Жайсыз жылылық: өзгеріс һәм өзектілік
Біріккен ұлттар ұйымының мемлекетаралық эксперттер тобыXXI ғасырда жер бетінің орташа температурасы 1°C-тан 5°C-қа көтерілетінін айтып, дабыл қағуда. Климат зерттеушілері XVIII ғасырдың екінші жартысынан бастап жердің орташа температурасы 1°C көтерілгенін және соңғы 50 жылдағы жылыну процесінің адамзаттың кесірінен орын алған залалдар жайлы тұжырымын жолдаған. Табиғи жүйелер, экономика, адамдардың өміріне де тікелей әсер ететін ең өзекті әрі күрделі ғаламдық проблемала – жаһандық жылыну деген не? Өзгерген қалып пен одан келетін қауіп қандай?Архейдегі ахуал
Дүниежүзілік мұхит деңгейінің өсуімен қатар жаһандық температураның артуы атмосфералық жауын-шашын мөлшерінің өзгерісіне ұшыратуда.
«Тарихқа бойласақ, жер бетіндегі ең алғашқы күн суыған кезең айқын әрі ұзақ суық климат қалыптасқан дәуір Архей мен Протерозой аралығындағы алғашқы мұздық кезең.
Жер шамамен 4.5 миллард жыл бұрын пайда болды десек, алғашқы жылыну салдарынан лавалар, жанартаулар, булы атмосфера орын алған.
Ең маңызды өзгерістер болған өте ұзақ геологиялық дәуірлерде атмосфера құрамында оттегі өте аз, негізінен метан, аммиак, көмірқышқыл газы болады. Тіршіліктің алғашқы формалары қалыптасып, атмосферадағы метан мен көмірқышқыл газдары климатқа әсер етті», – дейді тарихшы Гүлбағида Мейірханқызы.
Жер бетіндегі орташа температураның артуы – жаһандық жылынудың салдары туралы ғалымдар деректеріне қарасақ, соңғы жүз жылда температурасы шамамен 1 ºС-қа артқан. Эколог Нұрмұқан Есенов жылынуға алып келген жағдайлар туралы былай дейді.
«Жаһандық жылынулардың әсерлеріне климаттың өзгеруі, теңіз деңгейінің көтерілуі, жылу толқындарының жиі болуы, мұздықтардың еруі, құрғақшылықтар мен дақылдардың шықпай қалуы секілді табиғи зардаптар жатады. Ал ауаның ластануына көмір, мұнай, газды жағу, өнеркәсіп саласынаның кеңінен қанат жаюы кедергісін ықпал етуіде. Бұдан бөлек адам қолымен жасалатын ормандарды кесу, ауыл шаруашылық және мал шаруашылығының қалдықтары, көліктердің артуы сынды адамның әр түрлі әрекеттері жаһандық жылынудың басты себептеріне айналуда».
Әдетте мұздықтар мұзының қалыңдығы 1000 метрден жоғары, аумағы 51 800 шаршы шақырым. Оның еруі теңіз деңгейлерін арттырса, арктикалық теңіздердің мұздықтары да жаһандық жылынудың әсерінен төмен түсуде. БҰҰ сарапшылары таратқан деректерге жүгінсек, барлық құрлықтарда жылыну байқалады. Соңғы онжылдықтар ең жылы жылдар ретінде тіркелді. Ғалымдар төмен түсудің қазіргі деңгейі бүгінгі қарқынмен өзгеріссіз жылжитын болса, 2060 жылға қарай жер бетінде Арктикалық теңіздердің жойылатынына алаң білдіруде.
Табиғат жанашыры Аягөз Серімова жаһандық жылыну қатты апаттардың көбейуіне алып келетінін айтады.
«Жылу жанартаулар мен дауылдардың күшеюі, қуаңшылық, сел, су тасқыны, су тапшылығы, азық-түлік қауіпсіздігі, экожүйелердің бұзылуын тудырады. Қазіргі табиғат жанашырлары жан ұшырып, жолын іздеген көптеген аймақтарда жауын азайып, өзен-көлдер тартылуы алаңдарлық әрекет. Ол ауыл шаруашылығына әсер етеді. Биологиялық әртүрлілікті азаяды. Жылу аурулардың, бактериялардың таралуына жағдай жасайды. Экономикалық шығындарды да ұлғайтады», – дейді.
Ауған көш немесе климаттық босқындар?
Соңғы кезде әлемде мигранттардың жаңа түрі пайда болған. Олар – климаттық босқындар.
Экологиялық мигранттар немесе климаттық босқындар деп жергілікті ортада кенеттен немесе ұзақ мерзімді өзгерістерге байланысты өз туған өңірінен кетуге мәжбүр адамдарды атайды. Бұл олардың өмір сүруіне кепілдік беретін қаражатқа қауіп төндіретін құбылыс.
Жақында «Хабар24» арнасы таратқан мәлімет көші-қон жөніндегі халықаралық ұйым 2050 жылға қарай климаттық мигранттар саны 260 миллионнан асатынын жеткізген. Ауған көш немесе адамдардың жаппай қоныс аударуына табиғи апаттар негізгі себеп болған. Былтыр климаттық босқындар қатары 26 миллионнан асқан. Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның бас хатшысы Эми Поуп: «Біздің есебіміз бойынша, 2050 жылға қарай климаттық босқындар саны 260 миллион адамға анық жетеді. Бұл өте жоғары көрсеткіш. Бірақ бірлескен батыл шешімдер қабылдау арқылы климатқа байланысты көші-қон нөпірін 80 пайызға дейін азайтуға болады», – деген.
Бүгінде табиғи апат салдарынан зардап шегетін елдер қатарында Ауғанстан, Пәкістан мен Эфиопия бар.
Мақалада көрсетілген тағы бір дерек дүниежүзілік банктің болжамы. Алдағы 30 жылда Бангладеш аумағының 17 пайызы су астына кетіп, 20 миллион тұрғын баспанасынан айырылатынына ауаға көмірқышқыл газының шамадан тыс бөлінуі себеп.
Жылынуының Қазақстанға әсері
Бауыржан Әлімбеков территорияның көп бөлігі қуаң, су ресурстары шектеулі, ал ауыл шаруашылығы табиғи жағдайға өте тәуелді еліміздің климат өзгерісіне ең осал аймақтардың бірі екендігін айтады. Эколог-журналист соңғы онжылдықтарда Қазақстанда орташа жылдық температура айтарлықтай көтерілгенін келтіреді.
«Байқасаңыздар, жаз айлары бұрынғыдан ыстық, қапырықтана түскен. Бұл Қазақстанның қоңыр салқын климаттық Солтүстік, Батыс өңірлерінде де байқалады. Керісінше, қыс айларында күн ерекше жылынуда. Мәселен, бүгін күздің соңғы күні. Ауа райы әлі көкем не күздік темпертураны көрсетіп тұр», – деп бастады әңгімесін.
Маман айтқан қауіпті әсердің бірі – су тапшылығы. Жағдайға таулы Жетісу өңірінде мұздықтар көлемі азаюы, трансшекаралық өзендердегі тәуелділік, экологиялық әсерден Балқаш сынды көлдердің тартылуы, егін мен мал жайылымға судың жетпеуі себеп.
«Бірінен соң бірі жалғасып жатқан қуаңшылық пен дала өртінің негізгі себепкерінің бірі осы жылыну әсері. Су тапшылығы жақын жылдарда азық-түлік қорының кемуі, жердің тоқып, зиянкестердің таралуына да алып келеді.
Жануарларға да қауіп мол. Тепе-теңдіктің өзгерісі жануарларды мекендеу аймақтарынан ығысып, кейбірінің азаюына алып келеді», – дейді.
Бауыржан Дәуренбекұлы қалалардағы мәселелер: шаңды дауылдардың көтерілуі әсіресе Астана мен оңтүстік өңірлерде жиілегендігі, Алматы қаласы мен өңірінде ауа ластануы күшейгендігін атап өтті. Айтуынша, қатты жылу толқындары мен экстремалды аптаптар артқан.
Соңғы деректер мен фактілерді негізге алсақ, «Қазгидромет» мәліметі бойынша, 2023 жыл — Қазақстандағы бар өлшеулер тарихындағы ең жылы жыл болған. Ауаның орташа жылдық температурасының аномалиясы климаттық нормадан +2.58 °C көрсеткен. Жылылық өткен жылы да сақталған. «Tengrinews» таратқан ақпарат 2024 жылы 1941 жылдан бері 6-шы ең жылы жылдардың бірі болғандығын көрсеткен. «Central Asia Climate Fundation» бұл жағдайларды жоққа шығармайды. Соңғы бірнеше онжылдықтарда Қазақстанда орташа жылдық температура әр 10 жыл сайын шамамен +0.36 °C-қа өсіп келетінін жазған. Сонымен қатар, соңғы 48 жылда жалпы жауын-шашын мөлшерінде де өзгерістер байқалған. Орташа есеппен әр 10 жыл сайын жауын-шашын мөлшері шамамен +3.3 мм/10 жыл артқан.
«Жылыну барлық өңірге тән бе?» деген сұраққа да дереккөздер жауап іздеген.
Өңірлердің бәріне жылыну өзгерісі тін болғанымен, олар сипат алған. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында жыл сайынғы өсім — ≈ 0.56 °C/10 жыл болса, Қарағандыда ≈ 0.26 °C/10 жыл шамасында. Алайда жауын-шашын өсуі барлық маусымға біркелкі емес.
Қызылорда өңірі бойынша да нақты жылыну деректеріне көз жүгірттік.
1961–2020 жылдар аралығында Қызылорда облысында ауа температурасы өзгерген. 2024 жылы Қызылорда облысында жылылықтың жоғарылауы байқалған өңірлер қатарында екені анықталған. Климаттың өзгерісі облыстағы табиғи экожүйелерге, топырақ пен су ресурстарына әсер етуде. Зертеулер суару кезінде суды үнемсіз пайдалану мен топырақтың құрғауы топырақтың химиялық және физикалық қасиеттері өзгерген: тұздану, гумустың азаюын анықтаған. Сонымен қатар, жылылықтың артуы, жаздың ұзақтығы мен ыстығы – ормансыз дала және шөлейт аймақтарында шаңды дауылдар, құрғақшылық, дақылдардың шығымсыздығы, су тапшылығы – жалпы экология мен тұрғындар өміріне әсер етуде. Бұл бағытта мамандар су ресурстарын тиімді қолдану шарасын қолға алу, топырақтың деградациясын болдырмау үшін логикалық жер пайдалану, топырақты сақтау, тұзданудан қорғау шараларын қолдануды ұсынады. Климаттық бейімделуде ауыл шаруашылығында құрғаққа төзімді дақылдар, жайылым мен су қорларын тұрақты басқару туралы шараларды қолға алған.
Көпшілік көкейіндегі: «Байқоңырдан зымыран ұшыру жаһандық жылынуға әсері бар ма?» деген алаңына нақты пайым, пікір айтатын маман табылмағандықтан, бірнеше тақырыптық зерттеудерді салыстыра келе, ортақ тұжырым жасауымызға тура келді.
Зымырандар жанған кезде көмірқышқыл газы, су буы, күйе және басқа да бөлшектер шығарады. Бірақ жаһандық көлемде олардың үлесі өте аз. Бүкіл әлемдегі авиация шығаратын газдарды 100 процент деп алсақ, зымырандардың үлесі 1 проценттен төмен екен. Байқағанымыздай, климаттық өзгеруге әуеге зымынан көтерілудің тікелей қатысы жоқ.
Қапысыз, қамсыз қалмау керек
«Кореяда өмір сүріп жатқаныма жиырма жылға жуық уақыт болды. Мұнда да келеңсіздіктер, қиындықтар жетерлік. Алайда кәрістердің экологияға, экономикаға деген жанашырлықтары мен сауаттылықтары мені тәнті етті. Мәселен, кәсіпорындар мен өндіріс ошақтары көп бола тұра, жарыққа жаңартылатын энергия көздерін күн, жел, судан алу ісін ілгерілету жыл санап артуда. Бұл өз кезегінде энергия тиімділігін түзіп, тапшылықтың алдын алуға көмектеді.
Мемлекет ормандарды сақтау және көбейту, ауа бұзылысын бақылау қондырғыларын орнату, қалдықтарды қайта өңдеу, электр көліктері, қоғамдық көліктердің тиімділігін ұсынуды жолға қойған. Бұл тұрғыдан біздің елге де серпін керек деп ойлаймын», – дейді Құралай Мұқан.
Швеция экологиялық кодексі – қалдықтарды азайту, ауа мен суды қорғау, биоәртүрлілікті сақтау үшін толық құқықтық база. Онда бір реттік пластик өнімдерге тыйым сылынған, көмір мен отынға салыстырмалы салық енгізілген. Қалдықтарды 99 процент қайта өңдеу және энергияны қалдықтан өндіру жобалары бар.
Тазылықты жандары сүйетін немістер қалдықтарды қайтару, қайта өңдеуді міндеттеріне балайды. Германияда пластик пакеттерге, кейбір аймақтарда ауаның ластануын бақылау үшін дизель көліктерге тыйым салынған. Қалалық жерлерде жасыл аймақтарды кеңейту және қалдықтарды сұрыптау өте қатты қадағаланады.
Жапониялық «Basic Environment Law» атты қоршаған ортаны қорғаудың негізгі принциптері арқылы мәселе реттеледі. Елде қалдықтарды арнайы сұрыптау және қайта өңдеу міндетті іс саналады. Мұнда дап кейбір пластик өнімдерге және қатты тұрмыстық қалдықтарға қатаң шектеу қойлыған. «Eco-town» жобалары арқылы қалдықтарды толық қайта өңдейтін қалалар тәжірибесі бар.
Индустрияларды, көліктерді және қалдықтарды қатаң реттеп, тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтарды ластауға үлкен айыппұл салып, ауаның ластануына жол бермейтін бақылау жүйесі бар ел – Сингапур. «Clean and Green» ұлттық бағдарламасы арқылы қоғамдық кеңістіктерді таза ұстау мәдениетін қалыптасқан.
Үлгілі үрдіс Норвегияға да тән. Жергілікті тұрғындар табиғи ресурстар мен биоәртүрлілікті қорғауға аса мән береді. Жасыл энергияны қолдауды күшейту, көмір мен мұнайға салыстырмалы шектеу қойылған. Сондай-ақ электромобильдерді салықсыз сатып алу, қоғамдық көлікте электр және гибридтік автобустарды қолдану ісін жолға қойған.
Нұрмұқан Есенов үлкен іс кішкентай қадамдардан басталатынын айтып, оған жасалған қам қапысыз қалмауы керектігімен бөлісті.
«Жылыну – бүкіләлемдік проблема десек те, оған әр мемлекет өз деңгейінде жұмыс істеуде. Қазақстанда қазір көтеріліп жатқан АЭС салу, жарықты табиғи көздерден алатын жағдайға қол жеткізіп – жаңартылатын энергияны дамыту, су ресурстарын тиімді пайдалану, орман отырғызу ісін жолға қою, климатқа бейімделу стратегияларын жасау сынды мемлекеттік деңгейде атқарылатын істер бар. Олардың алғышарты жасалып үлгерді. Ол мемлекеттік іс деп қарап отыруға болмайды, оған әрбір қазақстандық мүдделі болуы тиіс. Мысалы жеке деңгейдегі су мен электр энергиясын үнемдеу, қоқысты азайту және қайта өңдеу, көлікті тиімді пайдалану, ағаш отырғызу бастамаларына қатысу – «не болып жатыр?», «қай деңгейде жылып барамыз?» деген сауалға жауап табуға жақындатады», – дейді.
Фото: Жасанды интеллектДайындаған Алтын ҚОСБАРМАҚОВА












