Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Шыдамдылықты талап ететін мамандық

Шыдамдылықты талап ететін мамандық

1995 жылы Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылған болатын. Осының негізінде 19 қазан Құтқарушылар күні болып белгіленді.
Құтқарушы мамандығының ең басты міндеті адам өмірін құтқару, бұл жоғары және жауапты миссия. Халықтың бейбіт өмірі, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеуде сала мамандарының басты парызы. Апат айтып келмейді. Тосыннан болған оқыс оқиға кезінде азаматтарға бірінші болып көмекке ұмтылатын төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушылары. Оған үлкен жүрек, машық, білім мен білік және тәжірибе керек. Осындай кез келгеннің қолынан келе бермейтін жауапкершілік жүгін арқалаған азаматтардың жұмыс күні қалай өрбейтіні кім-кімді де қызықтырмай қоймайды. Қиын саланың қыр-сырын көзбен көріп, өрт сөндірушінің бір күндік жұмысын оқырманға жеткізу мақсатында Әйтеке би кентіндегі №4 Өрт сөндіру бөліміне бас сұқтық. Есік алдындағы кезекшіге келген бұйымтайымызды айтып, ішке қарай бас сұқтық.
Алдымен бөлім туралы айтсақ, Қазалы ауданының №4 Өрт сөндіру бөлімінің ғимаратында төтенше жағдайлар және өрт сөндіру бөлімі орналасқан. 2008 жылдың 22 маусымында құрылған Төтенше жағдайлар бөлімінде бөлім бастығы азаматтық қорғау майоры Алтынбек Қалиев, бас маман, азаматтық қорғау майоры Дархан Шакен, бас маман, азаматтық қорғау капитаны Еркін Жакей, аға инженер, азаматтық қорғау капитаны Шапағат Ермекбаев, инженер, азаматтық қорғау аға лейтенанты Серікбол Ізімов жұмыс істейді. Мекеме табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, Азаматтық қорғаныс, өрт қауіпсіздік саласындағы жоспарлар мен бағдарламаларды іске асырумен айналысады. Сонымен қатар жылдық жұмыс жоспарына сәйкес тұрғындарға түсіндірме шараларын жүргізіп, қоғаммен тығыз байланыс орнатқан. Қазалы ауданы №4 өрт сөндіру бөлімінің тарихы 1964 жылдан басталады. Сол жылдары кәсіби өрт сөндіру бөлімінің тұрағы Жаңа Қазалы қыстағындағы бұрынғы Большевик көшесіндегі шағын ғимаратта орналасқан. Әр жылдар түрлі өзгерістер болып, бірнеше ғимаратқа көшірілген бөлім қазір Әйтеке би кентіндегі Жанқожа батыр көшесінде орын тепкен. Үш өрт сөндіру автокөлігіне арналған өрт депосы, сондай-ақ Қазалы қаласында екі өрт сөндіру автокөлігіне арналған сөндіру бекеті бар. №4 өрт сөндіру бөлімінде 5 өрт сөндіру автокөлігімен қамтамасыз етілген. 49 қызметкер еңбек етеді. Мекеме ғимараты 2011 жылы кеңейтіліп, күрделі жөндеуден өткен. Бөлім бастығы Ғабит Ниеталиев.
Бұндағы жұмыс күні қызу тірлікпен басталады. Егер белгілі бір жерде тілсіз жаудың ұшқыны шықса, ең бірінші қоңырау дабылы осы мекемеге түседі. Арнайы тұтқада отырған кезекші диспечер оқиға болған орынды анықтап, жақын маңдағы өрт сөндіру көлігін жіберуді жедел қолға алады. Лаулаған оттың көп аймақты шарпымағаны анықталса бір ғана көлік жетіп барады. Себебі, тонналап су тиеген бір көліктің күші жалынның бетін қайтаруға қауқарлы. Үй, қойма, зауыт секілді үлкен ғимараттар мен орманды алқаптар өртене бастаса көптеген көліктер, сонымен қоса өзге де қауіпсіздік техникалары жөнелтіледі. Дабыл қоңырауы түскен жерге бірінші болып жеткен өрт сөндірушілер ең бірінші арнайы құбыршекті жақын маңдағы су ағатын құбырларға болмаса көліктің су сақтайтын бөлігіне қосады. Қызыл жалынның беті қашан қайтатынын ешкім білмейді. От ортасында қалып қойған жандарды құтқару үшін өрт сөндірушілер лаулаған жалынға кіруге тура келеді. Осы тұста өрт сөндіруші болу үшін ең бірінші сіз детектив секілді жұмыс жасай білуге машықтанған маңызды. Қайда бара жатқаныңызды, қандай құжаттарды алу керегін және қандай алғашқы көмектерді жасау керек екенін білу басты міндетіңіз. Бойдағы шыдамдылық пен күш-қайраттың да құтқару шаралары кезінде маңызды рөл атқаратыны анық.
Ғимарат ішін аралатып, өрт сөндіру құрылғыларының қызметімен таныстырған бөлім инженері азаматтық қорғау аға лейтенанты Серікбол Ізімов:
– Бұл мамандық иелері мынадай қағидалардан сүрінбей өтуі тиіс. Номативтерді жақсылап тапсыру, шыдамды әрі күшті болғаныңыз дұрыс. Кейде, биік ғимараттардан тек заттар ғана емес адамдарды да түсіруге тура келеді. Сондықтан, қандай күш керектігін бағамдай беріңіз. Арнайы техниканың барлық қыр-сырын меңгеру керек. Алғашқы көмек көрсетудің жолдарын білу маңызды. Өз денсаулығыңыздың үнемі бақылап отыру қажет, – деп кеңесімен бөлісті.
PS:Қай уақытта болсын құтқарушы мамандығының мәртебесі биік. Өйткені, олар адам өмірін құтқарумен айналысады. Су тасқыны, өрт, түрлі апаттар, тіпті қарапайым тұрмыстық жағдайларда орын алатын тосын оқиғада ең бірінші құтқарушылардың көмегін сұраймыз. Лаулаған оттың ортасына кіреді, қансыраған адамды құтқарып, қатыгез қыстың аязында қалғандарға қолұшын созады. Алайда, олар мұны ерлік деп есептемейді. Күнделікті қызметіміз деп қарайды.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА

19 қазан 2019 ж. 2 135 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031