Қайсарлығымен Қабанбай атанған
XVIII ғасырдағы Жоңғар шапқыншылығы тұсында қазақтың еліне пана, жеріне қорған болған ержүрек батырлар аз емес. Солардың арасындағы шоқтығы бөлек бірегейі – Қаракерей Қабанбай. Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданындағы Барлық тауының етегінде 1692 жылы кіндік қаны тамған баһадүр бабаның дүниеге келгендегі азан шақырылып қойылған есімі Ерасыл екен.
Оның ат арқасына қонып, оң-солын таныған кезде қалай Қабанбай атанғаны жөнінде ел аузындағы әредік айтылып жататын аңызға бергісіз әңгімелерді кейде құлағымыз шалып қалады. Осындай шындыққа жанасатын нақты деректерді Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қабдеш Жұмаділовтың «Дарабоз» атты тарихи романынан жолықтырдық. Бұны басқалар да біле жүрсін деген ниетпен көптің назарына ұсынғанды жөн көріп отырмыз.
Жазушы келтірген мәліметтерге сүйенсек, Ерасыл он алтыдан он жетіге қарағанда қалмақ шебіне жасырынып барып, ойраттың Өлжежырғыл деген ноянын өлтіріп, шалғайдағы Керей еліне өтіп кетеді. Сондағы апа-жездесінің қолында тұрады. Қамбар ата үйірін күзетіп, асауға тұсау сала келе ара-тұра жортуылға да шығып қояды.
Күндердің күнінде Зайсан көлі жағасында жылқы қайырып жүріп, бір топ жабайы шошқамен ұшырасып қалады. Қамыс арасынан шыққан құнан өгіздей қара қабан Ерасылға оқтай атылады. Іле әбжіл қимыл танытуының арқасында жандармен алқымынан найза салады. Бойлап сұғылған қаруды босатып аламын дегенше қалың қопадан екіншісі шыға келеді. Бұл жолы найза сілтеп үлгермей, астындағы аты омақаса құлайды. Дала жыртқышының пышақтай азу тісі қыл құйрықтыны шаптан шалып, жануардың ішек қарнын ақтарып тастайды.
Ескірмейтін тарихи оқиғаның кім-кімді де ынтық етер тұсын қаламгер көңілге қонымды етіп, ерекше әсермен жеткізеді. Шығармадағы «Бұл жығылған аттың үзеңгісінен аяғын босатып, тұрам дегенше, әлгі сонадай жерге ағындап өте шыққан қабан кері бұрылып, бұған қарай өңмеңдеп ұшып келеді екен. Енді неде болса жаяу айқасуға тура келді. Ақ сояу тіс пен ақ найзаның қайсысы бұрын тиері белгісіз. Қас пен көздің арасындай ғана уақыт. Әлі ентігін басып үлгермеген еді, өндіршекке кезелген ақ найза тайқып кетіп, тақыр қолтықтың астынан қадалды. Ерасыл да найзаны бар күшімен сермеген-ді, оған ағындап келе жатқан қабанның екпіні қосылып, ұңғысына дейін еніп кетті. Сірә, найзаның ұшы жүректі жарып өткен болар, қара қабан серең етіп, құлап түсті...
Мұның қасында жүрген өзі құралпы балаң жігіт мана қабанның қарасын көрісімен-ақ ауылға қарай тұра шапқан екен, сол барып бүкіл елді дүрліктіріпті. Ауыл адамдары шапқылап жеткенде, Ерасыл шабы жарылған атты бауыздап тастап, бір тастың үстінде демалып отырған-ды. Екі жерде екі қабан жатыр теңкейіп. Ерасылдың аман отырғанын көргенде, Бердәулет жездесінің қуанғанын айтпа! Балдызын қапсыра құшақтап, екі бетінен алма-кезек сүйе берген.
– Өй, сен өзің жігіт екенсің ғой. Батыр деп мына сені айт! – дей береді әлсін-әлі. – Өңкиген бойы ғана ма десем... Батыр болғанда, нағыз Қабанның өзі екенсің. Уа, жарандар, мұның атын бүгіннен бастап «Қабан батыр» деп атайық! – демесі бар ма?» – деген жолдарды оқығанда жалын жүректі жанның басына қауіп төнген сәттегі батылдығы мен өжеттігіне қайран қалып, ерлігіне бас иесің.
«Ердің атын ел шығарады» емес пе?! Білекті де өр мінезді жігіттің жапан даладағы тағы өскен жабайы шошқалармен арпалысы мен жездесінің аман-есен қауышу үстіндегі көңілдене жария қылған бір ауыз сөзі лезде дүйім елге тарайды. Сонан бастап ол аяқ астынан «Қабанбай батыр» атанып кетеді. Бұла күші бойында бұлқынған сол жігерлі бозбала ақырында жатса да, тұрса да ел-жұртының қамын ойлайтын арыстандай айбатты азамат болады. Тосыннан қауіп төніп, жау жағадан алғанда сарбаздар тобын басқарып, алғы шептен көрінеді. Сауырдағы шайқаста Ерасыл ойрат батыры Долан Дашыға қарсы жекпе-жекке көпшілік берген жаңа атаумен шығады. 1718 жылғы Аягөз шайқасына да Қабанбай атымен қатысады. Түркістан қорғанысы мен Бұланты, Аңырақай – Алакөл, Шыңғыстау, Ертіс бойындағы қақтығыста да айрықша батылдық көрсетеді. Мың өліп, мың тірілген халқымыз «Ақтабан шұбырындыға» ұшыраған ауыр күндерде де Қабанбай есімі жұртшылық арасына кеңінен таралады. Қасірет-қайғы көрген халықтың жүрегіне рухани күш беріп, еңсесін көтереді.
Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – ұран. Қазақ елін Жоңғар басқыншыларынан азат ету жолында басын бәйгеге тігіп, жүзден астам қанды қырғын шайқасқа кірген, қайтпас қайсар батыр бабаның ғибратты өмірі бүгінгі және болашақтағы ұрпақ жадында мәңгілік сақтала береді. Өйткені ол елі мен жерін жанындай жақсы көріп, Отансүйгіштіктің шынайы үлгісін көрсеткен ұлтымыздың асыл перзенті, тұрпаты келіскен тарихи тұлға.
Сахи ҚАПАР