Әмбебап бөлім, әркелкі тірлік
Жұрт жиі айтатын «ЖКХ-ға» жүктелген міндет бір атанға жүк. Неге десеңіз, сіз бен біз көп жүретін көшелердің сәнінен бастап, алып көпірлердің құрылысына дейін үйлестіреді. Мемлекеттік бөлімдерге бағыттап «әмбебап» сөзін қолданар болсақ, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне таңдау түсері анық. Іскер мамандарының арқасында абыройдан кенде емес. Дегенмен бөлім қолға алған жобалар жайында сын пікір де кездеседі. Көпшіліктің көкейінде жүрген өзекті сұрақтар арқалап, бірер күн бұрын бөлім басшысы Мұрат Әбсұлтановқа жолыққан едік.
– Мұрат Байғабылұлы, қазалылықтардың қитығына тиетін қоғамдық көліктің жұмысы жыр болғанына бірнеше жыл өтті. Мәселе реттеледі ме десек, маршруттардың интервалы алшақтап, жұмыс ұзақтығы қысқарып барады. Мұны қалай түсіндіресіз?
– Бұған дейін де айтып жүрмін, ішкі жолаушылар тасымалымен С.Айтжанов пен «Қазалы Такси» серіктестігі айналысады. Бұл бағытта күрмеуі шиленіскен жайттар аз емес. Әсіресе, жаһандық пандемия кезінде тасымалдаушылардың табысы азайды. Сақтық шараларына байланысты жұрт үйлерінде отыруға мәжбүр болды. Сәйкесінше, ара қашықтық сақтауды міндеттеу қоғамдық көлік қатынасымен айналысып отырғандардың шығынын өтемеді. Содан кейін жетпістен аса көлігі бар «Қазалы Такси» серіктестігінің қызметкерлері газельдерін сатып, басқа кәсіпке көшіп кеткен. Бүгінгі күні маршруттың жартысы жұмысын тоқтатқанын біліп отырмыз.
«Енді мұны қалай шешеміз» деген сұраққа жауап іздеп отырмыз. Бірінші амал, пилоттық жоба ретінде №5 және №6 маршруттардың бағытын біріктіріп көреміз. Бұлда қордаланған қиындықты жеңілдете алмаса, маршруттарды субсидиялау жағын қарастырамыз. Ол кезде тасымалдаушы шығынының жартысын аудандық бюджет арқылы төлеп беруге мүмкіндік туады да, тұрғындар қоғамдық көлікті көп күтпейтін күнге оралады. Жыл аяғына дейін мәселе біржақты болуы тиіс.
– Былтыр ауылдағы ағайынның аудан орталығына сапарлауы да дау тудырған. Тұрғындар таксиді пайдаланатыны, соның кесірінен автобус жүргізушісі шығынға бататыны айтылды. Такси қызметімен айналысатындар салық басқармасына тіркелмеген деген дерек бар. Мәселе шешілді ме?
– Ауыл тұрғындарын тасымалдау қызметінде сіз айтып отырған бәсекелестік бар. Бірақ диспечерлік қызмет, «Indriver» арқылы ақша тауып жүргендер салық органдарына тіркелмегенін жиі анықтаймыз. Мұны жиі рейдке шығу барысында аңғарып жүрміз. Ауыларалық жол айнадай болғасын ауылдықтар жеңіл көлік сатып алып, аудан орталығына оңай қатынайды. Жолай ауылдастарын да мінгестіре кетеді. Соны ескеріп, бес ауылды тасымалдап отырған кәсіпкерлерге субсидия беру ісін шештік. Алдымен Шәкен-Шилі-Әйтеке би, Ажар мен Кәукейдің арасындағы көліктің қаржысын қарап бердік. Бұдан бөлек Басықара сияқты жақын ауылдардың тұрғындарын таситын автобустардың шығынының бір бөлігін өтеп беруді ойлап отырмыз.
– Өзіңіз айтып кеткен алыс ауылдарға қатынайтын «айнадай» жолдар жайына тоқталып өтсек...
– Шыны керек, ауылдағы ағайындарға апарар жолдың жай-күйіне 2018 жылдан бастап көбірек көңіл бөліне бастады. Әсіресе, алыс саналатын Қазалы қаласы мен Кәукей арасындағы кеңістікті реттеу керек болды. Бұл 76 шақырымды құрайды. Соңғы нүктеден Бозкөлге дейінгі 26 шақырымның 90 проценті аяқталды. Ендігі шаруа Қожабақы мен Бозкөл қатынасын жеңілдету. Керек қаржының бөлінгенін ғана күтіп отырмыз. Ал Қожабақы мен Қазалы қаласы арасындағы қиындық түпкілікті шешілді.
Былтыр Әлсейітке апарар жол жөнге келтірілгенін білесіз. Биыл Қожабақы-Жаңақұрылыс арасында ат тұяғын тоздыратын ағайынның сұрауын берсек деп отырмыз. 13 шақырымды биыл асфалттап бітіреміз. Ал Бекарыстан би мен Майдакөл жолын сұрасаңыз, қаржысы шешілген, мердігер сәуірдің онынан бастап құрылысқа кіріседі.
– Сұхбатты тұрғын үй кезегіне қарай бұрсақ. Соңғы жылдары әкімдік үй тұрғызуға көбірек көңіл бөліп келеді. Баспана кілті бірінші кезекте кімге табысталады? Биыл қанша отбасы қоныстой жасайды?
– Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы, 5 санат бойынша 1800-ге жуық тұрғын кезекте тұр. Басым бөлігі әлеуметтік осал топ өкілдері мен екі жүзге жуығы ата-ананың қамқорлығынсыз қалған азаматтар екенін нақты айтуға болады. Бірақ үй бергенде, алдымен өтініш берушінің көпбалалы болуына басымдылық берілген. Былтыр соның арқасында 36 отбасыға «Аймақаш» мөлтек ауданынан баспана бұйырды. Ауданда мұндай критерийге сай келетін 438 шаңырақ бар.
Биыл да аудандық құрылыс бөлімімен бірлесіп екі жүзден астам пәтердің іргетасын қаласақ деп отырмыз. Бюджеттік өтінімін де тапсырып қойдық. Мұнда да алдымен көпбалалыларға, артылғанын әлеуметтік осал топ өкілдеріне үлестіруге асық боламыз.
– Соңғы кездері ауданда орталықтандырылған кәріз жүйесі жасақталатыны туралы сыбыс жиі естіледі. Бұл қуанышты хабар қаншалықты шындыққа жанасады?
– Орталық кәріз жүйесінің жоқтығы қиындықты еселеп отырғаны рас. Қазір кез келген үйде «септик» бар. Оны тазалайтын жеке көліктер қалдықты кент айналасына төгіп отырғаны да шындық. Содан кейін ауа ластанып, қоқысқа айналған аумақ кеңейді. Ал тұрғындар ауласындағы қолаңса иіспен демалуға мәжбүр. Қордаланған осындай келеңсіздікті кәріз жүйесін орталықтандыру арқылы шешуді ойлап отырғанымыз жалған емес.
Бүгінде В.Счастнов көшесі арқылы 5 КНС бес қабатты үйлердің қажеттілігін өтеп тұр. Дегенмен құбырдың тозығы жеткен. Кент көлемінің ұлғаюына, цивилизацияға бет бұрған аудан ретінде «генпланға» енгізіп, 33 миллион теңгеге жобаның есептемесі жасалды. Жақын арада мердігер анықталса, «Жанқожа батыр» кесенесі маңында тұрғын үй салу үшін белгіленген жерден бастап, кент пен қала ортасындағы мекемелер, әрі қарай екі этажды мөлтекаудан мен жеке тұрғынжайлар жобаға кіріктірілуі тиіс. «Жаңа аймақ» деген жобаның желеуімен кенттің 50-60 процентін бірден орталықтандырылған жүйеге қосып кетсек деген ойымызды іркіп қалмайық.
– Аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың бөлім басшыларына: «Өткен жылы атқарған жұмыстарыңыз үшін рақмет айтамыз! Биылдан не күтеміз?» деген сауалын сізге де қойсақ?
– Келген қонақта Қазалы туралы жағымды пікір кент келбетіне байланысты екені айтылып жүр. Толық келісуге болады. Сол себепті былтыр Әйтеке би кентіне кіре берістегі көпқабатты 6 үйдің ауласын абаттандыруға құжат тапсырдық. Жобада субұрқақ, демалас алаңы, бақ, ескерткіштер салу қамтылған. Сөйткен сұранысымызға сай 52 миллион теңге қаржы қаралды. Жеңімпаз атанған компания жұмысын бастап кетті. Биыл ойға алған істің тым болмағанда жартысын аяқтаймыз.
Мұнымен қоса басқа аудандарда жоқ Автодрон салып жатырмыз. Құрылысы аяқталғаннан кейін кез келген азамат автокөлік жүргізу куәлігін еш қиындықсыз, қала аралап кетпей-ақ, осы жерден ала алатын болады. Тұрғындарда «қашаннан бастап?» деген сауал тууы заңды. Бірден жауап бере кетсек, қыркүйек айында нысан пайдалануға беріледі.
Электр желілері жайынан да ақжолтай жаңалық болсын, биыл Ү.Түктібаев ауылының желілері жаңартылады. Сонымен бірге Әйтеке би кентінде де электрге байланысты қиындық баршылық. Бұған себеп – тұрғындар өз еркімен бағаналар қойып, желіні ретсіз орнатып алуы. Осыдан кейін соңғы қатардағы үйлердің электр қуаты төмендеп, техникаларға зақым келтіріп жүр. Аудан орталығында мұндай жағдайда тұрған 33 көше бар. Бұл бағыттағы шаруаларға жұмыстар жасалынуда.
Жолдарға байланысты да жаңалық жоқ емес. Тасарық бағытындағы өткен жылдан қалған аумақты асфальттау үшін қаржы сұратып қойдық. Ғ.Мұратбаев ауылының кіре берісі де жөндеу көреді.
– «Қарлаң» көпірінің рақатын халық қашан көреді? Төрт жолақты жолды тым көп күтіп қалған жоқпыз ба?
– Өткенде «Қарлаң» көпірінің құрылысы тарихи сәтке балағандарды көрдіңіз. Ірі әрі сауабы мол жобаның салынуы да үш жылды қамтиды деп көрсетілген. Демек, 2024 жылы ел игілігін көре бастайды. Сәйкесінше, мердігерлер биыл көпір жұмысының жартысына жуығын тәмамдауға мүмкіндік бар екенін айтқан. Алайда аудан басшысы алдымен сапаға мән берілу керек екенін ескертті.
Сол сияқты Басықарадағы көпірдің де бейнеті мен көлемі аз емес. Ұзындығы 33 метрді құрайды. Жаз ортасында үстімен көлік жүре бастайды.
Қала мен кент арасындағы төртжолақты жолға ортадағы бірнеше көпір қолбайлау болды. Бұдан кейін 2021 жылы құрылыс материалының қымбаттауы жобаны уақытша тоқтатып қойды. Есесіне биыл 700 миллионнан астам қаржы қаралып, аяқсыз іс қолға алынды десек жарасады. Жыл соңына дейін бұл жолмен де көліктер жүйіткитін болады.
– Ашық әрі еркін сұқбат үшін алғыс білдіреміз.
Әңгімелескен
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ