Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Еңбегімен елеулі болған

Еңбегімен елеулі болған

Аманкелді – ауыл перзенті. Оның әкесі Аманбай Ұлы Отан соғысының от-жалынын бастан кешірсе, шешесі Меруерт тылдағы тынымсыз тірліктің ауыртпалығын көтерген. Осындай ата-ананың тәрбиесін көріп есейген ол кездескен қандай қиыншылықтар болса да мойымай, жігерлі болып өсті.
Мектептен кейін, жиырма жасында арнаулы оқу орнын бітіріп, кіші агроном мамандығын алды. Уақытпен санаспайтын, ауылшаруашылық жұмыстарына араласып, еңбек жолын бастады. Жалын жүректі, ісіне мығым, тындырымды жігіт тапсырылған жұмыстарды ыждағатты атқарды. Соның нәтижесінде Карл Маркс атындағы кеңшардағы бөлімше агрономдығын меңгеріп, егінші қауымның жанашырына айналды.
1966 жылы жаңадан құрылған Октябрь кеңшарында қызметін жалғастырды. Қандай жұмыс болса да тартынбай, бел шеше кірісіп, ел сүйіспеншілігіне бөленді.
Бұған дейін шаруашылықта тындырымды еңбек етіп, таңдаған мамандығының қыр-сырын жақсы меңгере білген Аманкелді аудан басшыларының үнемі назарында болды. 1973 жылы Майдакөл кеңшары ашылғанда директор болып тағайындалған Киікбай Әймішовтің де таңдауы Аманкелдіге түсті. «Маған жақсы маман керек» деп аудан басшыларына өтініш айта жүріп, бас агрономдыққа бекіттірді.
Сөйтіп Аманкелді бұл кеңшардың іргетасын қалаушылардың бірі атанды. Бейнеті мол күріштен мол өнімге қол жеткізіп, ауылшаруашылық дақылдарын өсірудегі тәжірибесі басқаларға үлгі етілді. Көптеген дихандар мен механизаторлар озаттар қатарынан орын алып, мерейлері өсті. Аманкелдінің тәжірибелі мамандары қатарында атағы шығып, аудан, облыс көлемінде жұмысқа шақырушылар көбейді. Бірақ оның туған жерді тастап, басқа жаққа кетуге дәті шыдамады.
1985 жылы Майдакөл кеңшары Түктібаев атындағы кеңшармен қосылғанда өз қалауымен егіс бригадирі болып баруға келісімін берді. Уақытпен санаспай егіс даласында, дихандар мен механизаторлардың арасында болды. Науқанды жұмыстардың қарбалас шағында қатардағы еңбеккерлермен бірге кетпенді құлаштай шауып, су кешіп, атыз аралап жүре беретін.
Бірде көктемгі егіс барысын өз көзімен көруге шыққан аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Елеу Көшербаев ауылдан шалғайдағы егіс басында егіншілермен бірге жүрген егіс бригадирін көрді. Дихандармен атыз басында бөгеу бермей жатқан суды кешіп, тер төге кіріскен Аманкелдінің қажырлы қимылына сүйсініп:
– Айналайын Аманкелді, сен шақырған лауазымды жұмыстарға бармай, еңбектің ең ауырын таңдаған екенсің. Жарайсың, ер азамат осылай болуға тиіс. Саған ризамын, еңбегің жана берсін. Ұрпағыңа өнегең үлгі болсын, бақытты бол! – деп шын жүректен шыққан батасын берген екен.
«Жақсы сөз – жарым ырыс» деген. Аманкелдінің төбесі көкке жеткендей болды. Қиыншылықтың бәрі ұмыт болып, ісіне ерекше жігермен кірісті. Соның нәтижесінде егін бітік шығып, өнім мол болды, қырман астыққа толды.
«...Түлкібай елден озған тарлан едің,
Жетпістен өнім беріп, тағы ерледің.
Алпысбай, Аманкелді қатарласып,
Алпыстан ел ризығын жиып бердің», – деп жергілікті ақын, жырау Жұбан Жұбаназаровтың да жырға қосып, «Елімнің айналайын ерлерінен» атты өлең арнаған кезі де осы жылдар еді.
Аманкелдімен алғаш рет қызмет бабында танысқан едім. Аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы ретінде негізгі жауапты міндеттермен бірге аудандағы егіншілікпен айналысатын шаруашылықтардағы партия ұйымдарының жұмыстарын үйлестіру жүктелген болатын. Ауылдық жерге барсақ, бірінші кезекте бастауыш партия ұйымына ат басын тірейміз. Өмір бойы туған жерінде еңбек етіп, өндірістен қол үзбей оқып, жоғары білім алған тәжірибелі маман, ұйымдастырушылық қабілеті мол, әрбір адамның тағдырына жанашырлықпен қарап, ортақ тіл табыса білетін Аманкелді Аманбаевты Майдакөл кеңшарындағы партия ұйымының есебінде тұратын коммунистер қалап, партбюро хатшылығына бірауыздан сайлаған.
Аңқылдаған ақкөңіл жігіт ағасы әңгімелесе бастағаннан бұрыннан сырлас адамдай жұмыс барысын бүге-шігесіне дейін қалдырмай жайып салған. Тынымсыз қарекетті қажет ететін шаруашылықтың сапырылысқан тірлігімен бірге мәдени-көпшілік, бұқаралық жұмыстарды, жандандыру жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу жайын тілге тиек еткен.
Бірнеше жыл жұмыстас болғанда Аманкелдінің көрсетілген сенімге сай атқарған келелі істерінің куәсі болдық. Халқының ортасында жүріп, ақыл-кеңестерін беріп, тың бастамалар көтерді. Тегіне тартқан азамат реті келгенде қиналғандарды демеп, жетім-жесірлерді жебеп, қолынан келген көмегін аямады. Ағайын-туысқа жанашырлықпен қарап, қуанышына ортақтасып, қайғыларымен бөлісті. Аманкелдінің жанқиярлықпен атқарған үлгілі тірліктері осы кезге дейін ел аузында жүр.
Тәуекелге бел байлап, халықты жұмылдырып, Кеңес Одағының батыры Үрмәш Түктібаев пен соғыстан оралмаған жерлестерге арналған ескерткіш орнату, «Тағзым» алаңын қайта жаңғырту, заманында халық батыры атанған, Асан бабасының ұрпағы Өмірқұлұлы Тоғыс атаға биік Қаратөбенің басынан ескерткіш белгі орнатып, оған дүниенің әр түкпірінде жүрген ұрпақтарын жинап, ас беру, жер бетінен жойылуға қараған Әмәли қорымында жерленген өліаруақтардың есімін түгендеп ескерткіш тақта қою, «Орынбет ишан» мешіті орналасқан жердегі бабалар қорымын қоршау, тілеухана салуда Аманкелдінің қосқан үлесі аз емес. Ауылдастары мен аталас ағайындарына бастамашы болып, сауапты да игілікті істерді атқаруда «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дегенді ұран етіп, елді ізіне ерткен, ұйымдастырушылығын ешкім жоққа шығара алмайды.
Ауданда 1991 жылы өсімдіктерді қорғау мекемесі жаңадан ашылғанда аудан басшысы Жарылқасын Шәріпов білікті маман деп, басшылыққа Аманкелдіні ұсынды. Отбасының ауырлығын, балаларының жастығын ортаға салып, ауылдан аудан орталығына қоныс аударудың қиындығын қаншама айтқанмен, болмаған соң келісімін берді. Жауапкершілікті мойынға алғаннан кейін бар қиындыққа төзді.
Аманкелді әр жылдарда мекеменің аты өзгергенмен заты бір осы мекемені он бес жыл басқарып, 2006 жылы зейнеткерлік демалысқа шықты. Алайда, қырық төрт жыл көрген бейнеттің зейнетін ұзақ көре алмай. 2008 жылдың тамыз айында алпыс алты жасында дүние салды.
«Орнында бар оңалар» деген. Бұл күндері өмір бойы шәкірт тәрбиелеген білікті ұстаз, бибі ана Гүлжаһан Аманкелдінің шаңырағын шайқалтпай отыр. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, олардан өрбіген он бес немере мен төрт шөберенің қызығын көруде.
Ауданның ауыл шаруашылығы саласына қырық екі жыл еңбегі сіңген, кезінде аудан, облыс басшыларынан талай мадақ, марапат иеленіп, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасын алған атпал азаматтың есімін ауылдас¬тары ешқашан естен шығармасы анық.
Шамша АЙТУҒАНОВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.

28 шілде 2018 ж. 1 984 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930