Басты міндет – адам өмірін құтқару
Апат айтып келмейді. Төтеннен туындайтын табиғи зұлматтың зардабы көп. Қауіпсіздік шараларын сауатты қолдану арқылы күтпеген апаттың алдын қалай алуға болады? Осы орайда Қазалы ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Алтынбек Қалиевпен тілдескен едік.
– Алтынбек Сауытбекұлы, жалпы төтенше жағдайлардың түрлері қандай?
– Төтенше жағдайлар табиғи және техногендік сипаттағы болып бөлінеді. Мәселен, су тасу, мұз кептелісін табиғи апатқа, техногендік жағдайға өртті жатқызамыз. Кез келген төтенше жағдайда алдымен адам өмірін құтқаруды мақсат тұтамыз.
– Біздің аудан бойынша қандай оқиға жиі орын алады?
– Осы жылдың 11 айында барлығы 40 өрт оқиғасы тіркелді. Оның 4-уі нысанда, 29-ы тұрғын үй секторында, 4-уі автомобильде және 3-уі дала және орманда орын алған.
– Оның басты себебі неде?
– Әртүрлі себептер кездеседі. Кейбір тұрғындар электр құралдарын, желілерді пайдалануда ұқыпсыздық танытады. Пеш жағуда қауіпсіздікті сақтамайды. Балалардың оттық тұтатып ойнауы салдарынан да қайғылы жағдай орын алып жатады.
– Қазір қыс мезгілі, тұрғындар пешке от жаққанда өрт шығу қаупін болдырмау үшін нені ескергені жөн?
– Пеш тек жылу көзі ғана емес, сондай-ақ өрттің туу мүмкіндігін тудыратынын да ескере білу керек. Көбінде пешті қараусыз қалдырмаған дұрыс. Пәтер жалдаушылар мен үй иелерінің сақтық шаралары туралы ұмытып кетуі алаңдатады. Біріншіден, өрттің пайда болу себебі пешті орнату қағидасын бұзудан орын алады. Бұл түтін құбырларының өту жолын жеткіліксіз бөлу, пеш және қабырға арасында бос орындардың аз болуы. Бұған қосымша пеш алдында отқа төзімді темір табанның болмауын, осының салдарынан түскен көмір шоғынан еден тұтанады.
Тағы бір дәлел – бұл пештерді пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі қағидасын бұзу, кейде жылыту аспаптары толық жарамды болған кезде де қиын жағдайлар туындайды. Осыған байланысты пешті бензин, керосин немесе басқа да тез тұтанатын сұйықтармен жылыту кезінде және ұзындығы пештің өлшемінен асатын ағаш отынды пайдаланғанда, сондай-ақ оны шамадан тыс қыздыру өртпен аяқталады. Пешті қатты қыздыру жиі қателіктерге ұрындырады. Өйткені пештің үстіңгі жағы жылу екпінінен артық температураға дейін қызады. От жағу аяқталғаннан кейін, бірнеше уақыт өткен соң кірпіштің сыртқы және ішкі беттерінде температура бірдей бола бастайды, бұл пештің шамадан тыс қызуына әкеп соғады. Осыны болдырмау үшін, жанатын отынның көлемін қатаң қадағалау керек. Көп уақыт пайдаланылмаған пешті қалыпты күйге отты баяу жағып келтіру қажет.
Пеш жағатын тұрғындар мынаны да ескеруі тиіс. Көп жағдайда синтетикалық, пластикалық, лак, маталардың кейбір түрлері жанғанда улы газ бөлінеді. Түсі мен иісі болмайтын осы қоспалар ауада шоғырлануына байланысты адамдардың әр түрлі ауыр дәрежеде улануына әкеп соғады. Улы газдың түсі, дәмі және иісі болмағанымен уландырғыш болып табылады және тітіркендірмейді, оны адамның сезуі өте қиын. Пештің түтіндігін ерте жапқаннан улану жиі болады. Толық жанып бітпеген көмір көмір-қышқыл газымен өзара әрекеттесіп, улы газ пайда болады.
– Су айдындарындағы, өзен-көлдегі қайғылы оқиғалардың көпшілігі қауіпсіздік шараларын толық сақтамаудан болып жатады. Осы ретте жұртшылыққа қандай кеңес бересіз?
– Қазіргі таңда, балық аулау кең таралып отыр. Бірақ олар бұған судағы қауіпті елемей, немқұрайлықпен қарайды. Балық аулаған кезде қауіпсіздік мәселесі ескерілмейді. Оған қоса су айдындарындағы, өзен көлдегі қайғылы оқиғалар балықшылардың көпшілігі су қоймаларында қауіпсіздік техникаларын сақтамаудан, синоптиктердің ауа райы болжауын және Төтенше жағдайлар департаментінің ескертулерін ескермеуден орын алады.
Мұздың үстімен жүруге, қас қарайған шақта және ауа райы қолайсыз кезде мүлдем шығуға болмайды. Жалғыз жаяу жүргіншілер үшін мұздың қалыңдығы кемінде 7, ал адамдар тобы үшін 12 сантиметр қалыңдықта болғанда ғана берік деп есептеледі. Жалпы қыс мезгілінде қалың әрі жеңіл киінген дұрыс. Мұзбен өтуге тура келген жағдайдың өзінде оның шетіне дененің барлық салмағын салмаңыз. Мұз үстінде топ адам болса, тізбектеле жүріп, арақашықтықты 5-6 метрге дейін сақтаған жөн. «Сақтансаң, сақтаймын» деген. Әр адамның қауіпсіздігі өз қолында. Ол үшін ескертулерге құлақ түре жүрген абзал.
– Жаңа жыл мерекесі жақындаған сәтте сауда нүктелерінде пиротехникалық заттар орын ала бастайды. Олардан келетін қауіп туралы не айтасыз?
– Негізінен пиротехникалық заттарды үзілді-кесілді тұтынбаған мақұл. Оның зардабын тартып жатқандар да аз емес. Тіпті қол-аяғын, денесін күйік шалғандар бар. Көзіне зақым келгендер туралы да ақпарат тіркелген. Алайда біздің қолымыздан келетіні тек ғана ескерту, айыппұл салу құзыретімізге кірмейді. Күні кеше аудандық полиция бөлімімен арнайы келісім жасалды. Екі жақты бірігіп, базар, дүкендер, кәсіпкерлік нысандарын аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз, полиция бөлімінің қызметкерлері арнайы сертификаты жоқ пиротехникалық заттарды өздерімен бірге алып кетуге құқылы.
– Сіздердің тараптан тұрғындармен қандай жұмыстар атқарылуда?
– Бүгінгі күнге дейін 120 дана улы газдарды сезетін арнайы құрылғы тұрмысы төмен отбасыларға таратылып, үйіне орнатылды. Тағы да тапсырыс берілді. Сенбі күні жеке құрам алты түрлі үнпарақты тұрғын үйлерге таратады. Егер үй иесі рұқсат еткен жағдайда пештің жай-күйін тексеріп, олқылықтардың бар-жоғын анықтай алады.
Кент, қала және барлық ауылдық округтерде су, өрт қауіпсіздігіне ескерту жазылған билбордтар орналасқан. Бұқаралық ақпарат құралдарында бірнеше рет материал жарияланды. Білім бөлімімен, басқа да мекемелермен тығыз байланыс орнатылған. Кәсіпкерлік нысандарында өрт-техникалық жаттығу сабағы өткізіліп тұрады. Онда қызметкерлерге оқыс оқиға орын алған жағдайда арнайы көмек жеткенше не істеу керектігі түсіндіріліп, үйретіледі.
– Уақыт бөліп, кеңес бергеніңізге рахмет.
Әңгімелескен
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА