Жалғызбасты аналарға жыңғыл үлестірді
Әне-міне дегенше Жастар жылы да өз мәресіне жетті. Аталған мерзімде аудан жастары арасында белең алған жұмыссыздық сияқты күрмеуі қиын мәселе толық шешімін таппағанымен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қол ұшын созғандар қатары кеміген жоқ. Келер жыл ерікті жастарға арналғандықтан мұндай игі істер ауданда кең етек жаятынын сенімді түрде айтуға болады. Өйткені күні кеше ғана Жастар ресурстық орталығына жиналған еріктілер жалғызбасты жандар мен тұрмысы төмен отбасыларға арнап жыңғыл шапты.
Отын шабуға кіріспес бұрын орталық мамандары Қазалы орман және жануарларды қорғау комитетімен байланысып, рұқсат алған. Жақсы бастама жайынан хабардар болған кент пен қала әкімдігі керекті техникаларды босатып берген. Ал ерікті жастарды әрі-бері тасуға жеке кәсіпкер Еркін Оразбаев жәрдемдескен. Содан жиырмаға жуық жас жігіттер жыңғыл шабу айлағында бірнеше сағат тер төгіп, екі жүк көлігі толатындай отын жинаған. Қайырымдылық жасау бастамасын көтерген жастар орталығының директоры Асылхан Жұмабекұлы: “Бұл – жылы жүректі жастардың Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмектессек деген ниеті. Бір күннің ішінде айтарлықтай жұмыс атқарылды. Сол арқылы өзге жастарға да үлгі болуды қаладық. Құдай қаласа игі іс одан әрі өз жалғасын табатын болады”, – деп сендірді.
Қайырымдылықты көздеген игі іске аудан әкімі Мұрат Ергешбаев та қолғабыс жасады. Өзінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жан-жағына жалынды жастарды топтастыра білген Асылхан Дәрібаевқа ризашылығын білдірген.
– Асылхан Дәрібаевтың қасына топтасқан жастар ресурстық орталығының еріктілері мереке күні уақытты босқа өткізбей, қайырымды іс жасауды мақсат еткен екен. Ауызбіршілікпен ұйымдасқан олар аз ғана уақыттың ішінде бірнеше отбасыны қыстан шығаруға жететін жыңғыл шапқан.
Жастардың бұл бастамасын естіген бойда оларға қолдау білдіріп, алғыс айттым. Шапқан отындарын көлікке тиеуге қолдан келгенше қолғабыс жасадым. Ғани Мұратбаевтың бүгінгі ізбасарлары осы жастар сияқты болуы керек деп ойлаймын. Олар әрдайым қамқорлыққа мұқтаж жандардың қасынан табылып, көмек көрсетулері қажет, – деді ол.
Ринат ҚАЙРАТҰЛЫ