Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Еліне қадірі артқан

Еліне қадірі артқан

Қоғамдық тірліктің бел ортасында жүріп, қажырлы еңбегімен, өнегелі ісімен білім-білігімен, бүкіл адамгершілік асыл қасиетімен танылып, әрдайым халықтың аузында жүретін азаматтар болады. Солардың бірі біз бүгін айшықты өмір жолын айтқалы отырған Әбжали Бердіхалықов.
Ол 1939 жылғы 22 шілдеде Қазалы ауданының №7 Коммунизм ауылында дүниеге келген. Әкесі Бердіхалық Ұлы Отан соғысының ардагері болса, анасы Сәнім үй шаруашылығымен айналысқан. Әбжали Берді­халықұлы 1947 жылы Коммунизм ауылындағы мектепке барып, 7 сыныпты 1954 жылы тәмамдайды. Бұдан кейін Қазалы қаласындағы В.М.Молотов атындағы №17 орта мектепті 1957 жылы «Күміс» медальмен бітіреді. Жасынан білімді бірінші кезекке қоятын жас Қазалы қаласындағы малшы балаларына арналған пансион-интернатында тәрбиелене жүріп, түрлі мәдени іс-шараларға қатысады. Мектеп басшылығы өз ісіне жауапты, тындырымды екенін, әсіресе қоғамдық жұмыстардағы алғырлығын байқап, жастар жетекшілігіне саптайды.
Арман қуып, 1957 жылы Ташкенттегі Орта Азия университетінің химия факуль­тетіне оқуға түседі. Оқу орнын 1963 жылы қызыл дипломмен бітіріп, химик-неорганик зерттеуші (ғылыми қызметкер) және оқытушы мамандықтарын алады. Оқу министрлігінің жолдамасымен Самарқан университетінің аналитикалық химия бөлімінде қызмет атқарады. 1965 жылы Шымкент қаласындағы политехникумда «Химия мен химия техноногиясы» кафедрасында оқытушы болып жалғастырады. Осы жылдың соңында отбасылық жағдайына байланысты, ата-анасының тілегімен туған жер төсіне оралады. Қазіргі Бозкөл ауылындағы №96 орта мектепте 1966 жылдың қазан айынан бастап, 1970 жылдың қыркүйек айына дейін шәкірттерге химия пәніне сабақ береді.
1970 жылғы оқу жылында Кәукей ауылындағы №225 сегізжылдық мектептің директорлығына тағайындалады. Маман тапшылығы, қажетті құралдардың жетіспеушілігі сияқты қиындықтармен бет-бет келді. Білім ордасына білікті ұстаздарды тартып, шәкірттер тәрбиесін жақсартудың озық әдіс-тәсілдерін енгізудің жолдарын жан-жақты қарастырды. Соның әсері шығар оқу-тәрбие үдерісі жақсарып, 1977 жылдан бастап білім шаңырағы орта мектепке айналды. Ауылдағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасы мүшелері есепке алынып, мүмкіндігінше мектепке жұмысқа орналасуларына жағдай жасады. Ол кісі өз қызметімен қоса ауыл арасындағы қоғамдық істерге де белсене араласудан шет қалмады.
№225 мектептің қазіргі директоры, аудандық мәслихат депутаты, Дөңес Кенжебайұлы «Халқымызда «Өз ісінің маманы» деген ұлағатты тіркес бар. Әбекең осындай мәртебеге лайық жан болды. Ел мүддесі үшін елеулі еңбек атқарып, уақытпен санаспай жұмыс жасаған азаматтың абыройлы жолы барша ұстаздар қауымына үлгі. Оның ауыл халқы мен балаларының болашағы үшін жасаған игілікті істерінің барлығы да бағалауға тұрарлық», – деп ақ пейілін ақтарыла жеткізді.
Әбжали ағайдың туабітті текті қасиеттерінің бірі – қарапайымдылығы еді. Әсіресе жоғары лауазымды шенеуіктерге тән келетін мансапқорлық пен тәкапарлық оның бойында атымен жоқ болатын.1971-1982 жылдар аралығында ауылдық Кеңестің депутаты, ауылдағы бақылау комитетінің председателі міндеттерін атқарған ол кісіге көмек сұраған, ұсыныс – пікір айта келген тұрғындар көп болды. Ал, Әбжали аға болса, өзіне жарасымды ұқыптылығымен олардың бірде-біреуін ескерусіз қалдырмайтын. Әсіресе орынсыз жәбір көрген адамдардың есесін түгендеп,заңдылықты қалпына келтіруге аянбай кірісетін. Абзал тұлғаның ұзақ жылдарғы адал еңбегі зая кетпеді.Орта мектепте жұмыс жасаған кездері педагогикалық оқуларға қатысып, оқыту методикасы мен химия пәнін жетілдіре өткізудің әртүрлі әдістемелерінен баяндама жазып, оны аудан мектептеріне озат тәжірибе ретінде таратқан. Ол 12 рет аудандық, 4 рет облыстық 2 рет республикалық педоқуларға қатысып, мадақтамалардың иесі атанған.
Жоғары санатты мұғалім болды. 1981 жылы «Қазақстан Респуб­ликасы Білім беру ісінің озық қызметкері» атағын алған. 1996 жылы білікті басшы, құрметті ұстазды ұжымдастары құрметеп зейнеткерлікке шығарды. Зейнеткерлік жасына келісімен ауылдағы ардагерлер кеңесінің төрағасы болды. Ауыл халқы бұл кісіні «Абыз» дейтін. Қашанда осы атауға лайықты бола білген Әбжали қазіргі Кәукей ауылы атауының шығу тарихын зерттеп, ғылыми негізде қалыптасуына өз үлесін қосқан бірден бір тұлға. Осы бір сөзімізге ауылдағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Нәби Арзиевтің пайымды пікірі дәлел бола алады. «Адам өмірінің өлшемі тіршілік еткен күндермен емес, ғұмырындағы мәнді тірлігімен қатар елге тигізген пайдалы ісімен есте қалады. Әбекең артына өнегелі із қалдырған ардагер ұстаз. Ауыл ішіндегі қиын түйінді мәселелердің өзін әріге жібермей дуалы сөзімен, ақсақалдық ақылын айтып шешіп отыратын. Көптеген ауыл ақсақалдарына үлгілі көшбасшы, жастардың жанашыры болатын. Ауылдың әлеуметтік жағдайының жақ­саруына, қарапайым жұмыс­шылардың тірліктерінің түзе­луіне тікелей ұйытқы болды. Адамгершілігі мол, ауыл халқы үшін ең бір мейірбан жан еді», – дейді ол.
Әбжали зайыбы Ақдүзел Жұмамұратова екеуі 10 бала тәрбиелеп өсірді. №225 мектепте 20 жыл кітапханашы болған Ақдүзел 1993 жылы зейнетке шыққан. «Батыр ана» азаматымен бірге ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Балалары мен қыздарының бәрі де аудан, облыс, республика көлемінде әртүрлі мамандықты игеріп, беделді қызметтер атқаруда. «Қырандар түлегін қияға самғатып баулиды» демекші, оның білім берген талай шәкірттері еліміздің түпкір-түкпірінде Қазақстанның өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосып жүр. Сонымен қатар әкесінің жолын қуған қызы Жадыра Бердіхалықова химия пәнінің мұғалімі. Республикалық кәсіби байқаулардың жүлдегері, үлгілі мұғалімнің шәкірттері де шыңдарға шығып жүрген жайы бар.

Жанат АХАН,
Кәукей ауылы.

06 ақпан 2018 ж. 1 617 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 30

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930