Қоғамдық көлікте кідіріс көп
Қазақта «Тыңдалмаса сөз жетім» деген тіркес бар. Күні бүгінге дейін әлеуметтік желі мен бұқаралық ақпарат құралдарында үздіксіз қозғалып келе жатқан қоғамдық көлік мәселесін жинақтасақ, том кітап шығары сөзсіз. Өйткені жылда «шешеміз» деген сөзбен шектеліп келе жатқан шенділерге жұрттың жетпей жатқан шері шексіз. Әрине, біз сөздің иесіне балайтын аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі әрекетсіз отыр дегенге сену қиын. Түрлі маңызы бар жол салуда, ғимараттарды күтіп ұстау мен басқа да функционалдық міндетіне кіретін тірліктерді ұршықша иіріп отырғанын көз көріп, ауыз айтып жүр. Дегенмен қоғамдық көлік мәселесіне келгенде маршруттарды тәртіпке салуға құзыры жетпей ме? деген сауалмен ойымыз сан-саққа кететінін жасырмаймыз.
Жоққа сабыр, барға қанағат ететін қазалылық тұрғындар ең алдымен уақыт аралығы ескерілмейтініне наразы. Арқасы жер сипалап, соңынан қара түтін ілесе келетін «Газелді» көрсе, қуанатыны бекер емес. Көпшілігі жұмысқа кешікпегенін қаласа, ендігісі шаруасына үлгерсем дейді. Әрі тиынына дейін есептелген ақшасын үнемдеуі керек. Әйтпесе құшағына он адамды әрең сыйдыратын қоғамдық көліктің қабырғасына жармаса мінсін ба? Карантин талаптары сақталмай, қойын арасынан «қоныс» тауып, жұмысына жарты сағат кешігіп, бастығынан ескерту алған адамның ойына алдымен нендей ой келеді деп ойлайсыз? Әдептен озбай жеткізсек: «Апыр-ай, осы қоғамдық көліктің жұмысын қадағалайтын әкімдікте бір қарадомалақтың болмағаны ма?» деген болар еді. Бұдан бөлек жыл сайын тендерді жеңіп алатындардың әкімдікте «қолдаушысы» бар деген пікір қылаң беретіні рас. Жауыр болған сұрақты кезекті мәрте жауапты бөлім маманына жолдап, мәселенің мәні тереңде екенін аңғардық.
– Қоғамдық көлікпен айналысатындар арасында ауданда бәсекелестік қалыптаспаған. Олай демеске шара жоқ. Өйткені бұған дейін халыққа маршрут қызметін ұсынған «ЖК Айтжанов», «Қазалы такси» мекемелерімен жасасқан келісімшарт мерзімі аяқталды. 2018 жылдан бастап, биылғы маусым айына дейін қоғамдық көлік осы мекемелердің техникалары арқылы жүзеге асырылды. Жаңа жеңімпазды анықтау үшін төрт айдан бері бірнеше рет конкурс жарияланды. Бұған құлықты кәсіпкер табылмады. Амал таппағасын аталған мекеме басшыларын қайта жұмыс істеуге шақырдық. Уақыт аралығына байланысты қиындық осы айдың жиырмасында, жеңімпаз анықталғаннан кейін тұрақталатынынан үміттіміз, – дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Нұрлан Ердалиев. Бұдан кейін маршрут көліктерін жаңарту не кеңейту жайындағы жоспарына қызығушылық білдіруді орынсыз көрдік.
Жалпы елдегі жанар-жағармай бағасының қымбаттауы түрлі саланың дамуында іркіліс болғаны мәлім. Кенттегі көліктің көбі көгілдір отын тұтынады, дегенмен онда да баға тұрақтамай тұр. Кесірі көлік тасымалымен айналысушыларға тиді. Обалын – халық көруде. Неге десеңіз, өткен жылы ауданда 120 «Газель» қызмет көрсетсе, биыл оның тең жартысы істен шығып не сатылып кеткен. Қазір Қазалыда 60 маршрут көлігі бар. Осыдан кейін олар бағытын қысқартпай, интервал ұзармай қайтсін?! Жауапты бөлім мамандары осы күні оқушылардың мектеп пен үй арасындағы қатынасын шешуге білек сыбана кіріскенін айтып отыр. №2 және №5 бағыттағы көліктер біріктіріліп, білім ордаларының алдымен жүретіндей оңтайландырылады-мыс. Есесіне көлік саны артып, балалар маршрутты көп күтпейді. Ал ересектер мәселе шешілгенше жаяу немесе таксимен қатынай тұрса болады екен. Әйтпесе №3, №4 маршруттардың аялдамаға келу уақыты жарты сағаттан асатынын жауаптылар да біліп отыр.
– Қазіргі таңда бірнеше маршрутқа субсидия тарту ісімен айналысып жатырмыз. Ойлағанымыз іске асса олар кент аумағын түгел қамтып, халық сұранысын қанағаттандыратын болады. Өйткені кәсіпкерлер алыс жерге қатынау шығынды өтемейтінідіктен келіспей отыр, – дейді Е.Серікұлы.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ