Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ізгілікті із қалдырған

Ізгілікті із қалдырған

Соғыс және еңбек ардагері Оңдалы Сердалыұлы Кітабалиев. Бұл есім сылаңдай аққан Сырдарияның теңізге құяр сағасына таяу аумақтың батыс бетін қоныс еткен ауыл тұрғындарына етене жақын.
Оңдалы 1920 жылы Қазалы ауданының қазіргі Ү.Түктібаев ауылына қарасты «Жалпақ» учаскесінің «Қасқа төбе» деген жерінде жарық дүние есігін ашқан. Сол мезгілде Ұлы Октябрь революциясы Кеңес Одағының барлық аймақтарында толық орнап, социалистік жүйенің жаңа құрылымы айналаға үстемдігін бекем жүргізе бастаған.

Кеңес үкіметінің мөлшерден тыс салған салығы тұрғындарды құрсаулы қыспағына алды. Соның кесірінен еліміздің жер-жерлеріндегідей Қазалының шаруалары да көтеріліске шықты. Мұның құрамындағылардың басым көпшілігі Асан аталығының ұрпақтары болғандықтан халықтық қозғалысқа «Асандар көтерілісі» деген атау тағылады.
Аталған шаруалар толқуының арасында Оңдалының әкесі Сердалының ағалары Кітабалы, Айталы және інілері Кенжалы, Баймахан да болады. Сәтін салғанда барлығы да жазалаудан құтылып шығады. Алайда, көтерілістен кейін ұзамай Кенжалы қайта ұсталып, ату жазасына ілігеді.
Әулет басына төнген нәубетті жасымай-мойымай көтерген Оңдалы мектептегі білімін толықтыру үшін жоғары оқу орнына барады. Қызылорда қаласындағы педагогикалық институтына құжаттарын тапсырғанында ондағылар мұның ағайынының мемлекеттік мүддеге қарсы топтың ортасында болғандығын алға тартады. Бозбала жігіттің ұшқыр көңіліндегі арман желкені желге ұшады.
Ақиқатшыл адам абыржымайды. Бойында күш-жігері жалындаған жас бұл сәтсіздікке түсіністікпен қарап, өзін-өзі іштей қайрап, алған бетінен қайтпады. Ойланып, толғана келе Қызылорда облысынан өзге аймақтағы оқу орындарын сағалап көргенді жөн санайды. Сөйтіп, Семейдегі финанс техникумының босағасынан жүрексіне аттайды. Жолы болып, аталған оқу ордасына қабылданады.
Қолына орта арнаулы білімі жөніндегі құжатын алған бойда аудандағы он жеті колхоздың үстінен қарайтын қаржы агенті қызметіне кіріседі. Сол тұста Германия фашистері бейбіт жатқан елге тұтқиылдан шабуыл жасап, Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан қысталаң күндер еді. Оңдалы мамандар тапшылығына байланысты майдан шебіне алынбай кейінге қалдырылып жүрген. Ұзамай 1944 жылдың қоңыр күзінде аудандық әскери комиссариат арқылы Отан қорғауға аттанды.
Гвардиялық артиллерия құрамындағы қанды­балақ достарымен бірге ел азаттығы жолындағы жолыққан қиындықтарға төзімділік көрсетті. Румыния жеріне табан тірегендерінде: «Кеңес әскерлері Жеңіске жетті. Германия жеңіліс тапты!» деген жүрекжарды жаңалықты естіді.
Неміс-фашистерінің тұмсығы тасқа тиіп, Қызыл Армияның жеңіс туы жоғары желбіресе де, туған жерге қайтудың орайы келмеді. Бұдан әрі Батыс Қиыр Шығыстағы Жапонияға қарсы соғысқа қатысты. Кеңес Одағы мен Моңғолия Қарулы Күштерінің бірлесе жүргізген бұл ұрыс қимылдары жойқын жағдайда өтті. Алай-дүлей алапат үстінде асқан ерлік көрсетіп, өмірімен қош айтысқан қаруластары аз болмады. Әйтеуір «Күн жаманы кетер» дегендей қауіп-қатер мен қиын-қыстауға толы кезең де артта қалды. Қан-кешті майдангерлік жорығын 1947 жылы аяқтап, қасиетті Қазалы жерімен қайта қауышты.
Отызды алқымдаған жігерлі жігіт атажұрт төсіне оралысымен соғыс зардабын көріп, әбден тұралаған елдің тірлігін тіктеуге аянбай үлесін қосуға бекем кірісті.
1947-1950 жылдары Қазалы аудандық шикізат дайындау орнында, май өндірісі мекемесінде инспектор, Октябрь колхозында есепшілікті атқарып, сала жұмыстарының жандануына атсалысты.
1950-1962 жылдары Майдакөл, Карл-Маркс, Жаңақұрылыс елді мекендерінің тұрғындарына қызмет көрсететін Ворошилов колхозында пошта бөлімшесінің бастығы болды.
1963-1965 жылдары Қазалы қаласындағы ауылшаруашылығы техникумының зоотехниктер дайындайтын бөлімінде оқыды. Дипломын алған күні әкесіне ата кәсіппен айналысқысы келетін ойын айтып, ақ батасын алды.
Ата-анасының ықылас ниеті мен таңдаған мамандығына деген қызығушылығының әсері шығар Оңдалының бұл саладағы қадамы құт әкеліп, абыройы биіктен көрінді. 1971 жылға дейін Карл Маркс атындағы совхоздың ірі қара фермасында бас зоотехниктікті мінсіз атқарды. Мал басын көбейтіп, ет, сүт өндіру жоспарының асыра орындалуына қол жеткізілді.
1971-1980 жылдары Ү.Түктібаев (бұрынғы Октябрь), Майдакөл совхозындағы сиыр фермасына басшылық жасап, бақташы, сауыншылар және механизаторлармен жылы тіл табысып, ортақ шаруаларға жұдырықтай жұмылдырды. Білікті маман басқарған ферманың мал өнімдерін молайтудағы іс-тәжірибелері басқаларға үлгі етілді. Өндіріс орны базасында бордақылау мен сүттің майлылығын арттыру бағытында бірнеше мәрте малшы-сауыншыларға арналған облыстық семинар-кеңестер ұйымдастырылды. Табысы тасыған ұжым еңбек озаттары көшін бастады. Социалистік жарыс жеңімпазы атанып, бағалы сыйлықтар, грамота, алғыс хаттар иемденді.
«Бірлік түбі – береке» қағидатын берік сақтай жүріп өзекті мәселелерді әріптестері ортасына салып, еркін талқылау арқылы шешуді есінен шығармады. Сөйте келе, Әбжами Байшуақов, Әубәкір Тыныбаев, Қозтай Әбуов, Қаһарман Табынбаевтай аудан басшыларымен, Сақыбай Нармағамбетов, Рәматулла Мусаев, Жалпақбай Нұрмағанбетов, Махамбетжан Жеткербаев, Оқан Рахметов сияқты шаруашылық директорларымен қарым-қатынас тінін ширатып, ағалы-інілі сыйластықтан айнымады.
1967-1982 жылдары Карл Маркс атындағы совхоздың директоры лауазымын атқарып, іргелі ауылдың өсіп-өркендеуіне белсене араласқан еңбек ардагері Сақыбай Нармағамбетов:
– Оқаңмен 1963 жылдары аудандық өндірістік басқармасының бас инженерлігінде жүргенімде таныстым. Ағамыз Қазалы қаласындағы ауыл­шаруашылығы техникумын бітірген бойда мал шаруашылығына кірісті. Сонда мен басқарған совхоздағы тауарлы сиыр фермасында зоотехник болып істеді.
Шаруашылықта 37 мың қой, 2,5 мың жылқы, 800 түйемен бірге 6 мыңнан астам сиыр бағылды. Оқаң ірі қара малының жай-күйін талапқа сай жүргізді. Әрдайым әдістемелік кітаптарды көп оқып, білімін толықтырып отыруға уақыт табатын. Ферма ұжымы ет, сүт өндіру мен төл алу жос­парлары межесінен көрінді. Өгізшелер 300-350 келіден өткізілсе, әрбір жүз сиырдан 70-80 бұзау өргізілді, – дейді.
Ү.Түктібаев ауылының «Жалпақ» учаскесіндегі сиыр фермасында бірі малшы, екіншісі сауыншы болған ерлі-зайыпты Айзада мен Мешітбай Өтеулиевтер де өткен күндер естелігін ақтарыла жеткізді. Мешітбай: «Оқаң ағамыз әріптестерімен тіл табысқыш, жұмыстың орайын танығыш, білікті басшы еді. Қарамағындағы сауыншылар, малшылар мен механизаторлардың жақсысын асырып, кейбір кемшіліктеріне кешіріммен қарайтын. Малдың түсін бір көргенде-ақ есіне сақтап, жақсы айыра білетін.
Менің жүз сиырға шаққанда 85-90 бұзау­дан алып, Коммунистік партия қатарына қабыл­дануыма ықпалын тигізді» деген пікірін ортаға салды.
Ал оның зайыбы, бүгіндері Қазалы ауданының құрметті азаматы Айзада апа: «Өндірісте Қазына Бәйімбетова, Күнқияш Бақбергенова, Бақыткүл Әбдешовадай сауыншылармен қатарласа еңбек еттім. Сол жылдарда ағамыздың біраз тәлім-тәрбиесін көрдік. Ол қоғамдық іс барысындағы кемшілікті тура айтатын, әділдікті қалайтын жан болды», – деп отағасы Мешекеңнің әңгімесін жандандырды.
Ауыл шаруашылығы саласының қайнаған ортасында болса да Оқаң отбасы тұрмысы мен бала тәрбиесін де естен шығармаған. Соның арқасында оның Рысты, Серікгүл, Мағыпырат, Талғат, Таңырқат атты балалары бір-бір отбасының егесі атанып, Оңдалы әулетін мәуелі бәйтерекке айналдырды.
«Біздің әкеміз балаларының оқығанын, жоғары білім алғанын қалайтын. Мен техникумнан әрі аса алмадым. Оның үстіне кеңестік жүйе ата-тегімізден саяси кілтипан тауып, Коммунистік партия қатарына қабылдамады. Ферма меңгерушілігінен артыққа бара алмадым. Сендер өсіңдер, өркендеңдер деп отыратын», – дейді оның үлкен қызы Рысты.
Елін сыйлаған ер – еңселі. Қазалы өңіріндегі мал шаруашылығы саласының өсіп-өркендеуіне қажыр-қайраты, терең білімімен қомақты үлесін қосқан еңбек және соғыс ардагері Оңдалы Сердалыұлы Кітабалиевтың еңбектері елеусіз емес. Абзал азамат майдангерлер қатарында «Жапонияны жеңгені үшін» медалін, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденін, «Жеңістің 30 жылдығы», «Жеңістің 40 жылдығы», «СССР Қарулы күштеріне – 60 жыл» мерекелік медальдарын кеудесіне тақты. Бейбіт заманды дамытудағы қажырлылығы үшін 1975-1976 жылдары «Социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгісін алып, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Аудан, облыс басшылары атынан алған мақтау грамоталары мен ақшалай-заттай сыйлықтары бір төбе.
Тағы бір шынайы құрметтің белгісі ардақты ардагерге аудандық ономастикалық комиссияның ұсынысы, аудандық мәслихаттың шешімі бойынша 2017 жылы Майдакөл ауылы орталығынан көше атауы беріліп, есімі есте қалдырылды.
Дана халқымызда: «Бұл дүниеде жасаған жақсылық, істеген қайрымды істерің, қалдырған сөздерің мәңгілік тозбайды. Олар сен туралы ұдайы сөйлеп тұрады» деген ұлағатты ұғым бар. Олай болса ғибратты ғұмыр сүріп, соңында өшпестей үлгілі із қалдырған еңбек және соғыс ардагерін ауылдастары ешқашан ұмытпайды.

Сахи ҚАПАР,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

19 маусым 2018 ж. 1 110 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930