“Керуен” неге көшті?
Осыдан екі ай бұрын Әйтеке би кенті мен Қызылорда қаласы бағытындағы автобустар аялдайтын «Қазалы Керуен» автобекеті жабылып, қоғамдық көлік вокзал аумағына, яғни аудандық оқушылар үйі алдына қоныс аударды. Енді таксилер онсыз да пойыз көп келетін жерге ауысқан автобустар үлкен кептеліс тудырып тұрғанын айтып налиды. Шынында тұрақтың мұнда ауысуына не себеп? Арнайы салынған «Қазалы Керуен» жолаушылар тұрағы жарамсыз күйде қалды ма?
Осы мәселеге қатысты аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен сұрастырдық.
– Бұлай болуын жергілікті жұртшылық өтінді. Негізгі тұрағы «Қазалы Керуен» болғанымен, олар уақытша вокзал аумағында болады. Билет кассасыда сол маңайда орналасқан. Әуелде көліктер Жалаңтөс Баһадүр саябағының алдына аялдауы қажет еді. Дегенмен билет сататын орын сол маңайдан табылуына байланысты орын ауыстырмады.
Автобустар «Қазалы Керуен» автобекетінде тұруы қажет. Кент ішіне тек жолаушыларды алып кетуге кіреді. Яғни сол уақытта халық жиналып, автобусты күтуі керек, – дейді бөлім қызметкері Нұрман Ердалиев.
Екінші мәселе – автобустар вокзал аумағына жету үшін 5-ші кварталмен екі араны жалғап тұрған өткел жайы. Кептелістің «көкесі» сол уақытта орын алады. Ұзын-сонар кезекті күттіріп, шаруасына асыққан ағайынның алдына шығып, жол бермеуі де жағдайды одан әрі ушықтыруда. Жауапты аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мамандарының айтуынша, жолаушылар көлігі кент орталығындағы Роза Бағланова көшесінің бойымен келіп, қайта сол жолмен кетуі тиіс. Алайда мұны қаперден шығарған олар, бекітіп берген шешімді шет қалдыруда. Не болмаса, жауапты мекеме қажетті шараны қолға алмай отыр. 60-қа жуық адамды тасымалдайтын көлік қай күні өткел бойында тұрып қалары белгісіз. Оған осыдан бірнеше жыл бұрын Алматы қаласында орын алған өткел бойындағы қорқынышты оқиға дәлел. Осындай да «Сақтансаң – сақтайды» деген тәмсілді естен шығармау қажет екені еске түседі.
– Қызылорда қаласына жолға шығатын тұрғын автобекет қайда орналасса да, баратыны сөзсіз. Мейлі ол жақын, не алыс болсын. «Қазалы Керуен» жолаушылар тұрағы ауылдан тыс жерге салынды дегенде қуанып едік. Бір жағынан, арнайы бекітілген орын бар, екіншіден, кент ішіндегі көліктер үшін қауіпсіз болады. Автобустарды бұрынғы орнына жіберу қажет. Билет кассасы да сол жаққа орналасқаны дұрыс. Вокзал маңында көлік қоятын орын жоқ. Ол аз десеңіз, автобус кесірінен кент ішінде жол-көлік оқиғасы болуы мүмкін, – деді такси жүргізушісі Арман Әлімбай.
Рас, автобекет алыста орналасқан деуге келмейді. Жағдай ушықпай тұрып, барлығын қайта қалпына келтірмеу кейіннен бармақ тістетпесе игі.
А.БАҚЫТҰЛЫ