Қазақ киносының бүгінгі беталысы

Соңғы уақытта қазақ кино индустриясы түрлі фильмдермен толығуда. Ол рас – бұл көзі қарақты көрерменді қуантады. Алайда көпшіліктің сол фильмдер туралы көзқарасы да түрлі қайшылыққа толы. Бірі «сапасы сын көтермейді» десе, енді бірі «көш жүре түзеледі» дегенді алға тартады. Ал үшіншілері бүгінгі бәсекелестік пен жаңа буын режиссерлердің батыл ізденістері отандық кино өндірісін алға сүйреп келеді деп есептейді. Бүгін біз осы тақырып төңірегінде ой өрбітіп, елдегі кино саласының өткен жолы мен бүгінгі тынысын таразылап көрмекпіз.
Қазақ киносының алтын ғасыры саналатын ХХ ғасырдың екінші жартысы – ұлттық мәдениеттің ерекше өрлеген кезеңі. «Қыз Жібек», «Менің атым Қожа», «Атамекен», «Транссібір экспрессі», «Біздің қаланың ханзадасы» секілді фильмдер ұлттық менталитетті, қоғам тынысын, адам жанының терең қатпарларын шынайы көрсетті. Ол кезеңдегі режиссерлерге тән ортақ қасиет – идеология қысымына қарамастан, көркемдікке адалдық, образға жауапкершілік, сценарийге талапшылдық.
Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Сұлтан Қожықов, Абдолла Қарсақбаев секілді тұлғалар қалыптастырған мектеп қазақ киносының темірқазығына айналды. Сол фильмдер әлі күнге дейін құнын жоғалтпай келе жатса, бұл – іргетастың берік қаланғанының белгісі.
90-жылдары елдегі экономикалық қиындық кино саласын да әлсіретті. Көп студиялар тоқтап, режиссерлер мен актерлер жаңа форматқа бейімделе алмай қалды. Бірақ, уақыт өте келе қаржыландыру жүйесінің қалпына келуі, жеке продюсерлік орталықтардың пайда болуы, телекомпаниялардың өсуі саланы қайта жандандырды.
2000 жылдардан бастап қазақ киносы жаңа тыныс алды. «Рэкетир», «Келін», «Жаужүрек мың бала», «Ағайындылар» секілді туындылар көрермендер назарын аударып, кинотеатрлардың есігін қайта аштырды. Бұрынғы дәстүр мен жаңа трендтің тоғысуы осы кезеңде байқалды.
Қазіргі таңда отандық кино саласы жыл сайын ондаған фильмді көрермен назарына ұсынады, олардың арасында комедия жанры басымдық алады. Бұл бағыттың танымалдығы нарық сұранысы мен кассалық табыстың жоғары болуымен түсіндіріледі. Алайда, сыншылар арасында сапа мәселесіне қатысты жиі сын айтылуда. Олардың пікірінше, көптеген фильмдер сценарийдің әлсіздігімен, табиғи емес диалогтармен, актерлік шеберліктің төмендеуімен ерекшеленеді. Сонымен қатар шығармаларда жеңіл сюжеттер мен шетелдік форматтарды көшіру тенденциясы басым болып, ұлттық ерекшеліктердің толық ашылмауына себеп болып отыр. Бұл жағдай отандық киноның сапасын арттыру үшін жаңа әдіс-тәсілдер мен шығармашылық ізденістерге қажеттілікті көрсетеді.
Бірақ екінші тараптың пікірін де ескермеуге болмайды. Олар бүгінгі жағдайды дамуға деген қалыпты өтпелі кезең ретінде бағалайды. «Көптің талқысына түсу – кино индустрияның жандануының белгісі» деп түсінеді.
Соңғы жылдарда «Бизнес по-казахски», «Қазақша тонау», «Паранормал», «Мұзбалақ», «Ұлы дала таңы», «Боран», «Әміре», «Қасым», «Төле би» сияқты түрлі жанрдағы туындылар көрерменге жол тартты. Бірі касса үшін, бірі фестиваль үшін, енді бірі ұлттық рух үшін жасалатыны белгілі. Бұл да – бәсекенің артқанының дәлелі.
Қазіргі уақытта кино саласына енген жас режиссерлердің ерекшелігі – кең дүниетаныммен ерекшеленіп, әлемдік трендтерді терең меңгеріп, өздерінің бірегей стилін қалыптастыруға ұмтылуы. Олардың шығармашылығында әлеуметтік теңсіздік, заманауи адамның ішкі күйзелістері, қалалық өмірдің урбанистикасы мен жалғыздық тақырыптары, сондай-ақ дәстүр мен жаңашылдықтың арасындағы қақтығыстар сияқты өзекті мәселелер көрініс табуда. Мұндай фильмдер жастардың шынайы көзқарасын көрсетіп қана қоймай, ұлттық мәдениеттің жаңа қырларын ашуға мүмкіндік беруде. Жасыратыны жоқ, олардың жұмыстары халықаралық кинофестивальдерде танылып, шетелдік мамандардың жоғары бағасын алуымен ерекшеленеді. Бұл – қазақ киносының жаңа дәуірге аяқ басып, шығармашылықтың жаңаша бағыттары мен әлемдік деңгейдегі жетістіктерге жол ашып келе жатқанын айғақтайтын маңызды құбылыс.
Кино – бір мезгілде әрі өнер, әрі бизнес. Қазіргі отандық киноның да негізгі сын-сынағы осы екіұдайлықтың ортасында тұр. Бір жағынан ұлттық идеяны көтеретін, тарихи, психологиялық, әлеуметтік мазмұндағы фильмдер керек. Екінші жағынан кинематография өзін-өзі ақтауы шарт, бұл үшін кассалық комедиялар, кең аудиторияға арналған жеңіл фильмдер де қажет. Дамыған елдердің тәжірибесі де осыны көрсетеді. Өнер үшін жасалған туындылар саланың беделін ұстаса, коммерциялық картиналар экономиканы тіреп тұрады.
Белгілі киносыншы Дана Әмірбекова елімізде коммерциялық фильмдердің әлі де сапаға сай еместігін тілге тиек еткен еді.
«Кез келген фильм идеологиялық жүктемені көтереді. Себебі авторлар фильм арқылы әрқашан өз идеяларын, мәдени ерекшеліктерін, дүниетанымын, құндылықтарын бейнелейді. Өкінішке қарай, біздің коммерциялық фильмдеріміз жанрлық әртүрлілікке ие емес. Бүгінде коммерциялық қазақ фильмінің бет-бейнесі – комедия. Онда да өте үстірт, дөрекі комедия. Кейде біздің комедияларымызда қызықты тақырыптар еленіп, ескерілмейді. Яғни, авторлар кино мазмұнын қалай толық ашуға болатынын білмейді. Қазір коммерциялық фильмдеріміздің басым бөлігі комедиялық жанрда ғана түсірілуде. Олар Голливуд пен Болливудтың әбден жауыр болған сюжеттеріне құрылған таптаурын шаблондарының әлсіз көшірмесі ғана. Жоғарыда айтқанымыздай, коммерциялық фильмдердің сапасы әзірге әлсіз» дейді ол.
Фото: ашық дереккөзден алындыАрайлым ЖҮСІПОВА













