Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарыз қамытынан қашан құтыламыз?

Қарыз қамытынан қашан құтыламыз?

Аяжан айлығы түскен сәтте-ақ телефонға келген хабарламаны көрді. Хат мәтіні мынадай:«Несиеңізден автоматты түрде 89 500 теңге ұсталды».
Қолына тиер қаржының жартысы ұшты-күйлі жоқ. Келесі айға дейін тағы «сығымдалып» шығатынын білгенде, ол еріксіз:
– Осы несие қашан бітеді өзі? – деп күбірледі.
Бұл сұрақты бүгінгі таңда қанша қазақстандық өзіне қойып жүр екен? Біз де осы сауалды негізге алып, қарызға байланған қоғамның қазіргі ахуалын саралап көрдік.

Статистика сөйлесін
Бүгінгі таңда Қазақстанда несие алмаған адам сирек кездеседі. Бір қарағанда, бұл қалыпты құбылыс секілді көрінгенімен, астарында қоғам үшін үлкен қауіптің нышаны жатыр. 2025 жылдың мамыр айындағы ресми дерекке сүйенсек, ел азаматтарына берілген несиелердің жалпы көлемі 22,1 триллион теңгеге жеткен. Бұл – еліміздің ішкі нарығындағы айналымда жүрген қаржының орасан бөлігінің банктер мен қаржы ұйымдары арқылы қарызға таратылып жатқанын көрсетеді.
Мұның ішінде 14,9 триллион теңгесі – тұтынушылық несиелерге, яғни тұрмыстық қажеттіліктерге, заттар мен қызметтерге алынған. 6,3 триллион теңге ипотекаға берілген, ал қалған үлес автонесие, бизнесті дамыту және басқа мақсаттарға бағытталған.
Яғни, үй, көлік, тұрмыстық техника, той-томалақ – бәрі де несие арқылы алынып жатыр. Көп жағдайда халықтың табысы күнделікті өмірден артылмайды, ал қажет дүниені сатып алу үшін жалғыз жол – банкке жүгіну.
Қазір елімізде 7,7 миллион адамның мойнында несие бар. Бұл – экономикалық белсенді халықтың 83 пайызы. Басқаша айтқанда, әрбір 5 жұмыс істейтін адамның 4-еуі банк алдындағы міндеттемемен өмір сүріп жатыр. Қаржылық тыныштығы бар адамдар үлесі – небары 17 пайыз ғана.
Бұл статистика жай ғана сандар емес, тұтас қоғамның қаржылық ахуалын аңғартады. Қазір халықтың көпшілігі үшін несие – ертеңгі күннің емес, бүгінгі күннің қамы болып отыр.

Көрінбейтін күйзеліс
Қазақстандықтардың қарызға белшесінен батуы – бүгінгі күннің шындығы. Қаржылық қысымнан туындайтын күйзеліс, психологиялық ауыртпалық пен өмір сапасының төмендеуі туралы ашық айтатындар аз болғанымен, көрсеткіштер мен өмірлік мысалдар мәселенің ауқымын айқын аңғартады.
Бірінші кредиттік бюроның дерегінше, несие алған азаматтардың 17%-ы – яғни кемінде 1 миллионнан астам адам – қарызын 90 күннен аса уақыт төлемей, банктердің «қара тізіміне» енген. Бұл – тек уақытша кешігу емес, адамның қаржылық және моральдық дағдарысқа тап болғанының көрінісі.
Мұндай азаматтар үшін банктердің есігі қайта ашылмайды. Жаңа несие де берілмейді, кепілге мүлік қою да көмектеспейді. Осылайша, олар бір ғана кешіктірілген айлық төлем үшін ұзақ жылдық қаржылық қиындыққа ұрынады.
Қаржы саласында NPL (Non-Performing Loan) – яғни қайтарылуы күмәнді несиелердің үлесі – 3,4%. Бірақ халыққа тікелей берілген тұтынушылық несиелердің ішінде мерзімі өтіп кеткен қарыз көлемі 943 миллиард теңгеге жетіп, 4,3%-ды құрады. Бұл – жалпы несиенің әрбір жиырмадан астам теңгесі уақытында қайтарылмай жатқанын білдіреді.
Айдос есімді азаматтың оқиғасы – мыңдаған адамның тағдырына ұқсайды.
«Басында бәрін уақытында төлеп жүрдім. Кейін жұмыстан қысқарып қалдым. Бір ай ғана кешіктірдім. Содан кейін бәрі қиындады. Ай сайын өсім қосылып жатты. Кешкісін телефон шыр етсе, жүрегім зу ете қалады. «Хабарлама келмесе екен» деп, ұйқы қашты» дейді ол.

Жалақының жартысы – банкке
Қазақстандағы қаржылық ахуалдың бір көрінісі – жалақы мен несиенің ара салмағы. Қазір азаматтардың басым көпшілігі табысының едәуір бөлігін қарыз өтеуге жұмсайды. Бұл қалыпты жағдай ретінде қабылданып кеткенімен, оның астарында үлкен әлеуметтік проблема жатыр.
Ресми мәлімет бойынша, елімізде борыш жүктемесінің коэффициенті (БЖК) 0,5 деңгейінде белгіленген. Бұл – азамат өзінің айлық табысының 50%-нан аспайтын бөлігін ғана несие төлеміне жұмсауы тиіс дегенді білдіреді. Мысалы, айлығы 300 мың теңге болған адам 150 мың теңгеден көп несие төлемін жасаса, ол қаржылық қауіп аймағына енеді.
Алайда шындық мүлде басқа. Іс жүзінде, отбасының табысының 60-70%-ына дейін несиелік төлем кетіп жатқан жағдайлар аз емес. Қаржыгерлер мұны «несиелік құлдық» деп атайды. Себебі бұл – адамның қаржылық еркіндігін тұсаулап, күн сайынғы шешімдерін шектейтін жағдай.
Бүгінде көпшілік үшін жалақы қолына тие салысымен қайда кететіні белгілі. Банкке, онлайн кредиторға, бөліп төлеу дүкеніне. Қалған азын-аулақ қаржы коммуналдық төлем мен азық-түлікке ғана жетеді. Осылайша, отбасы бюджеті ешқашан тұрақтамайды. Ақша – келген сәтте жоқ болады. Бұл – қаржы тапшылығы ғана емес, өмір сапасының күрт төмендеуіне апаратын жол.
Сарапшылардың сөзінше, мұндай отбасыларды классикалық кедейлер қатарына жатқызуға келмейді. «Себебі олар жұмыс істейді, күн көріп жүр. Бірақ табысы еркін өмір сүруге, балаларына сапалы білім беруге, денсаулығына қамқорлық жасауға, демалысқа шығуға жеткіліксіз. Олар күнделікті қажеттілікті әрең өтейді. Бұл «жартылай кедейлік» деп аталатын жаңа әлеуметтік топтың пайда болуына себеп болды» дейді сарапшылар.
Қоғамның осындай тобы көбейген сайын әлеуметтік тұрақтылыққа төнетін қауіп те артуда. Себебі бұл – сырттай бәрі дұрыс көрінгенімен, ішінде маза кеткен қауым. Олар үнемі қосымша табыс іздеп жүреді, болашағына сенбей, жүйеге ренжиді.
Экономисттердің пікіріне құлақ ассақ, қаржылық сауаттылықтың төмендігі мен әлеуметтік қолдаудың жеткіліксіздігі – адамдардың «қауіпсіздік жастығын» құруға мүмкіндік бермей отыр. Қарапайым тілмен айтқанда, көпшіліктің күтпеген жағдайларға арналған жинағы жоқ. Бір апта жұмыссыз қалса, бірден қарызға кіреді. Бұл жағдай баланың тәрбиесіне, білім беруіне, медициналық қызметтерге қол жеткізуге кері әсер етеді. Яғни, өмірдің маңызды аспектілері мәжбүрлі түрде кейінге шегеріледі.
«Экономикалық тұрғыдан алғанда, ең қауіпті құбылыс – кедейлік емес, дәл осы жартылай кедейліктің ұзақ сақталуы. Себебі бұл – жүйені іштей қажытатын, сенімсіздік пен әлеуметтік түңілуді өршітетін фактор. Мұндай қоғамда ашық наразылық болмаса да, терең ішкі күйзеліс пен үмітсіздік белең алады. Бұл – ұзақ мерзімді тұрақтылық пен дамуға қауіп төндіретін көрініс» дейді экономисттер.

Тұтыну мәдениеті төмен
Қазіргі қазақстандық қоғамда несие – күнделікті тіршіліктің ажырамас бөлшегіне айналды. Біреулер үшін ол – уақытша көмек, ал басым көпшілігі үшін өмір салтына айналған. Ұзақ мерзімге ақша жинап, жоспарлап әрекет етуден гөрі, «қазір ал, кейін төлейсің» деген ұстаным кең таралған.
Зерттеулерге сүйенсек, еліміздегі азаматтардың басым бөлігі күтпеген жағдайға қаржы қорын жинамайды. Оның орнына бірінші кезекте несие алуға жүгінеді. Бұл – той жасау, техника алу, үйді жөндеу немесе көлік жаңарту сияқты жағдайлардан анық байқалады. Тіпті кейде бұл шығындар өмірлік қажеттіліктен гөрі бәсекеге қабілетті көрінуге бағытталған әрекеттер екенін де жоққа шығаруға болмайды.
Қазақ қоғамында несие тек тұрмыстық қажеттіліктер үшін ғана емес, кейде «елден қалмау», «көршімен тең болу», «тойды дүркіретіп өткізу» секілді қоғамдық қысым әсерінен де алынады. Бұл – тұтынушылық психологияның күшеюін білдіреді. Нарық заңдылығы бойынша, адамның қалауы мен шегі болмайды. Бірақ сол қалау мен шама үйлеспесе, нәтиже – қаржылық тұйыққа тіреледі.
Сарапшылар халықтың жаппай несиеге ұрынуын екі үлкен себеппен байланыстырады. Біріншісі – қаржылық сауаттың төмендігі, екіншісі – инфляцияның табыстан озып кетуі. Соңғы жылдары Қазақстандағы инфляция деңгейі 14–18% аралығында тұрақтап келеді. Бұл – жалақының нақты құны жыл сайын кемі дегенде 1/6-сына дейін төмендеп жатыр деген сөз. Осындай жағдайда азаматтар табыс тапшылығын тек несие арқылы жаппақ болады.
Ұзақ мерзімді жоспарлау мәдениеті әлі де қалыптаспаған. Жинақ жасау – шыдамдылықты, тәртіпті талап етеді. Ал көпшілік үшін жедел тұтыну – оңай әрі қолжетімді шешім. Қаржылық мінез-құлықтағы бұл ауытқушылық несиеге деген тәуелділікті арттырады. Оның үстіне банктер мен микроқаржы ұйымдарының жарнамасы, «жылдам несие», «алғашқы жарнасыз», «бөліп төлеу» секілді ұсыныстар тұтынушының әлсіз тұсын дәл таба біледі.
Қаржы сауаты төмендеген сайын несие адамға көмек емес, үзіліссіз күйзеліс көзіне айналады. Ай сайынғы төлемдерден бөлек, өсімпұл, үстеме пайыз, қарызды қайтарудағы кешігулер жүйкеге салмақ түсіреді. Ақырында, бір ғана несие бірнеше несиемен жабылып, қаржылық тығырық тереңдей түседі.

Тез ақша – тұзаққа тез түсіреді
Қазіргі қоғамда қаржы тапшылығынан шығудың ең жылдам жолы – онлайн-микронесие. Жаны қысылған жұртқа бұл – бір қарағанда «құтқарушы» шешім. Бірақ оның ар жағында жасырын қауіп жататынын екінің бірі бірден ұғына бермейді. Себебі тез берілетін несие – ең қымбат несиенің түрі.
Микроқаржы ұйымдары мен онлайн-кредиторлардың пайыздық мөлшерлемесі таңғаларлықтай жоғары. Егер банктерде несие жылына 18-20%-бен берілсе, онлайн-микронесиелердің пайызы 40-50%-дан асып түседі. Кейбір жеке ұйымдарда бұл көрсеткіш 70-100%-ға дейін барады. Бұл – тек айлық емес, жылдық тиімді мөлшерлеме екенін ескерсек, адам алған сомасынан бірнеше есе артық қайтарады.
Экономистер бұл құбылысты «ең қымбат ақша – ең тез берілетін ақша» деп сипаттайды. Мұндай қарыз түрі адамның қаржылық жүйесіне емес, эмоциясына жұмыс істейді. Қиын сәтте 5-10 минут ішінде шешілетін қарыз уақытша тыныс алдырғанмен, ұзақ мерзімді күйзеліске алып келеді.
Бүгінде микронесие ұйымдарының жарнамасы кез келген жерде. «Кепілсіз», «табыссыз», «3 минутта картаға түседі» деген ұрандар халықтың әлсіз тұсын дәл табады. Бірақ олардың артында – жасырып айтылған жоғары өсім, айыппұл, тұрақсыздық пен берешекті кешіктірген жағдайда қолданылатын түрлі санкциялар тұр.
Сарапшылардың айтуынша, жедел несие көбіне шұғыл шешіммен алынады, бірақ ұзақ мерзімді тәуелділікке алып келеді. Мұндай қарыздардың бір ерекшелігі – сомасы шағын болуы мүмкін, алайда бірнешеу жиналып, бір адамның басында бірнеше несие тұрып қалады. Ақырында, адам тек өсімін төлеумен өмір сүреді.
Микронесиенің басты проблемасы – оның қолжетімділігі мен ауыр шарттарының арасындағы теңгерімсіздік. Қарыз алушы үшін бұл «қысқа жол» болғанымен, жарға тірейтін бағыт. Жасырын комиссиялар, өсімпұл, қайта қаржыландыру қажеттілігі – мұның бәрі адамды қаржылық тұйыққа апарады.
Мамандар несиені алмас бұрын «маған бұл ақша расымен керек пе?», «қайтаруға нақты мүмкіндігім бар ма?», «басқа жолы бар ма?» деген үш сұрақ қоюды ұсынады. «Себебі, несие – шешім емес, міндеттеме. Қаржылық сауатсыздықтың салдары – ұсақ қарыздардың күрделеніп, жүйкені жұқартатын ауыртпалыққа айналуы мүмкін екенін қаперден шығармау қажет» дейді мамандар.
Мәселенің түбірі тереңде
Жасыратыны жоқ, қазақстандықтардың жартысынан көбі қарызға белшеден батып отыр. Бұл жағдайдың негізгі себебі – табыстың күнделікті шығындардан төмен болуы. Азық-түлік бағасы, коммуналдық қызмет тарифтері мен киім-кешек сияқты негізгі тауарлардың құны күрт қымбаттағанымен, жалақы өсу қарқыны оған ілесе алмай тұр. Нәтижесінде көп адам күнделікті қажеттіліктерін өтеу үшін несиеге жүгінеді.
Қаржылық сауаттың төмендігі де мәселені ушықтырады. Көпшілік несиенің тиімді пайыздық мөлшерлемесін, аннуитеттік және дифференциалды төлем әдістерін түсінбей, жауапкершіліксіз қарыз алады. Бұл кейін төлем кестесін орындауда қиындықтарға ұшырауға әкеледі. Сонымен қатар, тұрғын үйдің қолжетімсіздігі де адамдарды ипотекаға итермелейді. Ипотекасыз баспана алу мүмкіндігі өте аз, әсіресе жастар мен төмен табысты отбасы үшін.
Әлеуметтік минимум деңгейінің әлсіздігі, әсіресе ауылдық аймақтар мен шағын қалаларда жалақы төмен, ал жұмыс орындары шектеулі. Бұл экономикалық тұрғыдан осал топтардың несиеге тәуелділігін арттырады. Қазақстандағы банктердің пайыздық мөлшерлемесі әлемдегі ең жоғары ондыққа кіреді, бұл қарыз алудың ауыртпалығын одан әрі күшейтеді.
Көпшілік несие шарттарын толық түсінбей, пайыздық мөлшерлеме, айыппұл және төлем кестесінің маңызын бағаламай несие рәсімдейді. Бірақ бұл мәселенің бар кінәсін халыққа арту әділетсіз. Табыстың төмендігі, баға өсімінің жоғары болуы, әлеуметтік қолдаудың жеткіліксіздігі және ұзақ мерзімді жоспарлауға мүмкіндік бермейтін экономикалық жағдай – бәрі бірге халықтың қарызға батуына алып келіп отыр.
Осы себептерді ескере отырып, мәселенің түпкі тамырына үңіліп, халықтың қаржылық жағдайын жақсарту бағытында кешенді шаралар қабылдау қажет. Әйтпесе, қарызға белшеден батқан қоғамның әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығы әлсірейді.

Көпшіліктің көзқарасы
Біз қоғамдық пікірлерді зерттей келе, қарызға қатысты әртүрлі көзқарастарға куә болдық. Кейбіреулер несиеге жүгінбей, балаларын оқыта алмайтындарын айтады, ал басқалары тұрмыстың қиыншылығынан қарыз алуға мәжбүр екендерін мойындайды. Тағы бір топ «Бірін төлеуге тырысқанда екіншісін алып қойдым» деп өздерінің қаржылық ауыртпалықтарын ашық бөліседі. Бұл сөздер қоғамдағы несиенің кеңінен тараған тәуелділігін нақты көрсетеді.
Қазақстан үкіметі 2023 жылдан бастап несие беру талаптарын қатаңдатты. Борышкердің борыштық жүктемесін есептеу әдісі өзгертіліп, тәуекелі жоғары азаматтарға берілетін қарыз көлемі шектелді. Мысалы, 90 күннен астам кешіктірген несиесі барларға жаңа несие берілмейді. Бұған қоса, соңғы үш жыл ішінде қарызын кешірткендерге кепілсіз несие алу мүмкіндігі жойылды. Тіпті микроқарызды бір күн кешіктіргендердің де жаңа займ рәсімдеуі шектелді. Мұның мақсаты – тұтынушылық несиенің сансыз таралуын бақылауға алу және халықтың қаржылық тұрақтылығын қорғау.
Дегенмен, бұл шаралар қоғамда әртүрлі пікір туғызды. Бірі мұндай қатаң талаптардың қажет екенін, әйтпесе адамдар қарызға батып баратынын айтады. Ал басқалары, керісінше, осындай шектеулер салдарынан халықтың банк қызметтеріне қол жеткізуі қиындайтынын айтып, жағдайдың нашарлағанын мәлімдейді. Айтпақшы, қаржылық жағдайы тұрақтамағанда ғана осындай рестрикциялардың әсері толық сезілмейтіні де бар.
Осылайша, несие беру саясатындағы өзгерістер – қоғамдағы қаржылық мәдениетті арттыру мен қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам. Дегенмен, табыстардың өспей тұрғандығы, әлеуметтік қолдаудың жеткіліксіздігі және экономикалық ахуалдың қиындығы ескерілмей қалса, қатаң талаптар өз нәтижесін толық бере алмайды. Сондықтан бұл мәселені шешуде кешенді тәсіл қажет: қаржылық сауаттылықты арттыру, экономикалық өсімді жеделдету және әлеуметтік қорғауды күшейту арқылы халықтың несиеге тәуелділігін азайтуға болады.

Қашан, қалай құтыламыз?
Экономикадағы ең өзекті мәселелердің бірі – халықтың қаржылық жағдайын жақсарту. Сарапшылар бұл мәселені шешудің үш негізгі бағытын ұсынады. Бірінші, азаматтардың табысын арттыру. Төмен жалақы мен өсіп бара жатқан қарыздар ешқашан теңгерілмейді. Сондықтан ең алдымен өмір сүру деңгейін жақсарту керек. Екінші, қаржыландырудың қолжетімді жүйесін қалыптастыру. Мұнда ауылдық жерлердегі кооперативтерді дамыту, жеңілдетілген пайызбен несие беру бағдарламаларын кеңейту және әлеуметтік ипотека мәселесін шешу маңызды. Үшінші, қаржылық сауаттылықты арттыру. Қазіргі кезде Fingramota.kz сияқты онлайн ресурстар жеткіліксіз, бұл білімді мектептен бастап жүйелі түрде енгізу қажет.
Несие мәселесі қоғамда кеңінен тарағандықтан, көп адам «Қашан және қалай қаржылық ауыртпалықтан арыламыз?» деген сұраққа жауап іздейді. Сарапшылар бұл сұраққа жауап ретінде қаржылық білім беруді бастау керек екенін, сондай-ақ мемлекет тарапынан арзан ипотека мен әлеуметтік бағдарламалардың қолжетімділігін арттыру қажет екенін айтады. Сонымен қатарнарықтағы баға мен қызмет көрсету деңгейін реттеу үшін бәсекелестікті күшейту және жалақыны нақты өмір деңгейіне сәйкес өсіру маңызды.
Осылайша, қарыздан құтылу тек жеке адамның үнемделуіне ғана емес, сонымен бірге жүйелі экономикалық реформаларға да байланысты. Яғни, қаржылық тұрақтылық пен қауіпсіздікке қол жеткізу үшін кешенді шаралар қажет. Бұл – жеке және қоғамдық деңгейдегі жауапкершілікті талап ететін ұзақ мерзімді процесс.

Тобықтай түйін:Қорыта айтқанда, қарыз біз үшін күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналып кеткені анық. Ақша тапшылығы, жалақының аздығы, және банктердің жоғары пайыздары көпшілігімізді қарызға батырды. Несиені жағадан алатын жау деп қарастыру дұрыс емес. Тек оны дұрыс пайдаланудың жолын білуіміз қажет. Қысқасы, несие алғанда абай болып, оны тек шын қажет кезде ғана алу керек. Қарыздан толық құтылу – уақыт пен жүйелі жұмыс қажет ететін мәселе. Сондықтан болашақта қаржылық сауатымызды арттырып, саналы шешім қабылдаған дұрыс. Сонда ғана біз қаржылық еркіндікке жетеміз.
Фото: ашық дереккөзден алынды
Арайлым ЖҮСІПОВА
02 желтоқсан 2025 ж. 54 0

Аудан ажары арта түспек

02 желтоқсан 2025 ж. 19

Тазалық таразысы

02 желтоқсан 2025 ж. 106

Ізгілікті ұялатқан жүрекке

02 желтоқсан 2025 ж. 111

Күрежолдағы нысандар назарда

02 желтоқсан 2025 ж. 108

Желтоқсан көшесі жөнделуде

02 желтоқсан 2025 ж. 107

Құрылыста қарқын бар

02 желтоқсан 2025 ж. 110

Елес торыған үй

02 желтоқсан 2025 ж. 109

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031