Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Абырой биігіндегі азамат

Абырой биігіндегі азамат

Кейбір сыпайы, мінезі жібектей адамдарды «кішіге сызылып, үлкенге иіліп тұрады» деп жатамыз. Біздің бүгінгі тілге тиек еткелі отырған кейіпкеріміз де сондайдың нақ өзі. Қашан көрсең де оның тапсырылған істі ыждағатты, мұқият, тындырымды орындауға күш салып жүргенін көресің. Жұмысы бас­тан асып жатса да асып-саспайды. Бірқалыпты мінезінен ауытқыған емес.
Бозкөл ауылындағы №96 орта мектебін ойдағыдай аяқтаған Темірхан жүрек қалауымен Қарағанды мемлекеттік медицина институтына оқуға түсті. Жоғары білім алысымен 1978 жылы Қазалы аудандық санэпидстанция мекемесінде бөлім меңгерушісі болып еңбек жолын бастады. Сонан бергі бар тірлігі осы саланың отымен кіріп, күлімен шығып келеді. 1983 жылдан бастап 7 жыл аудандық залалсыздандыру станциясының бас дәрігері, 5 жыл аудандық сан­эпидстанция бас дәрігерінің орынбасары, 10 жыл аудандық санэпидстанция ұжымының бас дәрігері, 12 жыл аудандық сараптама орталығының директоры болып, басшылық қызмет сатыларынан өтті.
Ол қырық жылдық еңбек өтілі ішінде аудан халқының денсаулығын сақтау ісіне байланысты шар­уаларды ынта-ықыласымен атқарды. Өзін білікті маман, талапшыл, ұйымдастыру қабілеті жоғары, іскер жан ретінде көрсете білді. Әсіресе, адам өміріне өте қауіпті жұқпалы індеттердің алдын алу шараларын ұтымды ұйымдастырды. Осыған байланысты төтенше жағдайлар жөніндегі аудандық комиссияның отырысын өткізуге белсене кірісіп, түрлі ұсыныстар қойып, тұрғындарды аса қауіпті аурулардан аман-есен сақтауға аянбай атсалысты. Аудан әкімдігінің мәжілісі мен аудандық мәслихаттың сессияларында, өзге де үлкен мінберлерде сөз алып, өңірдің экологиялық, экономикалық және әлеуметтік – мәдени жағдайы туралы ұтымды пікірлер мен ұсыныстарын ашық айтты.
Осындай табандылықпен атқарылған қажырлы жұмыстар сол жылдары тиімді нәтижесін берді. Аудан халқы арасындағы түрлі жұқпалы аурулардың деңгейі 2 есе, сары ауру 3 есеге азайып, іш сүзегі, құрөзек, сал, тағы басқа індеттерді болдырмауға қол жеткізілді. Кезінде Тәкең Арал апат аймағындағы тұрғындарға беріліп келе жатқан 50 пайыздық экологиялық үстемені бекіттіру, «Арал-Сарбұлақ» тораптық су құбырын жеткізу жобаларының да жүзеге асуына өз үлесін қосқан азамат.
Сонымен бірге республикалық «Жасыл ел», облыстық «Тазалық», «Таза су», «Ауыл келбеті» бағдарламалары бойынша атқарған үлгілі жұмыстары үшін аудандық санэпидстанция ұжымы 2000 жылы облыстық санитарлық қызмет көрсету саласы бойынша «Озат мекеме» атанды. Тоқырау жылдарында күріш, бау-бақша егіп, түскен қаражат есебінен қызметкерлерге еңбекақы төленіп, материалдық-техникалық база нығайтылды. Жылу қазандығы, Отын қоймасы салынып, мекемеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ауласы көгалдандырылды. Әйтеке би әкімдігінің шешімімен «Үлгілі ұжым» бағамы берілді.
Тәкең уақыт талабына сәйкес Ресейдің Новокузнецк, Украинаның Запороже, Өзбекстанның Ташкент және Қазақстанның Алматы, Ақтөбе, Қарағанды қалаларында білімін жетілдірді. 2007 жылдың тамыз айында өткен жергілікті мәслихаттар сайлауында «Нұр Отан» партиясының атынан №15 Тәуке хан сайлау округіне қарасты Бозкөл, Қызылқұм, Тасарық және Ақжона ауылдық округі тұрғындарының қолдауымен аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланды. Халық қалаулысы өз сайлаушыларының әлеуметтік жағдайларға байланысты берген ұсыныстары мен өтініштеріне сергек қарауды, назардан тыс қалдырмады. Оның депутаттық қызметіне кездесулер мен аудандық баспасөз беттерінде жылы лебіздер арналды.
Аудандағы медицина жүйесінің өркендеуіне қажырлы еңбегімен аянбай қызмет еткен Темірхан Әбдіқадыров Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігінің, облыс әкімдігінің, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының, облыстық денсаулық сақтау департаментінің, облыстық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің алғыс хатымен және Құрмет грамоталарымен бірнеше рет мадақталды. 2001 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің «Алғыс хатымен» марапатталды. Қазақстан Республикасының «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Жоғарғы санатты ұйымдастырушы дәрігер» атағын алып, «Денсаулық саласына қосқан үлес үшін» медалін омырауына тақты.
Абырой биігінен көрінген жайсаң азамат отбасында ардақты әке. Зайыбы Қуантқан Күзембайқызы екеуі 4 бала тәрбиелеп, олардан 7 немере сүйіп отыр. Оның еңбекпен өрімделген өмір жолы кейінгілерге үлгі-өнеге.
Сахи ҚАПАР
15 маусым 2018 ж. 1 083 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 32

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930