Жаңа депутаттар жүз балдық көрсеткіште жұмыс жасайды
Бұл күнде жастар саясаты мемлекеттік дамудың ажырамас бөлігіне айналды. Олардың саяси аренадағы белсенділігін арттыру, қоғамдық істе төбе көрсетуіне жағдай жасау қашан да күн тәртібінен түскен емес. Ел келешегінің тұтқасын ұстайтын өрендердің бастамаларына қолдау жасау мақсатында былтыр Жастар жылы жарияланды. Оның арты Еріктілер жылына ұласып, елдікті айшықтайын, жас буынның белсенділігін арттыратын барлық тетіктер іске қосылды. Соның арқасында аудан жастарының басым бөлігі елдегі орын алған барлық мәселелердің оң шешім табуына үлес қосып, ашық пікір білдіретін жағдайға жетті. Қазіргі таңда қолға алынған немесе аяқталған істер жайында толыққанды ақпар алу үшін Қазалы ауданындағы жастар ісімен тікелей айналысатын Жастар ресурстық орталығының директоры Асылхан Дәрібаевпен әңгімелескен едік.
– Асылхан Жұмабекұлы, Жастар жылы ауданның жас тұрғындарына қандай жаңалықтар әкелді?
– Өздеріңізге белгілі, мен орталыққа басшы болып келгенде аталған жылдың аяқталуына екі айға жуық уақыт қалған еді. Сол себепті бұрынырақ қолға алынған сәтті жобалардың әрі қарай жүзеге асуын қадағалап, алдағы екі айға жаңа жоспар жасадық. Сол бойынша Тәуелсіздікке 28 жыл толуына орай кенттік клубта желтоқсаншылармен кездесу өтті. Онда көтеріліске қатысқан қазалылықтар бастан өткерген оқиғалардан сыр шертіп, жиналған жастарды елжанды, отансүйгіш, қайсар болуға шақырды. Біз өз тарапымыздан “Жастар жанашыры” деген номинация табыстадық.
Бұдан бөлек “Business Hub” жобасының облыстық кезеңіне жергілікті жастарды қатыстырдық. Бұл сайыста біздің аудан бас жүлдені еншіледі. Сонымен қатар сайысқа қатысқан екі жас 2,5 миллион теңге сыйақы жеңіп алды.
Қараша айында Қармақшы ауданында өткен облыстық байқаудан да құр қол қайтпадық. Қармақшы әкімінің кубогы тігілген сайыста үстел теннисі және дебат жарысы бойынша Қазалы жастары жүлделі бірінші орынды иемденді. Әрине, жергілікті жастар бұған дейін де айтулы сайыстарда төбе көрсетіп жүргені белгілі. Сондықтан өзім қызметке келгелі атқарылған істерді ғана тілге тиек еткенді жөн көрдім.
– Өткен жылы жастар ресурстық орталығының қолға алуымен Жастар парламенті құрылғанын білеміз. Оның жұмысы қазір қаншалықты жүйелі?
– Мұндай мандаты бар депутаттар аудандағы өзекті мәселелерді талқылап, оның шешу жолдарын билікке жеткізу мақсатында сайланған. Өткен жылдың аяғында оларды арнайы хат арқылы жиналысқа шақырдым. Алайда бұл іске жауапкершілікпен қарамай, өздеріне артылған сенімді ақтай алмаған жастар парламентін таратуды жөн санадым. Есесіне көзінде жалыны бар жастарды жиып, ақпан айының ортасына дейін парламентті қайта жасақтау жоспарда бар.
Жаңа депутаттар шынайы, көкейкесті мәселелерді айта алатын, өзі тұратын аумақтағы күрмеуі қиын жағдайды парламент жиынында көтеруі шарт. Бұған дейін ауылдық округ әкіміне жолданған хат арқылы кез келген азамат тағайындалған. Мен қызметіме кіріскен сәттен бастап жұмыс сапарымен барлық ауылдық округтерде болдым. Олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдадым. Алдағы уақытта ауыл жастары бірауыздан қолдаған азаматтар депутат болып сайланады. Ал бұл құрама 100 балдық көрсеткіште жұмыс жасайды деп сенімді түрде айта аламын.
– Осы сәтте орталық жүргізіп отырған қандай жобалар нәтиже беруде?
– Өткен жылдан бастап 7 жоба қолға алынған. Екеуін тізімнен алдырып тастадық. Өйткені оның берері аз, іске асыруға көп уақытты қажет етеді деп есептедік. Сол сияқты жоспарда бар, бірақ толыққанды іске қосылмаған ауқымды жобаларды да байқадық. Мәселен, “Жас Отау” деп аталатын бағдарлама жаңадан отау тіккен жастардың отбасылық мәселелерін шешуде, үлкен өмірге қадам басарда қажет болатын кеңестер беруде үлкен көмек бола алады. Жақында іске қосылатын “Жастар академиясының” да тиісті жұмыстары басталып кетті. Бұдан бөлек “Мүмкіндік алаңы”, “Жастар кеңесі”, “Мейірімді жастар жасағы”, “Жас кеңесші” сияқты жобаларды ағымдағы жылы қайта қолға алып, жандандырамыз.
Сондай-ақ қайырымдылық мақсатында көпбалалы, жалғызбасты аналар мен әлеуметтік жағдай төмен отбасыларға көмек көрсету жастар ресурстық орталығының күн тәртібінен түспей келе жатқаныны айтқым келеді.
– Жастар ресурстық орталығының құзыреті қаншалықты ауқымды? Ол жұмыссыздық деңгейін төмендете алады ма? Қаржы қайдан игеріледі?
– Қазіргі таңда аудан бойынша 18 мыңға жуық жас бар. Бұл жалпы тұрғынның 21 процентін құрайды. Орталықтың негізгі бағыты – жергілікті жастардың бастамаларына қолдау білдіру, жан-жақты кеңес беру. Жаңа жобалар жасауды үйретіп, қаржы көздерін қарастыруға көмектесеміз. Өскелең ұрпақты өзі бейім іске дағдыландыру да функционалдық міндетімізге кіреді деп есептеймін. Әйтпесе бізде оларды жұмыспен қамтитын ферма, кәсіпорын жоқ. Аудандық жұмыспен қамту орталығынан жұмыс іздеушілер тізімін алып, мамандықтарына сай іріктеп, мекеме басшыларымен байланыс орнату ойда бар. Өйткені жұмыссыздар қатарында тіркеуде бірнеше жыл тұрса да, сол мамандық бойынша одан кейін бітірген азаматтардың жұмысқа қабылданғаны жайында жастардан көп шағымданады.
Жастар орталығында қазіргі таңда ешқандай қаржы жоқ. Өйткені бұл бағытқа бөлінетін ақшаны ішкі саясат бөлімі техникалық ерекшеліктерін көрсетіп, конкурс арқылы жариялайды.
– “Жастар академиясы” ашылатыны туралы айтып қалдыңыз. Бұл жобаның жастарға қандай пайдасы бар?
– 2014 жылы елде Жастар ресурстық орталықтары ашылды. Соның нәтижесінде қазіргі таңда республика бойынша осындай 209 орталық жұмыс жүргізеді. Бірақ ондағы мамандардың нақты функционалдық міндеттері анықталмаған. Сол себепті орталықтар жергілікті биліктің ықпалы арқылы, берген тапсырмасына сай қимылдауда. Мұның әсері жастарды жоба жоспарлауға тарта алмауға себеп болып отыр. Кейбір жобалардың өміршең болмауы, өскелең ұрпақтың қызығушылығын оята алмауы, өзектілігі төмендігінен болуы мүмкін. Орталық мамандарының осы салаға толық бейімделмегені де біршама кедергі келтіреді. “Жастар академиясын” құру туралы идея осыдан кейін ойға келді.
Академияда ауылдық округтердегі және басқа да жастар ісімен айналысатын мамандар өз міндеттері жайында, атқаруға тиісті нақты жұмыстары турасында сабақ алады. Сондай-ақ әлеуметтік осал топтар, “NEET” санатындағылар немесе қаңғыбастыққа салынғандарға қандай шара қолдану керектігін үйретеді. Жобаға аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлы ерекше қолдау білдіріп, 4 миллион теңге қаржы бөлетін болды. Мұны аудан басшысының бізге деген жанашырлығының белгісі деп түсінеміз.
– Еріктілер жылында қандай ерекше жобалар қолға алынады?
– Еріктілерге байланысты тиісті министрліктің бекіткен жоспары наурыз айына дейін бізге келуі тиіс. Бірақ жастар орталығының да өзіндік іс-қимыл жоспары дайындалып жатыр. Кеше ғана финалдық кезеңі өткен “Мүмкіндік алаңы” жобасының форматында волонтерлық ісімен ерекшеленетіндер, қоғамға өз пайдасын тигізушілер арасында өміршең конкурс ұйымдастырмақпыз. Оның жүлде қоры да қомақты болмақ. Өйткені жақында жолаушылар тасымалымен айналысатын азаматтардың көпбалалы аналарға көмір түсіріп, азық-түлік үлестіріп беріп жатқанын естідім. Бұл әкімдіктің немесе басқа бір мекемелердің пәрменімен жасалып жатқан жақсылық емес. Осындай жылы жүректі жандардың еңбегі еленіп, марапат алып жатса жақсылық көбейе береді емес пе?
Бұдан бөлек, Еріктілер жылында жақсылық жасауда шынайы ерік-жігерін көрсете алатын жастардың қатарын көбейтуге ынталымыз. Бұл бағытта көптеген тың жобалар іске қосылатын болады. Қазірдің өзінде орталық мамандарымен жан-жақты пайдалы ұсыныстарды жинақтап, іске асыру жолдарын талқылаудамыз.
– Ашық әңгімеңіз үшін көп рақмет!
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ