясында кәрі үйрек, Ауырып қалды зар илеп. Он балапан жиналып, Асырай алмай қиналып, Ұшып кетті әр көлге, Сылтау тауып, ила ғып», – деген өте әсерлі әрі тағылымды мысал өлеңі бар. Мұны айтып отырғаным, осы ардақты ағалардың шығармашылығына алғаш жол ашқан «Қазалы» газеті деп ойлаймын. Сондай-ақ, «Қазалы» газеті кейін кәсіби әдебиетке қадам басқан басқа да қазалылық қаламгерлердің тұсауын кескеніне еш күмәнім жоқ.
Алматыдан әр келген сайын Әлмәмбет аға­ма арнайы соғатынмын. Ол кісі мені баласынбай, бар шаруасын жинап қойып, асықпай әңгімелесетін. Көп жайға қанықтыратын. Қанша­ма мәлімет беретін. Қазалының тарихына, Ғани Мұратбаевтың өміріне байланысты деректерді бірге отырып, талдайтынбыз. Әр келген сайын редакцияны, баспахананы аралатып көрсететін. «Қазалы» газетінің журналистері Рау­шанбек Сейтенов, Қасқырбек Мәмбетжан, Жүргенбай Өмірбаев, Сахи Қапар КазГУ-дің журналистика факультетінде оқыған тұста мен университетте болашақ ақпарат мамандарына дәріс бере бастаған едім. Бұл ағаларыма да барынша тілеулес болдым.
– Аға, сіз сегіз қырлы бір сырлы азаматсыз. Публицистика, журналистика, әдебиет, мәдениетте өз орныңыз бар. Осындай әлеует, күш-қайратты қайдан алдыңыз?
– Жас кезімізде сегіз қырлы бір сырлы болуға ұмтылатынбыз. Заманның талабы да солай сияқты еді. Кейін мұндай әмбебаптықтың көп пайда бермейтініне көзіміз жетті. Сондықтан мен журналистика мен әдебиеттану ғылымы саласында ғана жұмыс істеуді қаладым. Оған алапат әлеует пен керемет күш-қайраттың керегі де жоқ. Тек ерінбей еңбектеніп, жазу өнерімен жүйелі түрде айналыссаң болды. Салалық журналистикаға бейімделіп, өз соқпағыңды тауып алған жөн. Ал әдебиеттану ғылымында бұрын көп зерттеле қойған тың тақырыпты қозғасаң, оны жеріне жеткізе жазсаң, ұзамай жемісін көресің. Журналис­тика менің талабымды ұштап, Жұмекең ақынша айтқанда, «қаламымның мұрнын сүртіп» берді. Мен сол бабы келіскен қаламды қолға алып, ғылымға келдім. Бар болғаны осы...
– Сұхбаттасқаныңызға рахмет!
Әңгімелескен,
Дәурен СЕЙТЖАНҰЛЫ.
19 тамыз 2018 ж. 2 595 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 75

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930