Тазалық таразысы
Табиғатты қорғау мәдениеті қоғамның саналы дамуының көрсеткіші екені белгілі. Қоршаған ортаға жанашырлық танытып, тұратын өңірдің тазалығына үлес қосу – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Осы мақсатта аудан тұрғындары өткен сенбіде ұйымдастырылған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсенді қатысып, бірлескен еңбектің үлгісін көрсетті.Ауқымды акция аясында тұрғындар қоршаған ортаның тазалығын жақсартуға өз үлестерін қосып, көшелерді, жаяу жүргіншілер жолдарын, үйлер маңын және қоғамдық орындарды қоқыстан тазартты.
Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов салаға жауапты орынбасарымен бірге атқарылған жұмыстарды аралап қарап шықты. Ол қоқыс қалдықтарын дер кезінде шығару, санитарлық тазалықты жүйелі жүргізу, сондай-ақ көше бойындағы қураған шөптер мен жиналған жапырақтарды белгіленген орындарға жеткізу бойынша нақты тапсырмалар берді. Әкім тұрғындардың белсенділігін ерекше атап өтіп, ортақ іске жауапкершілікпен қарағаны үшін ризашылығын білдірді.
Сенбілікке аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш пен депутаттар да белсенді қатысып, кенттің сырт аумағындағы «Қазақ қорымы» аймағында арнайы техниканың көмегімен ауқымды тазалық жұмыстарын жүргізді.
Сенбілік нәтижесінде 6 тоннадан астам қоқыс арнайы техниканың көмегімен белгіленген орындарға шығарылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған мұндай шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізіліп, аудан аумағын абаттандыру жұмыстары жалғаса бермек.
Айта кетейік, сенбілік тек Әйтеке би кентінде ғана емес, ауданның барлық ауылдық округтерінде де ұйымдастырылып, кең көлемде жалғасын тапты. Бұл өз кезегінде экологиялық мәдениетті арттыруда маңызды қадам болды.
Бекзат АСАН














